Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар
Басты жаңалықтар

Бюджеттік нұсқадағы смартфондардың жаңа көшбасшысы: ZTE Blade V40 Vita смартфоны журналисті несімен таңғалдырды

Смартфондар нарығы жыл сайын дамып, жаңа модельдермен толығып келеді. Қазір дүкеннен кез келген бағада қалаған ұялы телефонды таба аламыз. Бірақ көпшілігі сапалы смартфон алу үшін қомақты қаржы жұмсау керек деп есептейді. Сондықтан болар, бағасы арзан телефон тез бұзылады немесе сапасыз болады деген ой қалыптасқан. Осы тұста сіздерді жаңа ZTE Blade V40 Vita смартфонымен таныстырғымыз келеді. Stan.kz тілшісі гаджетті бірнеше күн қолданып, сынақтан өткізді. Бұл уақытта ұялы телефон тек қуаты және мүмкіндіктерімен ғана емес, өз бағасына татитын артықшылықтарымен ерекше әсер қалдырды. 

зте

ZTE компаниясы туралы не білеміз?

Қытайлық ZTE Corporation компаниясы 1985 жылы құрылған. Компания телекоммуникация құрылғыларын өндіру бойынша Қытайда екінші орын алады. Сонымен қатар мобильді телефондар мен USB-модемдер де өндіреді. 2021 жылдың қорытындысы бойынша бренд әлемнің 160 елінде 100 миллионнан астам телефон сатты. 

Уақыт өте ZTE жаңа технологиялармен қамтылған модельдер легін сатылымға шығарды. Әйткенмен уақыт бір орында тұрмайды. Озық деген модельдің өзі бірер жылда ескіріп қалады. Сондықтан ZTE MWC 2022 көрмесі аясында қолжетімді бағадағы Blade V40 модельдерін ұсынды. 

Құны сапасына сай келетін ZTE Blade V40 Vita телефонын тілшіміз Назархан Уән бірнеше күн сынақтан өткізді. Бүгін тілшімізбен бірге жаңа бюджеттік нұсқадағы смартфонға шолу жасаймыз.

Қуат пен батарея

Blade V40 Vita моделі Android OS v11.0 бағдарламасымен жұмыс істейді, қажет болса оперативті жүйесін соңғы үлгіге дейін жаңартуға болады. Бюджетті нұсқадағы телефонға Unisoc T606 қуатты процессоры орнатылған. Жады 128 Гб, ал жедел жады 6 Гб. Маған телефонның қуатты болуы маңызды, себебі бұл қолданушыға түрлі мүмкіндіктер сыйлайды. 

Мен жұмыспен бірге оқуды да қатар алып жүрмін. Қазір магистратурада білім аламын. Сондықтан жұмыстың тең жартысы қолымдағы телефонмен байланысты. Себебі сабақ уақытында немесе үзіліс кезінде қашықтан жұмыс істеймін. Әрине, уақыт тығыз болғандықтан телефонның жылдам жұмыс істеуіне баса назар аударамын. Бұл тұста Blade V40 Vita көңілімнен шықты. Әлеуметтік желіні қолданғанда немесе материал дайындаған кезде смартфон жұмысында іркілістер байқалмады. Телефонның қуаты бірнеше қосымшаны қатар пайдаланғанда білінеді.

Сондай-ақ ұялы телефонға 4G мен гаджеттің қай жерде екенін көрсету үшін заманауи GPS-навигатормен жабдықталып, қажет бағдараламалар мен қосымшалар орнатылған. Стандартты қосымшалардан бөлек жұмысқа керекті немесе ойындарды жүктеп алуға болады. Дегенмен "ойын режимі" жоқ екен. Бірақ бұл смартфонмен танымал ойындарды ойнай алмайсың деген сөз емес.

зте

Өзім бос уақытта ойын ойнағанды ұнатамын. Сондықтан телефонды сынау үшін бірнеше танымал ойынды ойнап көрдім. Алдымен Asphalt 8 ойынынан бастадым. Графикасы көңіл қуантарлықтай. Келесі таңдау Call of Duty шутеріне түсті. Мұнда да смартфон өзін тек жақсы қырынан көрсетті. Телефон қызып кетпейді, сәйкесінше графика сапалы болады. Өйткені қазіргі смартфондардың көпшілігі қыза бастағанда ойынның графикасын автоматты түрде төмендетіп тастайды.

Blade V40 Vita-ның батареясының сыйымдылығы 6 000 mAh (милиампер сағатына). Арзан бағадағы смартфон үшін бұл керемет қосымша дер едік.

Айтып өткенімдей жұмыстың арасында сабаққа барамын, университет пен кеңсе ортасында жүргенде кейде телефонды қуаттауды ұмытып та кетемін. Бірақ Blade V40 Vita смартфонымен мұндай мәселеге тап болмадым. Телефонның толық қуаты 2 тәулікке емін-еркін жетті. Бұл күндерле жұмыс та істедім, ойын да ойнадым. Кешкі уақытта сергіп алу үшін көркем фильм де көрдім. Меніңше, смартфонның процессоры көп қуатты қажет етпейді. Сондықтан қуаты ұзақ мерзімге жетеді.

