Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жеңілдетілген салық төлейтін кәсіптер тізімі өзгереді: Жеңілдіктен кімдер қағылды және не қымбаттайды

Жұманғарин салықФото: Stan.kz | Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин (Informburo.kz) / Екіншісі ЖИ көмегімен жасалған

Қазақстанда таяудағы жеңілдетілген салық режимінен 990 кәсіп түрін шығару жобасы кәсіпкерлер арасында алаңдаушылық туғызды. Әсіресе білім беру мен әлеуметтік қызмет саласындағылар бағаның қымбаттап, шағын орталықтардың жабылу қаупі барын айтып, дабыл қақты. Дегенмен қаржы сарапшысы Арман Бейсенбай бұл тізім барлық кәсіпкерге қатысы жоқ екенін және тізімнің әлі қысқаруы мүмкін екенін атап өтіп, дүрбелеңді басуға тырысты. Осы ретте Stan.kz өзгерістердің салдарынан кәсіпкерлердің нақты қандай әрекет жасауға тиіс екенін және қай салаға ауыртпалық көбірек түсетінін сұрап білді.

Жеңілдетілген салық жүйесінде кім қалады, кім шығады?

2026 жылдан бастап Жеңілдетілген салық режимін қолданатын кәсіпкерлердің қызмет түрлері қатаң реттелмек. Ұлттық экономика министрі Серік Жұмангариннің айтуынша, рұқсат етілген тізімде шамамен 318 кәсіп түрі қалады. Дегенмен бұған дейін Экономикалық қызмет түрлерiнің жалпы жiктеуiшiнде (ЭҚТЖ) 1100 кәсіптің ішінен 990-ы осы тізімге енгені жайлы ақпарат шыққан еді. Ал ЭҚТЖ – кәсібіңіздің түрін анықтайтын 5-таңбалы саннан тұратын код.

Экономикалық қызмет түрлерiнің тізімінде рұқсат етілген салалар ретінде бөлшек сауда (шағын формат), ауыл және орман шаруашылығы, балық өсіру, креативті индустрия, мәдениет пен спорт, тұрмыстық қызметтер, денсаулық сақтау мен әлеуметтік сала (кейбір бағыттар), құрылыс жұмыстарының бір бөлігі, қонақүйлер, қоғамдық тамақтану, сұлулық салондары, шағын дүкендер мен базарлар, балабақшалар қала бермек.

Ал тыйым салынатын салалар қатарында өңдеу өнеркәсібі, көтерме сауда, ірі сауда орындары, қаржы, недропайдалану, зерттеулер, IT және телеком, мемлекеттік басқару, мектептер мен ЖОО, бизнес-қызметтер, коммерциялық емес ұйымдар, медицина, балық аулау, ойын бизнесі және басқалары бар. Сарапшылар мен кәсіп иелері мұндай шектеулер шағын және орта бизнеске ауыр соққы болуы мүмкін екенін айтып дабыл қақты. Бұдан соң министрлік тыйым салынатын тізімге тағы 300-400 қызмет түрі енетінін, оның саны 990-нан аспайды деп түсіндірді. 

"Соңында жұмыссыз отырамыз"

Венера Жұбанышбаева таяуда жеңілдетілген салық режимінде тыйым салынатын қызмет түрлерінің тізім жобасы шыққанын айтады. Алайда әйел 18 жылдан бері жүргізіліп жатқан кәсібі тізімге іліккенін айтып, наразылық білдірді.

"Балабақшалар мен жалпы барлық білім беру саласымен бірге шетел тілдері курстарына арналған біздің 85 599 таңбалы сандағы кәсібіміз осы тізімге кіріп кеткен. Егер бұл тізім бекітілсе, біздің қызметімізге үлкен соққы болады. Ең әуелі, шағын орталықтар жабыла бастайды, ал ірі орталықтар бағаны көтеруге мәжбүр болады, себебі салықтық жүктеме 36% өседі", – дейді Венера Жұбанышбаева.

