Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмыстың орнына тұрмысқа шыққан: ЕҰУ түлегі білім грантын өтемеген үшін 2,5 миллион теңге төлеуі тиіс

Нұр-Сұлтан қаласындағы Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің түлегін оқу грантын еңбек етіп өтемегені үшін сотқа тартқан. Енді Регина Турдиева есімді Алматы тұрғыны мемлекетке екі жарым миллион теңгені қайтарып беруі тиіс. Заңда көрсетілгендей білім грантының иегерлері ЖОО-ны бітіргеннен кейін мемлекетте үш жылдан кем емес уақыт еңбек етуі міндетті. Бірақ Регина Турдиева университет бітіргеннен кейін тұрмыс құрып, балалы болғандықтан жұмыс істемеген. Сол себепті университет тарапы өзінің түлегін сотқа беріпті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап. 

Ену

 

Мемлекет пен студенттің арасындағы келісімшарт бойынша Регина елімізде жұмысқа тұрып, үш жыл грантты өтеуі тиіс болған. Алайда ол ерте күйеуге шығып, балалы болыпты. 

"Мен университетте біздің топқа жауап беретін кісіге хабарласып, оған жағдайымды түсіндірген болатынмын. Ол маған жүктілігін туралы құжат тапсыру керектігін айтты. Жүкті болсаң, білім грантын еңбекпен өтеу қажет емес деп айтты. Мен сол кезде таңқалған едім. Баламды босана салып, қажетті құжатты жібердім", - дейді Регина Турдиева. 

Алайда екі айдан кейін оны сотқа шақыртыпты. Жаңа босанған азаматша университет комиссиясына құжатты өткізбеген болып шыққан. Нәтижесінде сот бойжеткенге 2,5 миллион теңгені кері қайтару тиіс деген үкім шығарыпты. Бұл сомаға грантты өтемегені үшін тағайындалған айыппұл мен осы уақытқа дейінгі өсім кіріпті. 

Ең қызығы, бойжеткен өзінің қолын біреу құжатқа қойып жіберген деп отырған көрінеді.  

"Анықтамаға 18 шілде күні қол қойылған. Бірақ мен ол кезде мүлдем басқа жақта болдым. Құжатта қойылған қолтаңба менікі емес. Біреулер менің қолымды өздері қойған", - деп шағымданды Регина. 

Қазір сот Регинаға 10 күннің ішінде ақшаны қайтаруы тиіс деген тоқтамға келген. Алайда жас ана менің берерім жоқ деп отыр. Сөзінше, ол өзінің құқығын қорғайтын адвокатқа жүгінуге ақша жинап жатыр екен. Ол үшін баласының төсегін сатуға тура келіпті. 


 

STAN.KZ
Жұма, 07 Ақпан, 2020 11:04
Талқылау