Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмысын аяқтаған Конституциялық комиссия мүшелері Тоқаевқа алғыс айтты

Фото: akorda.kz

Конституциялық комиссия мүшелері президентке ризашылығын білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Конституциялық комиссия жарты жыл бойы қоғамдық талқылаулардың негізінде дайындалған жаңа Ата Заңның қорытынды мәтінін мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұсынды.

Жаңа Конституция жобасына қатысты қоғамда жан-жақты қызу талқылау жүрді. Азаматтардан 10 мыңға жуық ұсыныс келіп түсті. Бұл қоғам тарапынан үлкен қызығушылық болғанын және азаматтардың барынша белсенділік көрсеткенін айғақтайды.

Ата Заңның мәтінін әрбір өңірден жиналған, түрлі саланың өкілдерінен құралған, тікелей эфирде, ашық форматта жұмыс істейтін 130 адамнан тұратын ауқымды комиссия жазды. 

Конституциялық комиссияның 12-ші отырысында, мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин Комиссия мүшелерінің атынан президентке елдік істің ортасында жүруге мүмкіндік бергені үшін ризашылығын білдірді.

"Бізге осындай үлкен жұмыстың, елдік істің ортасында жүруге мүмкіндік берген Мемлекет басшысына Конституциялық комиссия мүшелері атынан ризашылық білдіруге рұқсат етіңіздер. Себебі, кез келген отаншыл азамат үшін елге қызмет ету – міндет, ал тарихи маңызы бар істердің ортасынан табылу – ол абырой", – деді Ерлан Қарин.

Мемлекет басшысының жарлығына сәйкес республикалық референдум 2026 жылдың 15 наурызында өтеді. Түпкілікті шешімді Қазақстан халқы қабылдайды.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 22:51