Кәсіпкер Венера Жұбанышбаева мұндай өзгерістер балаларға тіл үйренетін орталықтардың азаюына, ал қалғанының бағасы қымбаттап, қолжетімсіз болуына әкеледі деп шағымданды.

"Министр халықпен жұмыс істейтін бизнеске қосымша құн салығы мен тыйым салынатын тізім әсер етпейді деп уәде берген еді. Біз жеке тұлғалармен, негізінен балалармен жұмыс істейміз, қолжетімді әрі сапалы білім береміз. Сондықтан бізге жеңілдетілген салық режимі қажет. Осылайша балаларды сапалы білім алудан айыру қаупі тұр", – деп қынжылды кәсіпкер Венера Жұбанышбаева.

Тәжірибелі кәсіпкер қазір бұл тізім талқыланып жатқанын және кейбір қызмет түрлері де алып тасталуы мүмкін екенін атап өтті. 

Нейропсихолог әрі кәсіпкер amirzhanqyzy да білім беру саласының, яғни әлеуметтік маңызды саланың, жеңілдетілген салық режимінен толықтай шығарылуын әділетсіздік деп санайды. 

"Біздің қызметіміз ерекше балаларға арналған. Бұған дейін де олардың ата-аналары коррекциялық қызметтерді алуға зор қиындықпен қаражат табатын. Енді жағдай тіпті қиындай түспек, өйткені баға көтеріліп, көптеген отбасы үшін қолжетімсіз болады. Ал біз ше? Біз де клиентсіз қаламыз. Ақыр соңында жеке кәсіппен (ИП) мен жеке шаруашылық серіктестігін (ЖШС) жауып, жұмыссыз отырамыз. Сонда мемлекетке салық түспейді, ал балалар сапалы білім мен түзету қызметінсіз қалады", – деп күрсінді тағы бір кәсіпкер.

"Бизнес жүргізетін ешкім қалмайды"

Xdzhinx желідегі жазбасында қазіргі жағдайға алаңдаушылық білдірді. Оның айтуынша, тыйым салынған тізімге 990 кәсіп түрі енгізіліп, бұл дерлік барлық қызмет саласын қамтыған. Ер адам мұның салдары ретінде кәсіптердің жаппай жабылуы, жұмыстан шығару, қысқарту, барлық тауар мен қызмет бағасының өсуі, сонымен қатар тапшылықтың күшеюі мүмкін екенін атап өтті.

"Халықпен емес, жемқорлықпен күресу керек қой! Жақында ғана бұл тізім туралы білдім. Бұған дейін шамамен 7-8, негізгі қызмет түрі ғана тыйымға ілігеді деп жазған еді. Бірақ 990-ы делінген. Өкінішке қарай, барлық тауар бойынша үлкен тапшылық болады. Әрқайсысы салық төлеушіге, әркім жалпыға бірдей салық салу тәртібі бойынша жұмыс істеуге тұра келеді. Қазірдің өзінде жақсы бухгалтер табу мүмкін емес, мамандар жетіспейді. Ал бұдан соң мүлдем артық кадрлар шығарылып, бизнес жүргізетін ешкім қалмайды. Қайда барамыз? Баратын жер жоқ", – деп ашуланды.

Кәсіпкер 1 қаңтардан бастап мүлде жұмыс істемейтінін, жұмысқа шықпайтынын айтты. Тек ең қажет заттарды сатып алып, жай ғана бақылап отыратынын жеткізді.

