Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Риддер Жылу электр орталығындағы жөндеу-іске қосу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілуде

Риддер Жылу электр орталығындағы жөндеу-іске қосу жұмыстары белгіленген кестеге сай жүргізілуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Атап айтсақ, №1, 2, 3 қазандықтардың агрегаттарын жөндеу аяқталуға жақын, экрандардың беттері құрастырылып, орнатылып қойған. Сондай-ақ қазандықтар одан әрі жуып тазалау үшін сумен толтырылыпты. Риддер қаласының әкімі Дәулет Батырбаевтың сөзіне сенсек, жуу процесі бірнеше сағаттан екі тәулікке дейін созылады екен.

“Орталықтағы 1, 2, 3 қазандық агрегаттары бойынша жұмыстар аяқталды. Оларды суға толтырғаннан және жуғаннан кейін қазандықтарда қысым пайда болып, артынша оларды жағу басталады”, – деп түсіндірді қала басшысы.

Ал мердігер ұйым өкілдері нысандағы барлық жұмыс кестеге сай жүргізіліп жатқанын айтуда. "DM Energy" ЖШС-ның бас инженері Қайрат Досанов бірінші қазандықта дәнекерлеу жұмыстары аяқталғанын, енді мамандар оны толтыратынын және одан әрі гидравликалық сынақтар жүргізетінін атап өтті.

“Жұмыстар уақтылы жүргізілуде. Ең алдымен үшінші қазандық агрегатын іске қосуға дайындап жатырмыз, құбыр жүйесін монтаждау бойынша жұмыстар аяқталды, іске Риддер ЖЭО эксплуатациялық персоналы да қосылуда. Мердігер болған соң біздің міндетіміз – қандай да бір кемшілік анықталған жағдайда оны жедел жою”, – деп атап өтті "Перспективті технологиялар" ЖШС бас инженері Александр Матвиенко.

Барлық жөндеу-іске қосу жұмыстары аяқталғаннан кейін риддерліктердің үйлеріне жылу беріле бастайды.

Талқылау