Зират басында кездескен: Ақтөбеде мектеп оқушылары тағы төбелес шығарды
Ақтөбеде мектеп оқушылары бұл жолы жастар зират басында кездескен. Жаға жыртқысқандардың арасында қаладағы 4 мектептің жоғары сынып оқушылары мен өңірдегі білдей университеттің шәкірті де бар.
Таяқ жеп, пышақталған студент ауруханада жатыр. Дәрігерлер оның мүгедек болып қалуы мүмкін екенін айтып, алаңдап отыр. Қаладағы жастар неге пышаққа үйір? Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
«Оқиға куәгерлері төбелестің осы маңда болғанын айтады. Зардап шеккен оқушы қансыраған күйі өзі оқып, бітіріп кеткен мектебіне келеді. Алайда, мектептегілер жедел жәрдем шақырмаған. Әкесінің айтуынша, ол осы жерден таксиге отырып, ауруханаға кеткен»
«Балам қашып, школға барған ғой, мұғалімдер әйтеуір такси шақырған. Үйде жұмыс істеп жатқан бала ғой, разборка ма, төбелеске шақырған ғой. Теуіп, дымын қалдымай, пышақ тығып, столовое пышағын тыққан, жүрекке 1 см қалған. Бір ажалдан қалды. Келді, бәрі келді. Балаң өлген жоқ ғой дейді. Обязательно өлу керек па?» – дейді зардап шеккен студенттің әкесі Нұрлан Теңелов.
Білім ошағындағылар болған жайттан тіпті хабарымыз жоқ деп бастарын ала қашты. Төбелес шығарғандардың арасында біздің оқушыларымыз болмаған, дейді ұстаздар. Ал жарақат алып, көмек сұрап келген түлекті көрмепті. Дәрігерлер студенттің беті бері қарағанымен, қолынан мүгедек болып қалуы мүмкін екендігін айтып отыр. Өйткені, пышақ иық тұсынан өтіп, жүйкесін зақымдаған.
«Пышақ жарақатымен жасөспірім түсті. Сол жақ иығынан өтіп, кеуде тұсын зақымдаған. Нерв талшықтарына тиген. Дереу операция жасадық, зақымдалған теріні тіктік. Жағдайы бірқалыпты. Нерв зақымдағаннан кейін, сол қолының саусақ бастарының қимылдауы қиын, мүгедек болып қалуы мүмкін» – дейді нейрохирург Сослан Өтегенов.
Зират басындағы төбелеске қаладағы 4 мектептен 40 шақты оқушы қатысқан. Ал күдікке ілінген шәкірт ескі қаладағы білім ошағында оқиын болып шықты. Қазір сабаққа қатысып жүр екен. Ұстаздары оны жамандыққа қимайды. Әлі кінәсі дәлелденбегенін, 11-сыныптың оқушысы болашақта полицей болуды армайтынын айтты.
«Біздің оқушы кінәлі емес. Тек балалардың қасында сөйлесіп тұрдым, деді. Ондай болғанын білген жоқпын, балалар қашқасын , солармен бірге қаштым деді. Оның қалтасында пышақ болмаған. Сонымен қатар, өз мамандығы бойыша милиция қызметкері болғысы келеді» – дейді №22 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Назгүл Сартаева.
«13,15,22 және 32-мектептің оқушыларының арасында төбелес болған. Негізі бұл төбелестің неден басталғаны әлі толық белгісіз. Қылмысьық іс қозғалды. Қазіргі таңда “Адамға дене жарақатын салуға” қатысты бір іс, сосын “ұсақ бұзақылық” бойынша қозғалды» – дейді қалалық білім бөлімі басшысы Саят Сүлейменов.
Ақтөбелік оқушылардың пышаққа үйір екені аз айтылып жүрген жоқ. Тіпті, өткен жылы кәмелетке толмаған Азат Дүсіповті пышақтап өлтірген «Алтын белгі» иегері 9 жылға сотталып кеткен болатын. Ал жылдың соңында мақтаулы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернаттың оқушылары да төбелесіп, арты пышақтасуға ұласып, бір оқушы ауруханаға түскен еді. Алайда, осы оқиғалардың өзі өзгелерге сабақ болатын емес.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