"Жыл басынан бері-ақ халықтың ашу-ызасын туғызып келеді. Ал мына тізіммен мүлде халықты менсінбейтінін көрсетті. Сырттай қарағанда 20 емес, 16 деп, 3 800 емес, 10 000 АЕК (айлық есептік көрсеткіш) деп, адамдарға бейімделуге мүмкіндік бардай қылды. Бірақ шын мәнінде бәріне шектеу қойып отыр. Осылайша біздің өмірімізді түбегейлі өзгертіп жібермек. Енді бұрынғыдай болмайды. Барлық жеткізу, тапсырыс, тауар мен қызмет тізбектері қысқарады. Әрбір ірі бизнестің айналасында оннан елуге дейін жеке кәсіпкер бар. Олар өз отбасын асырайды, қызметкерлеріне жалақы төлейді және сол ірі бизнестің тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Бәрі бір-бірімен байланысты. Бұл барып тұрған әділетсіздік", – деп ашынды желі қолданушысы.

Ер адам  бұған дейін халықтың үнсіз отырғанын, бірақ бұл шешім әркімге тиген соң ғана жұрттың ояна бастағанын айтты. "Не істемек, ауызымызды жабу ма? Адамдардың өз пікірін айтуға құқығы бар. Ештен кеш жақсы" деді ол. Сондай-ақ бұл жағдайды қосымша құн салығы мәселесіне ұқсата отырып, алдымен қорқытып, кейін келісімге келгендей етіп көрсететін тәсіл екенін, бірақ жеңілдетілген режимге ең қажет қызмет түрлерінің бәрібір тыйымға ілінетінін жеткізді.

"Серіктестеріме бағаны 26% көтеретінімді хабарлауға тура келеді"

Ал Санди Абдульманова қойма, үй-жайларын жалға беру және басқару бойынша қызмет көрсететінін айтты. Оның ОКЭД-і тыйым салынған тізімге енген. Кәсіпкердің айтуынша, 2026 жылдан бастап қандай шығынды шегерімге алатыны белгісіз. 

"Енді барлық жалға алушыға (олардың саны аз емес, шамамен 460 іскер әріптес, көбі ұсақ кәсіпкерлер) 1 қаңтардан бастап бағаны 26% көтеретінімді хабарлауға тура келеді. Олардың ішінде тауарларын сақтайтын, аз ғана табыс табатын шағын кәсіпкерлер де бар. Сонымен қатар құрылыс материалдарын сақтайтын бригадалар және басқалар бар... Оның үстіне бизнеске алған несием бар. Енді келесі жылы не істеймін? Шыны керек, байбаламға салынып отырмын", – деді Санди Абдульманова.

Бұдан бөлек zoloto232323 атты аккаунт иесі нан-тоқаш өнімдері де тізімге кіріп кеткенін айтады.

"Сонда барлық үй кондитерлері жаңа жылдан бастап жеңілдетілген режимде жұмыс істеуге құқығы жоқ па?", – деді zoloto232323.

Кәсіпкерлердің айтуынша, шенеуніктер тізімді жоққа шығарып, "фейк" деп атағанымен, бұл қыркүйекте жарияланып, депутаттар мен министрлік деңгейінде талқыланған. 

Сондықтан "неге баспасөз қызметі бірден терістемеді?" деген сұрақ туындайды. Ал бухгалтерлер болса, жалпыға бірдей салық салу тәртібі жаппай өтетін кәсіпкерлерге білікті кадр жетіспейтінін, әсіресе штатқа алудың қиындығын айтып алаңдаулы. Кейбірі UCHET.KZ сияқты ірі порталдың жалған ақпарат жариялайтынына күмән келтірмейді, сондықтан бәрібір анық-қанығын күтіп отыр.

"Бір кәсіпкер бір мезгілде екі түрлі режимде отыра алмайды"

Белгілі қаржы сарапшысы Арман Бейсембай қазір нарықта өзгерістер болып жатқанын, соның ішінде ең бірінші көзге түсетін сала – сауда екенін атап өтті. Сарапшының айтуынша, жеңілдетілген салық режимінен сауда саласын алып тастаған.