Айта кетері, телефонның қорабында 22,5 ваттық қуаттағышы мен USB-кабелі болды. 100%-ға дейін смартфонды 1,5 сағатта қуаттай алады. 

Сырт келбеті мен дизайн

ZTE Blade V40 Vita смартфонының корпусы пластиктен дайындалған. Бір қарағанда өзге қытайлық өндірушілердің смартфонын еске салады. Пластик болғанына қарамастан телефонның корпусы берік. Айта кетері, Күн сәулесі секілді дайындалған айрықша текстура телефонды қолға алғанда бірден көзге түседі. Бұл смартфонға стиль мен ерекшелік береді.

Ұялы телефон көлемді, бұған қарамастан қолға ұстағанға ыңғайлы. Дизайнының артықшылығы да осы сияқты. Сонымен қатар телефонды бұғаттауға арналған батырмаға саусақ ізімен ашуға арналған датчик орнатылған. Сәйкесінше батырманы басқанда телефон бірден ашылады.

зте

Дисплей мен камера 

Смартфон диагоналі 6,745 дьюм болатын IPS-сенсорлы дисплеймен қамтылған. HD+ немесе 1 600*720 пиксель рұқсаттамасы бар. Смартфон экранының сезімталдығы да менің көңілімнен шықты. Әрі мультитач технологиясы туралы да айтпай кетпеске болмас.

Телефонды қолдану кезінде дисплейдің сезімталдығы таңдандырмай қоймады. Экран суреттер мен бейненің реңін еш өзгеріссіз береді. Кейде автобуста тұрғанда немесе метрода кітаптардың электронды нұсқасын оқимын. ZTE Blade V40 Vita-мен Стив Джобстың кітабының электронды нұсқасын бастадым. Тағы бір артықшылығы дисплей сәулесі көзді шаршатпайды екен. Бұл телефонмен ұзақ уақыт жұмыс істеу кезінде де пайдасын тигізеді.

Бюджеттік нұсқадағы смартфонға иесінің бет-әлпеті арқылы бұғаттан ашу технологиясы орнатылғаны мені таңдандырды. Бет-әлпетті тіркеу көп уақытты алмады және телефонды ашу кезінде қандай да бір кідірістер байқалмады. Бірер секундта-ақ бұғаттан ашып, жұмысқа кірісе бересің.

зте

ZTE Blade V40 Vita смартфонымен түнгі түсірілім

Жұмыс бабымен суретке көп түсіретіндіктен, смартфонның камерасы барлық сенімді ақтады. ZTE Blade V40 Vita-ның негізгі камерасы 48 мегапиксель, ал алдыңғы камерасы 8 мегапиксель.

Әлеуметтік желіні белсенді қолданамын, сондықтан ең алдымен камерасына назар аударамын. Әсіресе, журналистер үшін камера үлкен маңызға ие. Өйткені шұғыл оқиғаның ортасына тап болғанда, кәсіпқой фотокамераның орнына телефон көмекке келеді. Егер камерасы сапалы сурет түсіруге мүмкіндік берсе, бұл журналистің уақытын үнемдеп, жұмысын жеңілдетеді. Телефонды сынау кезінде негізгі камера өзін жақсы қырынан көрсетті. Мұнда суретке түсіруге арналған 14 режим бар. Соның ішінде "Боке" мен "Про" және "Портрет" режимдеріне ерекше тоқталғым келіп тұр. Мәселен, "Боке" режимі арқылы камераның диафрагмасын қалауыңызша өзгертіп, 2 метр қашықтықта орналасқан нысанды анық түсіруге болады. Ал "Портрет" режимімен өзіңіздің немесе жақындарыңыздың сапалы суретін жасай аласыз.

зте

ZTE Blade V40 Vita смартфонымен күндізгі түсірілім

“Про" режимін қолданып, түнгі қаланы суретке түсірдім. Нәтижесі көңілімнен шықты. Қажетті баптауларды енгізіп, диафрагма мен ISO-ны өзгертіп, бірнеше сапалы сурет жасадым. Баптаулары флагмандық смартфондардан қалыспайды. Сондықтан сапалы сурет түсіру үшін телефонның бюджеттік нұсқада болуы еш кедергі келтірмейді деген ой түйдім. Ал "Про" режимімен жұмыс істеуді енді үйреніп жүрсеңіз, телефонға енгізілген автофокус көмекке келеді.

Blade V40 Vita-ның негізгі камерасымен Full HD форматында видео түсіруге болады. Дегенмен сапасы көңіл көншітеді деп айтуға келмейді. Қолымызда бюджеттік нұсқадағы смартфон екенін естен шығармаған жөн. 

Қорыта келе, ZTE Blade V40 Vita смартфонының қуатты процессоры, батареясы мен камерасы нарықтағы бәсекелестерінің жанында басты артықшылығы бола алады деп сеніммен айта аламыз. 

Айта кетейік, ZTE Blade V40 Vita телефонын Sulpak дүкендер желісінен сатып алуға болады. Смартфонның бағасы небәрі 94 990 теңге және клиенттерге екі түсте (қара мен жасыл) ұсынылған.

Видеоның толық нұсқасын мына сілтемеден көре аласыз. 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 20 Наурыз, 2023 12:24
Талқылау