Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмыссыз қалған жаңаөзендік мұнайшылардың мәселесі Астанада шешілді ме? 

Жуырда ғана жұмысынан айырылған жаңаөзендік мұнайшылардың наразылығы соңғы тәулікте қоғамда қызу талқылануда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.

Жергілікті билік олардың талап-тілегіне құлақ аспаса керек, "Берәлі Маңғыстау" компаниясының жүзден астам жұмысшысы 10 сәуір күні пойызбен Астанаға арнайы келген. Ойда-жоқта табыссыз қалған жігіттер бұл мәселені шешуді биліктен талап етіп, энергетика министрлігінің алдына көрпе-жастығын төсеп, түнеген еді.
Аталған министрліктегілер бастапқыда наразылармен кездесуге құлшына қойған жоқ. Бірақ бас қаланы басына көтерген қарапайым мұнайшылардың базынасын алғашқы болып "ҚазмұнайГаз" өкілі тыңдады. Тіпті 11 сәуірде қос тарап өзара келіссөз өткізген, бірақ мәселе оң шешімін таппаған.
Бұл оқиғаға қатысты энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев те пікір білдірді. Оның айтуынша, жұмысшылардың мақсаты – жұртты дүрліктіру. 

"Адамдар көрпе-төсек пен шатыр алып келген. Олардың негізгі мақсаты – өзіне назар аударту. Жергілікті әкімдік пен "Өзенмұнайгаз" компаниясы не істегенін білмейсіздер ғой. Оларға балама жұмыс ұсынған. Ал қарапайым азаматтар мүддесін біз мейлінше қорғадық. Оларға алдыңғысынан кем түспейтін ұсыныс айтылды. Бірақ көбі одан бас тартты. Ақыры энергетика министрлігі алдына пикетке шығу туралы шешімге келген. Келіссөз болады", – деді ҚР Энергетика министрі. 


Құзырлы орган өкілдері жаңаөзендік жігіттердің бұл наразалық шарасы рұқсат етілмеген екенін айтыпты. Сондықтан болар, кеше кешқұрым Астана полициясы жұмыс талап еткен мұнайшыларды күштеп ұстап, арнайы көлікке тиеп, полиция басқармасына жеткізген. Дәл осы жағдайды естіген Жаңаөзендегі халық оларды босатуды талап еткен. Санаулы сағаттан кейін жұмыссыз қалған азаматтар Астанадағы полиция бөлімшесінен байланысқа шығып, видеоүндеу жариялады.
 

"Осы қазақ халқына, Маңғыстау халқына рақметімізді айтамыз. Ешқандай құқық бұзушылық болған жоқ. Біздің тарапымыздан да заң бұзушылық болған жоқ. Жігіттердің амандығын сіздерге жеткізіп жатырмын. Сондықтан бүкіл Қазақстанға резонанс тудырмай, ақырындай үйге қарай оралуларыңызды сұраймын", – деді Жолмұрат Ұлықпанов есімді жұмысшы. 


Бұл мәселеге қатысты Жаңаөзен қаласының басшысы да, Маңғыстау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев та пікір білдіріп, халықты сабырға шақырды.  

"Әсіресе, арандатушыларға еріп кетпей, олардың ел ішіне іріткі салып, тыныштықты бұзуына жол бермеуіміз қажет. Бәріміздің мақсатымыз бір. Халқымыз адал еңбек етіп, атқарған жұмысына сай еңбекақысын алып, ертеңіне сеніммен қарап, сыйластықта өмір сүруді қалаймыз. Оны жүзеге асыру үшін қазіргі таңда жұмыс істеудеміз. Кәсіпорындарды тыныштық пен тұрақтылықтың болғаны бәріміз үшін де тиімді", – деді Маңғыстау облысының әкімі. 


Жұмыссыз қалған жаңаөзендіктердің жайсыз жағдайы таяуда тағайындалған кейбір депутаттардың құлағына жетсе, мәжілісмен Дәулет Тұрлыханов бұл оқиғадан мүлдем бейхабар екенін ашық айтты. Желіде қызу талқылаған видеоға зер салсақ, ол Астанада мұнайшыларды ұстау кезінде не істегенін айтады. Оның сөзінше, бұл жағдайды білмеген әрі еш алаңсыз ұйықтаған. Диалог былай өрбиді:
- Сіз ұстау кезіндегі бейнежазбаны көрген жоқсыз ба? 
- Жоқ. 
- Естіген де жоқсыз?
- Нені естуім керек…
- Ұсталғандар туралы ақпаратты естімедіңіз бе?
- Жоқ, түнде ұйықтадым мен. 

Ал күні кеше Парламент мәжілісінің кезекті отырысында депутат Еділ Жаңбыршин Астанада шу шығарған мұнайшылардың мәселесін Әлихан Смайыловқа жеткізіп, Үкіметті сынға алды.  

"Соңғы жылдары еліміздің батыс өңірінде мұнай-газ кәсіпорындарында қызмет көрсететін сервистік компаниялардың жұмысшыларының ереуілдері жиі орын алуда. Күні кеше маңғыстаулық мұнайшылар өңірде өз мәселелері шешілмегендіктен Астанаға келді. Мұндай мысалдарды көптеп келтіруге болады. Өткен мәжілістің жетінші шақырылымында Маңғыстаудағы жұмыссыздыққа және еңбек дауларына қатысты мәселелерді көтергенбіз. Бірақ Бірақ үкімет, "Самұрық-Қазына, "ҚазМұнайГаз" және жергілікті атқарушы билік тарапынан жүйелі жұмыстар жасалынбады. Тиісті нәтиже болмады. Ал Маңғыстауда "жарылайын деп тұрған жара" көп. Оларды кешенді түрде "емдеумен" айналыспаса, дау әрі қарай жалғасып, ушыға береді. Үкімет комиссиясын құру жөнінде де хат жоладық. Оған әлі жауап бермедіңіз. Қашанғы көзді жұмып, құлақты бітеп, ауызды буып отыра бересіздер? Мәселені шешетін уақыт өтіп бара жатыр. Ертең "қолымызды мезгілінен кеш сермедік" деп жүрмеңіздер", – деп ашуланды Еділ Жаңбыршин.  


Ал бас прокуратура өкілі Жандос Өмірәлиев заңсыз митинг өткізген мұнайшыларға қатысты мынадай тың мәлімдеме жасады. 

"Ішкі істер органдарының өкілдері қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында, әкімшілік құқық бұзушылықты алдын алу мақсатында осы заңсыз жиналысқа қатысушыларды Ішкі істер органдарына жеткізген болатын. Оның нәтижесімен тиісті профилактикалық жұмыс жүргізілді, қазіргі таңда барлық жұмысшылар өздерінің қаласына қайтарылды. Бірақ ішінде айрықша белсенділік көрсеткен бес азаматқа қатысты тиісті әкімшілік іс қозғалып, олар сотқа қаралып, оларға ескерту тәртібінде шара көрсетілді. Дегенмен олар да үйіне қайтарылды", – деді Бас прокурордың орынбасары.


Бейнематериалдың толық нұсқасын Stan.kz YouTube арнасынан көріңіз!

 

Талқылау