"Сауда саласы бұл режимнен шектелсе де, бөлек салықтық режим қарастырылған. Бұл бөлшек сауда салығы. Сондықтан сауда нүктелері, шағын дүкендер немесе көтерме сауда орындары жеңілдетілген режимде қала алмайды. Өйткені олар үшін арнайы бөлшек сауда салығы бар. Бір кәсіпкер бір мезгілде екі түрлі режимде отыра алмайды. Сондай-ақ шикізат бағытындағы кез келген қызмет түрлері де жеңілдетілген режимге кірмейді. Өзін өзі жұмыспен қамтығандар да бұл режимге жатпайды. Себебі олар үшін бөлек салық режимі бар, ол "Өзін өзі жұмыспен қамтығандар режимі" деп аталады. Бұл 2026 жылдың қаңтарынан бастап іске қосылады. Құрылыс саласы да жеңілдетілген режимнен шығарылды. Яғни кез келген құрылыс компаниясы жалпыға бірдей белгіленген салық режимінде жұмыс істейді", – деп түсіндірді қаржы сарапшысы Арман Бейсембай.

Арман Бейсембай қаржы сарапшысыФото: Арман Бейсембаевтың желідегі парақшасынан

Арман Бейсембай өңдеу өнеркәсібі де енді жеңілдетілген режимге кірмейтінін, бірақ мемлекет бұл салаға арналған белгілі жеңілдіктер мен преференциялар қарастырылған дейді. Сондықтан сарпшы өңдеу кәсіпорындары жеңілдетілген жүйеге өте алмайды, бірақ оларға бөлек қолдау тетіктері болады деп отыр.

"Бірақ бұл олардың салықсыз қалатынын білдірмейді. Олар үшін арнайы ауыл шаруашылығы өндірушілеріне арналған салық режимі бар. Ол жеңілдетілгеннен нашар да емес, жақсы да емес, өзіндік ерекшеліктері бар жүйе. Тағы бір маңыздысы, ауыл шаруашылығына қосылған құн салығы (ҚҚС) нөл % болып белгіленген. Дәрі-дәрмек өндірушілеріне де өзге шек қарастырылған. Мұндай мәліметтерді салық кеңесшілері нақтылап зерттеуі керек", - деді эксперт.

Бұдан бөлек ол ауыл шаруашылығы да жеңілдетілген жүйеде қала алмайтынын жеткізді.

"Бірақ аграрлық сектор үшін арнайы салық режимі бар (Шаруа немесе фермер қожалықтарына арналған арнаулы салық режимі "біріңғай жер салығын төлеушілер"). Бұдан бөлек мүлікті жалға беру сияқты қызметтер де жеңілдетілген салықтан тыс қалады. Жалпы алғанда, салық режимдерінің біразы қысқарып жатыр. Бұрын 6 режим болса, қазір 3-4-і ғана қалды. Ал жеңілдетілген жүйеден шығып қалғандар не өзін өзі жұмыспен қамтығандарға, не басқа режимдерге өтеді. Өзін өзі жұмыспен қамтығандардың ерекшелігі – олар жеке кәсіпкер ретінде саналмайды. Мысалы, пәтерді жалға беру кәдімгі кәсіпкерлік емес, бұл жай ғана табыс көзі болып есептеледі. Сол сияқты дизайнер, фрилансер, репетитор немесе ІТ-маман да өзін өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатады", – деді сарапшы Арман Бейсембай.

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембай кәсіпкерлердің жаппай барлық салаға тыйым салып жатыр деген пікіріне тоқталды.
 

