Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұмыс беруші қызметкерін емделу демалысына кеткені үшін жұмыстан шығара ала ма: Заңгер жауап берді

Фото: freepik.com

Қазақстандықтар жұмысынан айырылып қалмас үшін ауруға байланысты емделуге берілетін демалысты алуға жүрексінетіндерін жеткізді. Айтуларынша, елде көптеген жұмыс беруші мұны құптамайды. Көп жағдайда егер қызметкер ауырып демалысқа шығамын десе, жұмыстан босататынын ескертеді екен. Заңгерлер мұндай жағдайда не істеу керегін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды. 

Заңгерлердің айтуынша, ауруханаға жиі жату фактісі жұмыстан шығаруға негіз бола алмайды. Алайда кейбір жағдайларда жұмыс беруші қызметкердің денсаулығына байланысты келісімшартты бұзуы мүмкін.

“Егер жұмысшыда сырқатына байланысты өз қызметіне лайық емес екені туралы медициналық қорытынды болса немесе егер ол қатарынан екі айдан астам уақыт бойы ауруға байланысты еңбекке жарамсыз (больничныйда) болса, онда бұл жағдайда шара қолданылуы мүмкін. Бірақ егер бұл аурулар арнайы тізімде көрсетілген, ұзақ емделуге рұқсат берілген аурулардың қатарына кірмесе ғана мүмкін”, – деді Ақмола облысы бойынша бас маман, мемлекеттік еңбек инспекторы Әсем Ибрагимова.

Бұл тізімде 434 ауру бар. Оның ішінде онкология, туберкулез, полиомиелит, құтыру, менингит және басқа да ауыр диагноздар кіреді. Алайда кейде жұмыс беруші қызметкерді заң бойынша жұмыстан шығара алмай, оны кетуге мәжбүр ете бастайды.

“Олар бейресми түрде әрекет етеді. Демек қызметкерді өз еркімен жұмыстан босату туралы өтініш жазуға мәжбүр етеді. Бұл жерде абай болу керек. Өйткені қызметкерді осындай өтінішпен ерікті түрде жұмыстан шығару қызметкерді сот арқылы қалпына келтіру мүмкіндігінен айырады”, – деді Ақмола заң консультанттар палатасының заңгер-консультанты Әсел Шахметова.

Егер қызметкер жұмыстан шығарудың заңсыздығын дәлелдей алса, оны жұмыста қалпына келтіруге және мәжбүрлі жұмыс уақыты үшін жалақы төлеуге міндеттеледі. Заңгерлер барлық құжат пен анықтамаларды сақтауға кеңес береді. Ал егер басшылық тарапынан қысым болса, тәртіптік жазаға заңсыз тартқаны үшін сот арқылы шағымдануға болады.

STAN.KZ
Бейсенбі, 29 Мамыр, 2025 10:18
Талқылау