Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Талабымызды орындамаса, митингіге шығамыз": Маңғыстаулық шаруалар жанайқайын жеткізді

Былтыр жұттан малы қырылып, жаппай шығынға ұшыраған Маңғыстау облысының шаруалары үкіметке талаптарын айтып, төрт түлікті аман алып қалуда көмектесулерін сұрап жатыр. 30 жыл бойы билікке қол жаймай келдік деген олар талаптары орындалмаса, 2 ақпанда бейбіт митингке шығатындарын мәлімдеді. Осы орайда Stan.kz тілшісі шаруалардың талаптарын тыңдады.

жұт

Маңғыстау облысының шаруалары аймаққа вице-министр Роман Скляр мен ауыл шаруашылық министрі Ербол Қарашөкеев келсін деп отыр. Себебі қараша айынан бері жергілікті биліктен көмек сұраған олар әрі қарай әкімдіктің сылтауына сене алмайтынын жеткізді. 

"Қазір аймақта жемнің бір келісі 100-120 теңге, шөптің бір орамы 18 000 мен 20 000 мың теңгенің аралығында, ал түгі 1 400-1 700 теңге аралығында. Біз осылардың бағасын 50-60%-ға арзандатса дейміз. 12 қарашада алғаш рет облыс әкіміне бардық. Әрі қарай мал бағатын мүмкіндік қалған жоқ. Төрт түлік қорада тұр", –  деп мәлімдеді Әділбек Сағындықов. 

Шаруаның сөзінше, қазір аймақта төрт түліктің тек 30%-ы ғана қалған. Енді үкімет қалған малымызды қыстан алып шығуға көмектессе дейді. 

"Көп бөлігі жұтта қырылды. Біразын басқа облыстарға көшірдік. Келесі бөлігін саттық. Сатқан мал қайтып келмесі анық. Жылқының көп бөлігі жұтқа шыдамады. Енді түйелер де шетінен өліп жатыр. Көбі іш тастады, бота тастады. Малымыз арық. Маңғыстаудың қысы ақпан айында басталады. Ал одан кейінгі наурыз айы өте қауіпті. Ата-бабамыз наурыз айын "жуанның жіңішкеріп, жіңішкенің үзілетін кезі" деп атаған. Шынын айтқанда бізде семіз мал қалмады. Демек барлығы "үзіледі" деген сөз", – деп қосты шаруа. 

Әділбек Сағынтаев жергілікті үкіметтен көмек жайлы сұрағанда шөпті басқа облыстардан алдыру және жол шығыны туралы айтады дейді. Бос сылтауға тойдық деген шаруа Маңғыстаудың өзінде жем-шөптің жеткілікті екенін мәлімдеді. 

"Ала жаздай операторлар Орал, Ақтөбе, Қостанайдан шөп алдырды. Үкімет бұл кезде 0,01 пайызбен несие берген. Мал азығын алып келгенімен, құны қалта көтертпейді. Мысалы, менің шаруа қожалығымды шөп әкелген оператор жалға алып отыр. Бірақ орама шөп бағасы 18 500 теңге. Өзім Жыңғылды ауылында тұрамын. 2 000 орам бар әзірге. Дегенмен мұны сатып алатын шаруа саусақпен санарлық. Себебі қаражат жоқ", – дейді Әділбек Сағынтаев. 

Шаруа өзі де жүк көліктерімен келісіп, өзге облыстардан шөп әкелгенін айтады. Қазір сол жем-шөпті сатады. Ал бағасы өзгелерден қарағанда арзанырақ екенін мәлімдеді. 

"Жүк көліктері орамын 16 500 теңгеге, түгін 1 400 теңгеге әкелді. Барлығы 90 жүк көлігі шөп алып келді. Олар әлі де тасымалдауда. Сәл де болса арзан. Шаруалар содан алады. Халықта қаржы жоқ. Біз мал азығының бағасын төмендетуді сұраймыз. Әйткенмен, Маңғыстауда мал қалмауы мүмкін", - дейді ол. 

Маңғыстауға басқа облыстан мал әкеліп, жерсіндіруге келмейді дейді. Егер қазіргі "адай" жылқылары сынды тұқымдар таусылса, басқаша көбейту мүмкін емес екен. 



"Өзіміздегі "адай" жылқылары төзімді келеді. Шөп жоқ кезде аз бөлігі аман қалды. 30 жылда үкіметтен ештеңе сұрамай келдік. Субсидия алмағандықтан малымыз еш жерде тіркелмеген. Малдың төзімімен осы күнге дейін өсіріп келдік. Ал былтыр шөп аз болды. Шаруаларға оңайға соқпады", – дейді шаруа. 

Маңғыстау тұрғыны аймақта қар да, жауын да аз болатынын айтады. Оның сөзінше, өңірде жаңбыр тек 15 наурыз бен 10 сәуір аралығында жауады екен. Егер жауын жақсы болса, шөп те бітік шығады. 

"Көктемдегі жауыннан кейінгі шөп төрт түлікке жаз бойы азық болады. Бұдан кейін тамыз бен қыркүйек айында 1 ай жауын жауады. Мұны "күздік" деп атаймыз. Осы екі рет жауған жауын малды асырауға жетеді. 

Сонымен қатар көктемде шығыстан көтерілген жел қыстан кейінгі ылғал жерді кептіреді. Сондықтан қарға да сенім артпаймыз. Былтыр жауын болмағандықтан жұтқа ұшырап отырмыз", – деп қосты Әділбек Сағынтаев. 

Шаруа алдағы көктем жауынсыз өтсе жұттың қайталануы мүмкін екенін айтады. соның салдарынан басқа облысқа көшуімізге тура келеді дейді ол. 

"Өткен жылғыдай жаңбыр жаумаса, тағы жұтқа ұшырайтынымыз анық. Жауын-шашынға тікелей ағаштар әсер етеді. Алайда бізде ағаш жоқтың қасы. Бұл мәселені қолға алып, үкімет көңіл бөлсе дейміз. Қала ішіне шырша егеді, бірақ ол ыстыққа шыдамайды. Бірден қурап кетеді. Қара ағаш егуді міндетті етіп енгізсе, жұттың алдын алуға болады. Бұдан бөлек қолдан жаңбыр шақыру технологиясын пайдаланса, бұл да пайдалы болар еді. Сонда мал да көп қиындық көрмейді. Маңғыстауда мал шаруашылығы кенже қалған сала. Дегенмен жерімізде көңіл бөлсе төрт түлік азығын да өсіруге болады. Мәселен, Бейнеуде диірмен салды. Бірақ қазір жұмыс істемей тұр. Тым болмаса диірменді іске қосып берсе, ұнымыз бен жемді дайындауға мүмкіндік болар еді", – деп аяқтады Әділбек Сағынтаев. 

Айта кетейік, бұған дейін маңғыстаулық шаруалардың жем-шөп бағасын төмендету жайлы талап қойғанын хабарлаған едік. 

Талқылау