"Қазір айтылып жүрген "990 қызмет түрі жеңілдетілген режимнен алып тасталды, халықтың 90%-ы енді салықтық жеңілдіктен қағылады" деген сөз маған тым асыра айтылған, манипуляция сияқты көрінеді. Шындыққа онша жанаса бермейді. Қазір "тыйым салынған тізім" жарияланды, барлық кәсіпкер соны зерттеп жатыр, олар бұл тізімге енді ме, енбеді ме, қандай өзгерістер күтіп тұр. Әр кәсіп иесі бухгалтерімен бірге есеп жүргізіп, қай салық режимінде қалай жұмыс істей алатынын, табысы мен шығынын, салық төлемдерін алдын ала есептеп жатыр. Бұл процесс жыл соңына дейін жалғасып, жаңа Салық кодексі күшіне енгенде, қай бизнесте қалатыны толық шешіледі", – дейді сарапшы.

"Өзгеріс барлық кәсіпкердің 90%-на қатысты емес"

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембайдың пайымдауынша, тыйым салынған қызмет түрлерінің тізімі барлық кәсіпкер үшін үкім емес. Әрине, кейбір бизнес өкілдері жеңілдетілген режимнен шығып, жалпыға ортақ салық жүйесіне өтуге мәжбүр болады дейді ол. Бірақ бұл барлық кәсіпкерлердің 90%-на қатысты емес. Сонымен қатар ол нақты тізім таяуда шығатынын және аталған салалар ол жерде аталмауы мүмкін екенін ескертеді.

Сарапшының сөзінше, кәсіпкерлер жиі айтып жүрген жалпыға бірдей белгіленген салық режимі бар. Егер кәсіпкер өзін өзі жұмыспен қамтығандар қатарына жатпаса және қызметі тыйым салынған тізімге кірсе, онда ол автоматты түрде осы жалпыға ортақ режимге өтеді.

"Ал енді "Бұл қадам көлеңкелі экономиканы азайта ма?" деген сұраққа келсек Жоқ, керісінше, азайтуы екіталай. Әлемнің кез келген елінде салық заңнамасын қатаңдату әрқашан көлеңкелі экономиканың өсуіне ықпал етеді. Себебі кәсіпкерлер жаңа шарттарға бейімделе алмай, "қалай салықтан жалтаруға болады" деген жол іздей бастайды. Мұнда басты мәселе салық органдарының қаншалықты тиімді бақылау жасай алатынында болып отыр. Егер әкімшілендіру мықты болса, көлеңкеге кетудің жолы азаяды", – деді Арман Бейсембай.

Осы ретте Арман Бейсембай бұл өзгерістер шағын және орта бизнеске белгілі бір деңгейде ауыр тиетінін баса айтты.

"Өйткені біз мұнда "жұмсақ қолдаумен" емес, "қатал қадаммен" бетпе-бет келіп отырмыз. Бұл көп кәсіпкерге ұнамайды. Қазірдің өзінде шағын бизнес өкілдерінің бір бөлігі жабылатынын айтып жатыр. Өйткені олардың бизнес-моделі бұрынғы салық жүйесіне негізделген. Ал салық саясаты өзгерсе, демек, институционалдық орта өзгереді. Ал орта өзгерсе, кәсіпкер өз бизнес-моделін де өзгертуге мәжбүр болады. Біреулер қызметкерлерін қысқартады, біреулер жабылады, біреулер көлеңкеге кетеді. Егер кәсіпкер өз бизнес-моделін өзгерте алмай, жаңа институционалдық талаптарға бейімделе алмаса, онда басқа амалы қалмайды. "Бейімдел немесе құрып кет" деген қағида. Бұл кәдімгі Дарвиннің теориясына ұқсайды. "Ең күшті емес, ең жақсы бейімделген тіршілік иесі ғана өмір сүреді" деген. Сол сияқты, бір бөлігі бейімделе алмайды, жабылады. Бірақ бұл "бәрі құриды" деген сөз емес", – деп түсіндірді қаржы сарапшысы.

Қандай тауарлар мен қызмет түрлері қымбаттайды?

Сонымен қатар Арман Бейсембаев салық режиміндегі өзгерістен қандай ең көп сұранысқа ие тауарлар мен қызметтер қымбаттайды және қаншалықты өсетінін айтып берді.

"Менің ойымша, бәрі қымбаттайды. Өйткені бізде салықтық қатаңдатулардан бөлек, нарықта да өзгерістер болып жатыр. Мысалы, Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық (ЖКХ) пен жанар-жағармай (ГСМ) бағасының өсуі бар. Бұл өз алдына-ақ бағаның тұрақты өсуіне жеткілікті. Себебі, коммуналдық төлемдер шамамен әр алты ай сайын 20-30% өсіп отырады. Қазір, мысалы, қазан айынан бастап жарықтың бағасын қайта қарау жоспарланып отыр. Өндірушілер мен сатушылар электр қуатының қымбаттауын тауардың бағасына қоспайды деп ойлайсыз ба? Әрине, қосады. Өйткені бұл – олардың шығыны. Оларға жарық үшін көбірек төлеуге тура келеді, ал ол ақшаны қайдан табады? Тағы да сол өнім бағасына қосады", – деп түсіндірді Арман Бейсембай.

Маманның пікірінше, қоғам бұл үрдіске үйреніп қалғанымен, коммуналдық төлемдер мен жанар-жағармай бағасының өсуі алдағы жылы да тоқтамайды. Тіпті Экономика министрлігі 2029 жылға дейін баға шамамен екі есе қымбаттауы мүмкін екенін болжап отыр. Бұдан бөлек ол тізім құрылыс саласы қалған жағдайда қатаң салың режимі енгізілетінін атап өтті.

"Мәселе тек бұл өзгерістердің қандай ауқымда жүзеге асатынында. Қазір нақты болжам жасау қиын. Егер құрылыс саласы жеңілдетілген салық режимінен шығарылып, оларға қосымша құн салығы енгізілсе және басқа да қатаң талаптар қойылса, бұл бастапқыда бағаның өсуіне әкеледі. Бірақ кейіннен тұрғын үй нарығында “көпіршік” жарылып, бағалар керісінше төмендеуі мүмкін. Бұл құбылыстың себебі – салық заңнамасының қатая түсуі. Ол бизнестің институционалдық ортасын әлсіретіп, жалпы іскерлік белсенділікті төмендетуі ықтимал. Осылайша, бұл құрылыс секторына айтарлықтай соққы болмақ. Әрине, мемлекет жағдайды қолдан ұстап тұруға тырысса, мысалы, жеңілдетілген ипотеканы қаржыландыру арқылы, ол бағаның күрт құлауын уақытша тежей алады. Бірақ менің ойымша, жеңілдетілген ипотеканы толықтай тоқтату қажет. Егер мемлекет арзан қаржыландыруды әрі қарай жалғастыра бермесе, құрылыс компаниялары мен құрылыс материалдарының бағасы әуелі қымбаттайды, кейін міндетті түрде төмендейді", – деп тұсіндірді Арман Бейсембай.

Сарапшы атап өткендей, Ұлттық банк те, министрлік те мойындағандай, қосылған құн салығының болашақтағы өсуі бизнес тарапынан қазірдің өзінде бағаға енгізілген. Сол себепті азық-түлік бағасының қазіргі қымбаттауы – кәсіпкерлердің болашақ шығындарын алдын ала жабуға ұмтылуының бір көрінісі. Яғни бизнес қазіргі кезеңде-ақ жаңа жағдайға бейімделіп, алдағы өзгерістерді есептеп отыр.

"Сондықтан 2026 жылдың қаңтарынан бастап қосымша құн салығы ресми түрде көтерілген кезде, нарық оған қатты реакция білдірмеуі мүмкін. Өйткені бұл параметрлер алдын ала белгілі болды. Бағалар біртіндеп қазірдің өзінде өсіп жатыр. Әсіресе азық-түлік бағасы біртіндеп қымбаттап келеді. Кәсіпкерлер болашақтағы шығынды алдын ала есептеп, қазіргі бағаға қосып жатыр. Бұл келесі жылы баға мүлдем өспейді деген сөз емес. Бірақ олар ең болмағанда болашақтағы өзгерістердің бір бөлігін қазірдің өзінде жабуға тырысып жатыр", – деп тоқталды қаржы сарапшысы Арман Бейсембай.

Экономика деген өте күрделі, бірақ сонымен қатар бейімделгіш жүйе. Біреулер кетеді, бірақ олардың орны бос тұрмайды дейді Арман Бейсембай. 

"Тіпті нарықтан кеткен компаниялар келетіндер үшін бір жағынан "тыңайтқыш" болады. Әрине, кейбір бизнес өкілдері өз қызметін шетелге көшіруді қарастыруы мүмкін. Біреулер Қырғызстанға, біреулер Өзбекстанға, біреулер Армения арқылы жұмыс істеуді ойлап жүр. Бірақ бұл тек ауқымдырақ, икемді бизнеске тән құбылыс. Ресторан бизнесін, қойманы немесе сауда орнын алып кету мүмкін емес қой. Ал ІТ-компаниялар немесе онлайн қызмет көрсететіндер болса, бәлкім көшіп кетер. Бірақ мұны жаппай көшу деп айтуға болмайды. Бар болғаны он шақты, жиырма шақты компания ғана шығар", – дейді қаржы эксперті.

takemytime.ru кәсіпкерлерФото: takemytime.ru

Енді кәсіпкерге қандай кеңес беруге болады?

Қаржы сарапшысы Арман Бейсембайдың айтуынша, қазіргі жағдайда кәсіпкерлерге ең бірінші кезекте өз бизнес-моделін қайта қарау қажет.

"Неге? Өйткені қазір қалай үнемдеуді ойлану керек. Институционалдық орта қатаңдап жатқанын көріп отырмыз, бұл анық. Сондықтан шығындарды қысқарту жағын ойлау қажет. Бизнес тілінде айтқанда, "косттарды қысқарту" керек. Қай жерден қысқартамыз? Қалай қысқартамыз? Контрагенттерді, яғни сенімен іскер әріптестерді қайтадан талдау қажет. Себебі егер сен қосымша құн салығын төлеуші болып қалсаң, онда тиімдірек жұмыс істеу үшін сенің серіктестерің де қосымша құн салығын төлеушілер болғаны маңызды. Ал егер сен қосымша құн салығын төлейсің, бірақ сенің контрагенттерің (іскер серіктестерің) төлемесе онда 16% салықтың бәрін өзің көтересің, ешқандай өзара есеп болмайды. Бұл үлкен проблема. Сондықтан серіктестеріңді ауыстыруға, келісімдерді қайта қарауға тура келеді", –деді Арман Бейсембай.

Егер бұл да болмаса, бизнес-моделің осы жағдайда қаншалықты өміршең екенін ойлану керек дейді қаржы маманы. 

"Әрине, мұндай жағдайда бірқатар қысқартулар да болады. Кейбір жұмысшылардың орны қысқаруы мүмкін. Бірақ бұл жаппай жұмыссыздыққа әкеледі деп ойламаймын. Экономикалық агенттердің (кәсіпкерлердің, компаниялардың) мінез-құлқын дәл болжау мүмкін емес. Бір жағынан, нарық сәл "отырып қалуы" мүмкін: бизнес белсенділігі төмендейді, біреулер уақытша жабылады, біреулер қызметін тоқтатады, біреулер шетелге кетеді. Бірақ ұзаққа созылмайды. Нарық жаңа тепе-теңдік табады, ал одан кейін біртіндеп қалпына келе бастайды. Экономикада "құлап, түбінде жатып қалу" болмайды. Адамдар кез келген жағдайда бейімделіп кетеді", – деді қаржы сарапшысы.
Айым Атамбаева
Жұма, 26 Қыркүйек, 2025 14:33
Талқылау