Қазақстандықтар жұмыстан шығып қалғанда берілетін әлеуметтік төлемді қалай ала алады?
Қазақстандықтар жұмыстан шығып қалған жағдайда Enbek.kz порталына жұмыссыз ретінде тіркеліп, әлеуметтік төлем ала алады. Бұл төлем Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жиналған қаражаттан төленеді. Stan.kz ақпарат агенттігі жұмыстан шығып қалғанда қалай жәрдемақы алуға болатынын шолып шықты. Нақты қадамдармен түсіндіреміз.
Коллаж: Stan.kz
Жұмыстан шығып қалғанда берілетін әлеуметтік төлем қайдан төленеді?
Мемлекет Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына жиналған қаражатты азаматтарға жұмысынан айырылған жағдайда әлеуметтік төлем ретінде төлеуге пайдаланады. Ай сайын барлық жұмыс беруші еңбек шарты жасалған қызметкерлер үшін қорға әлеуметтік төлемдер аударуға міндетті.
Жердемақы тағайындаудың шарты қандай?
Жердемақы тағайындау шарттарының ішіндегі ең маңыздысы — өтініш берушінің міндетті сақтандыру жүйесінің қатысушысы болуы. Ең әуелі бұл әлеуметтік төлемді жұмыссыз ретінде тіркелгенге дейін 24 айдың кемінде 6 айында әлеуметтік аударымдар төленген азаматтар ала алады. Әрі қарай тіркелу, өтініш беру – бәрі электронды цифрлық қолтаңба көмегімен онлайн жасалады.
Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алу жолы
1-қадам. Ең әуелі жұмыссыз ретінде тіркелуіңіз керек. Ол үшін enbek.kz порталына тіркелу қажет. Ал ол үшін электронды цифрлық қолтаңба керек.
2-қадам. Тіркелгеннен кейін түйіндемеңізді егжей-тегжейлі толтырыңыз. Ол үшін "Жеке кабинет" бөліміне кіріп, сол жердегі "қосу" түймесін басыңыз.
3-қадам. Түйіндемеңізді толтырғаннан кейін жұмыс іздеуші ретінде тіркеліңіз. Мұны "Мемлекеттік қызметтер" бөлімі арқылы жасауға болады. Бұл әрекетті орындау үшін ЭЦҚ керек. Тіркелген нөміріңізге SMS келгенше күтіңіз. Егер SMS-хабарлама келмесе, цифрлық қолтаңбаны тағы пайдаланып, қайтадан жұмыс іздеуші ретінде қол қойыңыз. Ескерту: Толтырылған өтінішке тек жұмыс іздеуші ретінде тіркелгенге дейін өзгертулер енгізе аласыз.
4-қадам. Ашылған өтініш формасына өзіңіз туралы ақпаратты енгізіңіз. Осы арқылы Enbek.kz порталында автоматты түрде жарияланатын әрі жұмысберушілер көре алатын түйіндеме дайындайсыз. Түйіндемені дұрыс толтыру маңызды.
5-қадам. Содан кейін жұмыс іздеуші ретінде тіркелу түймесін басып, электронды цифрлық қолтаңба немесе QR код, болмаса SMS арқылы өтінішке қол қойыңыз. Enbek.kz порталы түйіндемеңізді жұмыс іздеуші ретінде жұмыспен қамту орталығына автоматты түрде тіркейді. Қазақстанның "Халықты жұмыспен қамту туралы" заңына сай, жұмыспен қамтуды мемлекеттік қолдау шараларын алу үшін азамат халықты жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеуші ретінде тіркелуі қажет.
