Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Алтын глобус — 2026": жұлдыздардың ең сәтті және ең сәтсіз образдары

Майли Сайрус пен Селена Гомес Алтын глобустаФото: https://www.instagram.com/goldenglobes

Лос-Анджелес төріндегі Beverly Hilton қонақүйінде “Алтын глобус – 2026” сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Дәстүрге сай, кеш жұлдыздардың қызыл кілемге шығуынан басталып, ең көп талқыланған тақырыптардың біріне айналды. Stan.kz ең сәтті образдарды, сәндегі батыл эксперименттерді және пікірталас тудырған киімдерді жинақтады.

Биыл қызыл кілемде барқыт маталар, ұзын шлейфтер, корсеттік сұлбалар басым болды. Түстер палитрасы ұстамды: қара, сүт түстес, шампань мен күмістің реңктері.

Стилисттер мен сән сыншыларының айтуынша, 2026 жылы жұлдыздар трендтен гөрі даралыққа көбірек мән берген. Әр образ сәнге ілесудің емес, жеке бір тарихтың көрінісіндей әсер қалдырды.

Голливудтың сүйіктілері

Ең көп талқыланған образдардың қатарында Селена Гомес пен Деми Ловато болды. Екі әнші де көңіл күйі мүлде бөлек стильді таңдаған: Селена – классикалық Голливудқа сілтеме жасаса, Деми – батыл әрі заманауи бағытты ұстанды. Олардың сахнаға шығуы әлеуметтік желілер мен сән шолуларында қызу талқыланды.

Тимоти Шаламе Голливудтағы ең стильді ерлердің бірі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Актер мінсіз пішілген қара костюммен көрініп, минимализм мен талғамды таңдады.

Сәтсіз эксперименттер

Сәндік қателіктер де назардан тыс қалған жоқ. Кейбір образдар тіпті ең төзімді fashion-сарапшылардың өзіне сұрақ тудырды.

Дженнифер Лоуренс күрделі пішім мен гүл элементтері бар көйлек таңдады – бұл эксперимент көрермендерді екіге бөлді.

Паркер Поузи де пікірталас ортасында қалды: күтпеген бөлшектері бар образы кештегі ең даулы образдардың бірі деп аталды.

Сондай-ақ Мила Кунис, Сара Снук, Белла Рамси және басқа да жұлдыздардың киімдері жұртшылық арасында түсінбеушілік тудырып, әлеуметтік желілерде кеңінен талқыланды.

Жарқырау мен гламур

Жылтыр маталар кешке айрықша басымдық берді. Нәзік жылтыраудан бастап нағыз гламурға дейін – жылтырақ пен металданған фактуралар қызыл кілемнің әлі де әсерлі мәлімдемелер алаңы екенін көрсетті.

Әсіресе күміс және жұмсақ алтын түстес образдар көзге түсті: олар салтанатты, бірақ артық ауырлықсыз көрінді.

Лаконикалық қара

Қара түс кештің басты таңдауы болды. Бұл түспен Ариана Гранде, Тейана Тейлор, Дженна Ортега шықты – әрқайсысы классиканы өзінше интерпретациялады: көлемді сұлбалардан бастап батыл ойықтар мен ашық сызықтарға дейін.

Биыл қара түс әртүрлі қырынан көрінді: бірінде – салмақты әрі аристократиялық, екіншісінде – арандатушы әрі батыл.

Ұстамды элеганттылық

Эмма Стоун шампань реңкіндегі көйлекті таңдады – алтын мен жұмсақ сарының арасындағы жылы, нәзік түс.
Джордж Клуни классикаға адал болып, мінсіз смокингпен көрінді – бұл мәңгілік голливудтық стильдің үлгісі.

Памела Андерсон минимализм мен табиғилыққа басымдық берді.

Ал Аманда Сейфрид қызыл кілемге талғаммен таңдалған, артық әшекейсіз, әдемі кешкі образбен шықты.

“Алтын глобус – 2026” жеңімпаздары

“Хэмнет" фильмі “Алтын глобус” премиясында “Ең үздік драмалық фильм” номинациясын жеңіп алды. 83-ші марапаттау рәсімінің видеожазбасы “Алтын глобус” YouTube-арнасында жарияланды.

Режиссер Хлои Чжаоның фильмі Мэгги О’Фарреллдың аттас кітабы бойынша түсірілген. Фильм ағылшын ақыны Уильям Шекспирдің отбасы тарихын баяндайды, әсіресе оның 11 жасар ұлы Хэмнеттің оба салдарынан қайтыс болуын көрсетеді.

Марапатқа сонымен қатар Гильермо дель Тороның “Франкенштейн”, Джафар Панахидың “Бұл жай кездейсоқтық болды”, Клебер Мендонса Фильоның “Құпия агент” және Йоахим Триердің “Сезімтал құндылық”, сондай-ақ Райан Куглердің “Кінәлілер” фильмдері де ұсынылды.

Чжао драмалық фильмдегі үздік режиссер номинациясында жеңіске жетіп, сондай-ақ “ең үздік сценарий” номинациясына да ұсынылды.

Сонымен қатар, Шекспирдің әйелі Агнес рөлін сомдаған актриса Джесси Бакли “Ең үздік әйел рөлі” номинациясын жеңіп алды, ал түсірілім тобының әріптесі Пол Мескал “Екінші жоспардағы ең үздік ер рөлі” номинациясына ұсынылды.

Басқа номинациялар бойынша жеңімпаздар:

  • Пол Томас Андерсонның “Битва за битвой”: “Ең үздік музыкалық немесе комедиялық фильм”;

  • Мэгги Кан мен Крис Аппельханстың “Кейпоп – шайтан аулаушылар”: “Ең үздік анимациялық фильм”;

  • Клебер Мендонса Фильоның “Құпия агент”: “Ағылшын тілінен басқа ең үздік фильм”;

  • Вагнер Моура “Құпия агент” фильмінде: “Ең үздік ер рөл (драма)”;

  • “Питт” – Джон Камерон, Джон Уэллс және басқалар режиссерлік еткен: “Ең үздік телехикая”;

  • Пол Томас Андерсон: “Битва за битвой” фильмінде “Ең үздік режиссер” және “Ең үздік сценарий” номинацияларында жеңіске жетті.

Айта кетейік, бұған дейін “Аватар” картинасында “Нейтири” рөлін сомдаған Зои Салдана кино тарихындағы ең табысты актриса атанғаны хабарланған еді.

Балнұр Жұмаділла
Сейсенбі, 13 Қаңтар, 2026 13:47