"Қазақстанда қазақша сөйлейтіндер көбейіп барады, шара қабылдау керек": Олжас Байділдиновтің тағы бір мәлімдемесі талқыға түсті
Фото: Ашық дереккөз
Қазақстан энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі Олжас Байділдиновтің басы тағы да дауға қалды. Ол ресейлік БАҚ-қа берген сұхбатында соңғы уақытта қоғамда мемлекеттік тіл – қазақ тілінің қолданылу ауқымы артып келе жатқанын, оған қарсы шара қабылдау керегін айтады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Айтуынша, қазақстандық БАҚ-тың 60 пайызға жуығы қазақ тілінде болса, орыс мектептерінде бағдарламалардың 30 пайызы ғана орыс тілінде көрінеді. Ал мектептердің 70 пайызға жуығы қазақ тілінде оқытылады екен.
Сөзінше, қазақ тілінің танымалдығының артуы кейбір топтарды алаңдатып отыр. Ол тіпті, “қазақ тілін көп адам сөйлей бастағаны үшін шара қолдану керек” деген пікір білдірді.
"Бәлкім, Ресей бұрынғыдай мұнда өз мектептерін ашуы керек шығар. Бірақ бұл ел ішінде қарсылық тудыруы мүмкін. Қазақстанның оңтүстігіндегі жастар қазір орыс тілінде мүлде сөйлеспейді, бұл көші-қонға әсер етуі мүмкін. Біз мигранттардың сапасы төмендеп келе жатқанын байқап отырмыз”, – дейді ол.
Бұл мәлімдеме қоғамда тағы резонанс тудырып, әнші Димаш Құдайберген пікір білдірді.
"Біз, қазақтар, әлемнің барлық тілдерін құрметтейміз. Бірақ құрмет өзіңнен басталады. Өз тілінен ұялып, өзгенің мақұлдауына ұмтылған адам сөзін емес, тамырын жоғалтады. Олжас, сен сияқты арандатушыны жұмыстан шығарады деп үміттенемін, өйткені сен қорқақ кішкентай бала сияқтысың. Сен қазақша білмегендіктен қазақ тілінде жазбадым", – деп жазды Димаш Құдайберген.
-
Депутаттар жолақысын 500 теңгеге көтеру ұсынысын сандырақ деп атады
-
"Автобус жолақысы 500 теңгеге жетуі мүмкін бе": Үкімет блогердің сөзіне пікір білдірді
Айта кетейік, бұған дейін сарапшы қоғамдық көліктегі жолақы құнын нарық талабына сай 500 теңге болуы керек деп мәлімдеп, көптің сынына ұшыраған. Пікір әлеуметтік желі қолданушыларының жаппай наразылығын туғызып, оны халықтың жағдайын ескермеді деп сынға алғандар көбейді.
Еске салайық, Олжас Байділдинов – мұнай және энергетика саласының белгілі сарапшысы, кәсіпкер және тележүргізуші. Ол Atameken Business арнасындағы авторлық "Байділдинов. Нефть" бағдарламасының авторы әрі жүргізушісі. Ол – энергетика, қаржы және мұнайсервис бағыттарында мол тәжірибесі бар маман. Олжас Байділдинов Қазақстан энергетика министрінің бұрынғы кеңесшісі, Энергетика министрлігінің қоғамдық кеңесінің мүшесі және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры жанындағы Қоғамдық кеңес мүшесі.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік