Жұмыссыздық, дипфейк және науқастардың өлімі: Депутаттар Қазақстанды жасанды интеллект "жаулады" деп дабыл қақты
Мәжілісте "Жасанды интеллект туралы" заң жобасының таныстырылымы өтті. Заң нормасын талқылау барысында депутат Елнұр Бейсембаев жасанды интеллект (әрі қарай ЖИ) елдегі әр салаға қалай әсер етіп жатқанына тоқталып, жаңа технологияның дамуына қатысты алаңдаушылық білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: pixabay.com
Депутаттың пікірінше, ЖИ алдағы уақытта кей қазақстандықтарды жұмыссыз қалдыруы мүмкін.
"Біз барлығымыз жасанды интеллект даму қозғалтқышы екенін түсінеміз. Ал біздің міндетіміз – оны дұрыс реттеу. Мемлекет басшысы да өз сөзінде кейінгі екі жылда бұл идеяны көтеріп жүр. Өміріміздегі кей салаларды ЖИ арқылы реттеуге болады. Бірінші сұрақ, ЖИ еңбек саласына әсер ететінін түсінеміз. Ғаламдық экономикалық форумның және банктердің дерегіне сәйкес, ЖИ дүниежүзі бойынша 90 миллион жұмыс орнын алмастырады. Деректер бірнеше жылдан бері зерттеліп келеді. Бұл, әрине, еңбек нарығына әсер етеді. Мұны қалай реттей аламыз?", – деп сұрады Бейсембаев.
Депутат үкімет Қазақстандағы жұмыссыздық деңгейін айтарлықтай төмендетіп көрсететінін айтады.
"Шын мәнінде жұмыссыздық деңгейі Қазақстан бойынша 12-13%. Бұл 1 миллион адамға жуық. Егер ЖИ кей саланы алмастырса, жағдай одан әрі ушығады. Сондықтан заң жобасында осыны да қарастыру керек", – деді депутат.
Мәжілісмен өз сөзінде Жапонияны мысалға келтіріп, банк картасын әлі күнге дейін ЖИ бар аппарат емес, адамдар шығаратынын айтып өтті.
"Әрине, Жапонияға ЖИ қолдануға өту қиын емес. Бірақ олар адамдарды алмастыру, жұмыссыз қалғандар үшін жаңа жұмыс орнын ашу қиын екенін біледі. Бұл – бірінші фактор. Екінші фактор, осы адамдарды қайта оқытып, жаңа жұмыс тауып беруге үлгереміз бе?" – деп қосты Елнұр Бейсембаев.
Депутат дертке диагностика жасау ЖИ қолданудың қауіп-қатері жайлы айтып өтті.
"Қазір Еуропа елдерінде медицинада ЖИ өте жақсы қолданылатынын түсінеміз. Тіпті қатерлі ісік дерттері де ЖИ арқылы зерттеліп, 95% жағдайда дәл анықтаған. Бірақ жауапкершілікті кім мойнына алады? ЖИ ұсыныс білдіріп, адам көз жұмса, ертең дәрігер осындай жағдай болды деп қоя салады. Сонда оны емдеген адам ЖИ арқылы емдедік дей ме?" – деп сұрады депутат.
Сонымен қатар депутат көлік саласында ЖИ қолданудың қауіп-қатерін ескеруді ұсынды. Сондай-ақ ЖИ арқылы музыка және басқа да контент жасау кезіндегі авторлық құқық мәселесі қалай реттелетінін сұрады.
"Тағы бір мәселе – алаяқтар. Қазір алаяқтар ЖИ-ді өте сапалы қолданатынын білеміз. Қазір менің сөзіме де кез келген тезисті менің даусыммен қойып, мұны мәлімдеме секілді жасауы мүмкін. Мұны да заң аясында нақты шешіп, нақты шекарасын белгілеу қажет", – деді ол.
Депутат ЖИ туралы заңды таныстырған Екатерина Смышляева әріптесінің барлық ұсынысын ескеруге уәде берді.