Зорландым деген медбикенің әкесі: Кінәлі болмаса, неге кешірім сұрады (видео)
Шымкентте бір ауруханада еңбек ететін дәрігер жұмыс орнында зорлады деген медбикенің әкесі өз шындығын айтты, деп хабарлайды Stan.kz өңірдегі тілшісі.
Бұл туралы жәбірленуші келіншектің әкесі "Не молчи.KZ" қозғалысы өкілдерінің ұйымдастыруымен Шымкентте өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.
Бұл жиынға айыпталушы дәрігердің туысы да арнайы келіпті. Ол жәбірленуші туыс інісі зорлық көрсетпек болғанда неге қарсылық көрсетпеді деген сұраққа жауап іздеді. Бұл сұраққа жауап берген келіншек ер кісіге шамасы келмегенін айтты.
Дәрігердің ағасы да тілшілер сұрағына жауап беріп, айыпталушы тергеу кезінде неліктен өз әрекетін мойындады деген сауалға өзі де таң болғанын, бәлкім оны мәжбүрлеп мойындатқан болу керек деген болжамын да жасады.
Ал медбикенің әкесі оған былай деп сұрақ қойды:
«Алғашында іс жабылады, кейін қайтып көтеріледі. Сол кезде бас дәрігермен бірге бес адамның көзінше кешірім сұрады. Егер істемеген болса, неге менен кешірім сұрайды?.. Одан бері қаншама ай өтті. Мақұл, қызым жала жауып отыр делік. Неге шағым түсірмейді (айыпталушы тарап:автор) сонда? Сотқа неге бермейді? Соттан шыққанда ініңнен «қызым жала жапты ма?» деп сұрадым. «Жоқ» деді де сыртқа қарай қашты... Ашық сот өткізейік деп екі рет арыз жаздық, екеуінде де бас тартылды. Егер қызым жала жауып отырса, неге сендер ашық соттан қаштыңдар? Адвокаттарың да осы сұраққа жауап бере алмады...»,-деді медбикенің әкесі.
"Не молчи.KZ" қозғалысының көшбасшысы Дина Смаилова сот отырысының видео жазбаларын медбикенің алғанын, алайда сот үкімі шыққан күннің ертеңіне медбикенің жұмыс кабинетіне астан-кестеңі шығып, екі жұмыс компьютері аурухана қақпасының сырт жағынан табылғанын да тегін емес деп отыр.
Айта кетейік, бұл баспасөз мәслихаты жәбірленуші тараптың сот үкімімен келіспеуіне байланысты ұйымдастырылды. Олар енді апелляциялық шағым түсірмек. Нәтиже шықпаса, Жоғарғы сотқа шағымданады. Егер ол жақтан да нәтиже болмаса, халықаралық соттан араша сұрауға бекініп отыр.
Естеріңізге сала кетейік, медбикенің сөзінше оны әріптес нефролог-дәрігер жұмыс кабинетінде зорлаған. Бұл оқиға сәуір айында орын алған. Алайда алғашында іс қылмыстық құрамының болмауына байланысты тоқтатылып, кейін қайта көтерілді.
Келіншек зорлық-зомбылықтың құрбаны болғандарға араша болып жүрген "Не молчи.KZ" қозғалысынан көмек сұраған соң резонансты оқиға көпшілікке белгілі болды.
21 қазан күні айып тағылған дәрігердің сот үкімімен кінәсіз деп танылғаны хабарланды. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.