Мына жағдайларда адам жұмыс іздеуші ретінде тіркеле алмайды:
- жұмыс істеп жүрген немесе жеке кәсіпкерлікпен белсенді айналысатындар
- жұмыс іздеуші немесе жұмыссыз ретінде тіркеліп қойғандар
- зейнет жасына жеткендер
- мектеп оқушысы немесе студенттер
- 16 жасқа толмағандар
6-қадам. Enbek.kz порталына тіркелу кезінде көрсеткен телефон нөміріне жұмыс іздеуші ретінде тіркелгеніңіз немесе тіркелуден бас тарту туралы SMS хабарлама келеді. Осыдан кейін 3 жұмыс күнінде Enbek.kz порталы мен халықты жұмыспен қамту орталығы сізге қолайлы жұмысты таңдайды. Бос жұмыс орындары туралы хабарламалар Enbek.kz сайтындағы "Жеке кабинетіңізге" және тіркелу кезінде көрсеткен электронды поштаға жіберіледі. Егер лайық жұмыс табылмай, орналаспасаңыз, онда 3 жұмыс күнінен кейін Enbek.kz порталы автоматты түрде сізді жұмыссыз ретінде тіркейді.
7-қадам. Enbek.kz-ке жұмыссыз ретінде тіркелгеннен кейін "Жұмыссыз қалған жағдайда төленетін әлеуметтік төлем" мемлекеттік қызметін ала аласыз. Ол үшін Enbek.kz порталындағы "Жеке кабинетте" сол жақ мәзірден "Жұмысынан айырылу бойынша төлем" тармағын таңдаңыз да, "Өтінім жіберу" түймесін басыңыз.
Өтінішке мына мәліметті енгізіңіз:
- әлеуметтік төлеміңіз аударылатын 20 таңбалы банк шоты,
- байланыс ақпаратыңыз – телефон нөмірі және электронды пошта.
8-қадам. Енгізіп болғасын "Жіберу" түймесін басыңыз. Қолданбаға электронды цифрлық қолтаңба (ЭСҚ) немесе QR кодпен немесе телефоныңызға SMS хабарлама арқылы қол қойыңыз.
Алынған әлеуметтік аударымдар туралы ақпаратты "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан немесе электронды цифрлық қолтаңбаңыз болған жағдайда Еgov.kz порталы арқылы Басты бет, Азаматтарға, Жұмыспен қамту және орналастыру, Жұмыспен қамту және жұмыс іздеу, Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушыға міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінің жағдайы және қозғалысы туралы ақпарат беру бөлімінен алуға болады.
Қандай жағдайда өтініш қабылданбауы мүмкін?
- Өтініш беруші жалған құжат енгізсе
- Өтініш берушінің деректері мен материалдары сай келмесе
Егер азамат тиісті түзетулер жасаса, қайтадан өтініш білдіре алады.
Әлеуметтік төлем сомасы қалай белгіленеді?
- Жұмыс берушінің 24 айда әлеуметтік сақтандыру қорына жасаған төлем сомасына байланысты
- барлық өтініш беруші үшін бірыңғай түзету коэффициентіне байланысты – 0,45
- әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысу өтіліне байланысты.
Жәрдемақы қанша уақыт бойы беріледі?
- Жұмыс орнында 6 айдан 12 айға дейін әлеуметтік аударымдар жасалса, 1 ай
- Жұмыс орнында 12 айдан 24 айға дейін әлеуметтік аударымдар жасалса, 2 ай
- 24 айдан 36 айға дейін төленсе, 3 ай
- 36 айдан бастап 4-6 ай.
Жұмыссыз адамды қоғамдық жұмысқа немесе оқуға жіберсе не болады?
- Егер әлеуметтік маңызы бар жұмыс орындарындағы уақытша жұмыс үшін
- қоғамдық жұмыстарға тартылса
- кәсіппен байланысты оқуға жіберілсе жәрдемақы сақталады
Қандай жағдайда әлеуметтік төлем тоқтайды?
- Қазақстан заңына сай жас шектеуі болса
- Әлеуметтік төлем төленуін тоқтату туралы өтініш бергенде
- Жұмыспен қамту орталығында жұмыс іздеуші ретінде тіркеуден шығарса
- Қате құжаттар немесе жалған мәлімет берген жағдайда
- Төлем алушы елден кетсе немесе оның Қазақстан азаматтығынан шыққаны белгілі болса
- Төлем алушы сотталған немесе жазасын өтеп жатқан болса
- Қайтыс болған жағдайда