Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда қандай мамандықтар бойынша бөлінетін гранттар саны екі есеге қысқарады?

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Қаринова жоғары оқу орындарында туындайтын бірқатар мәселелер мен алдағы уақытта қандай өзгерістер күтіп тұрғанын айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Болашақта ЖОО-ларда қай мамандықтар жаңадан қосылады?

Қаринованың айтуынша, жалпы жоғары оқу орындары білім саласындағы заманауи трендтерді ескере отырып, білім беру бағдарламаларын жаңартады. Білім беру бағдарламаларын әзірлеуде және жаңарту барысында Қазақстандағы жаңа кәсіптер атласы ескеріледі.

“Атластың негізгі мақсаты - қазіргі мамандықтарды талдау, өзгеріп және жойылып бара жатқан мамандықтарды ескере отырып, өзекті болатын, еңбек нарығында трендке айналатын мамандықтар мен дағдыларды айқындау. 

Мысалы, аналитик-технолог, үлкен деректерді өңдеу бойынша аналитик, ұшу аппараттарына арналған отын жөніндегі химик, химиялық инжиниринг технологы, көмір өңдеу жөніндегі химик-технолог, биоэнергетик, энергомәдениеттердің агрономы және тағы басқа жаңа мамандықтарды қосу туралы ой бар”, – дейді вице-министр. 

Алдағы уақытта қандай мамандықтарға мемлекеттік білім гранттары аз бөлінеді?

Вице-министр білім беру жүйесін қайта қалыптастыруда техникалық кадрлар даярлауға басымдық беру қолға алынғанын атап өтті. Оның ішінде "Болашақ" президенттік бағдарламасы негізінде техникалық мамандықтар бойынша мамандар даярлауға, оның ішінде Ресейдің жетекші техникалық жоғары оқу орындарының санын көбейту ұсынылды. 

“Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша техникалық мамандардың санын арттыру мақсатында даярлау бағыттары арасында квота қайта бөлінді. Атап айтқанда, тарихи арақатынас техникалық мамандардың үлесін небәрі 36% (гуманитарлық – 55%, медициналық – 7%, шығармашылық 2%) көрсетеді.Енді техникалық мамандықтардың үлесін 60% (гуманитарлық – 28%, медициналық 8%, шығармашылық 4%) дейін арттыру ұсынылуда”, – дейді вице-министр. 

Инженерлік-техникалық мамандықтарды дайындаудағы негізгі қиындықтар: шет тілін нашар білу, орыс тілді үздік ЖОО-лар санының аздығы, оқу бағдарламаларының қазақстандық өнеркәсіпке сәйкес келмеуі.

Даярлаудың техникалық бағыттарына бөлінетін жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған гранттар саны ұлғайтылатын болады. Осылайша, кадрлар даярлауға мемлекеттік тапсырыс үлесі 40% - дан (21 мыңнан астам грант) 60% - ға дейін (40 мыңнан астам грант) көбейтіледі. 

Бұл ретте өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын, ұлттық жобалардың көрсеткіштерін ескере отырып, ел экономикасының салалары үшін кадрларға қажеттіліктің орта мерзімді болжамы ескеріледі. Кадрларға ең жоғары қажеттілік инженерлерде байқалуда (шамамен 47 мың адам).  

Осылайша, еңбек нарығының қажеттілігіне сәйкес техникалық кадрлардың қажетті санын даярлау қамтамасыз етілетін болады.

Не себепті "Болашақ" халықаралық стипендиясы тағайындалатын ресейлік университеттер саны көбеюде? 

Бұған дейін БАҚ беттерінде әлем елдерінің ресейлік жоғарғы оқу орындарының дипломдарын жарамсыз деп танып жатқаны туралы ақпарат таралған. Осыған орай қазақстандықтар “Болашақ” бағдарламасы бойынша ресейлік университеттер тізімін кеңейту қаншалықты орынды деген пікір айтқан. Алайда білім министрлігінің бұл жайында айтары басқа. Вице-министрдің сөзінше, "Болашақ" халықаралық стипендиясы шеңберінде білім алуға болатын университеттер тізімінің Ресейдің  жоғары оқу орындарымен толыққаны қазақстандық түлектерге университет таңдау мүмкіндігін одан әрі ұлғайтып, техникалық бағыттар бойынша білім алудың қолжетімділігін арттырады.

“Яғни, ниет білдірген студенттер үшін университет таңдау жасауға қосымша лайықты балама пайда болады, сонымен бірге бұл тілдік кедергісі бар студенттерге техникалық білімін нығайтуда қосымша мүмкіндік. Жалпы алғанда тізімде әлемнің 27 мемлекетінің 200-ден астам үздік университеті бар. Қазақстандықтарға мемлекетпен қатар жоғары оқу орнын таңдаудың үлкен мүмкіндігі ұсынылып отыр”, – дейді ол. 

“Докторанттар диссертация қорғау үшін 600-800 мың теңге төлеп, мақала жариялауға мәжбүр” 

Вице-министрдің дерегінше, қолданыстағы Дәрежелер беру қағидаларының 6-тармағына сәйкес Clarivate Analytics компаниясының Journal Citation Reports деректері бойынша нөлдік емес импакт-факторға ие немесе Web of Science Core Collection деректер базасында (Arts and Humanities Citation Index, Science Citation Index Expanded, Social Sciences Citation Index бөлімдері) индекстелетін басылымдарда мақалалар жариялау жас ғалымдардың халықаралық ғылыми бірлестікте өзін көруі және өз жолын таңдауына мүмкіндіктер береді.

“Мұндай талап бәсекеге қабілетті ғалым-мамандар даярлауға қажеттіліктен туындаған. Егер жас ғалымдардың ғылым жолындағы бастапқы қадамдарында әлемдік ғылыми бірлестікте әріптестері сілтемелер жасаған ғылыми еңбектері болса, жас ғалымдарымыздың адами зияткерлік капиталының сапалы өскені туралы айтуға болады. Сонымен қатар, халықаралық танымал журналдар базасында  практикалық  құндылығы жоғары деңгейде орындалған ғылыми мақалаларды тегін жариялайтын және жоғары көлемде гонарар төлейтін журналдар да жеткілікті. Осындай журналдарда мақалалары жарық көрген докторанттарымыз бар”, – дейді вице-министр. 

Барлық жоғарғы оқу орындарында Clarivate Analytics компаниясының Journal Citation Reports деректері бойынша нөлдік емес импакт-факторға ие немесе Scopus базасына қолжетімділік тегін, осы базалармен дұрыс жұмыс жүргізіп үйрену керек, сырын толық меңгерген жас ғалымдар үшін ғылыми еңбектерін тегін жариялайтын мүмкіндіктері мол. 

Осы талаптарды меңгеру арқылы ғылымға келген жас ғалым ғылым жолындағы қиындықтардың қыр-сырын толық меңгереді және ғылым жолындағы өз деңгейін анықтайды  деген сенім білдіреміз.

Талқылау