"300 мыңнан 1 миллион теңгеге дейін барады”: Қазақстандықтар өлімнен кәсіп істеп отырғандардың әрекетіне наразы
Қазір тірі жүргеннің өзі – шығын. Бірақ қайғылысы сол, адам өлген соң да тыныш жатуға мүмкіндік жоқ. Өлімнің де өз нарығы, өз бағасы бар. Жерлеу рәсімі, кебін, табыт, тас – бәрі қымбат. Қаралы сәтте жұрт бауырын жоқтап жылап отырса, біреулер соның үстінен бизнес жасап, табыс тауып отыр. Қызмет құны 300 мың теңге мен 1 миллион теңгенің арасында. Тіпті халық арасында мәйітке арналған орындар сатылатынын ашық айтып жүр. Бұл туралы Stan.kz тілшісі сұрап білді.
Зираттағы жер сатылмайды, бірақ…
Біздің редакциямызға жақынынан айырылып, қара жерді 100 мың теңгеден аса ақшаға сатып алғандарын айтып шағымданды.
“Үш күн бұрын ағам қайтыс болған болатын. Бұрын мұндай жағдайда болмаған соң, шынымды айтсам сәл есеңгіреп қалдым. “Қайда жерлейміз, жерді қайдан аламыз” деген сұрақ болды. Қанша теңге екенін айтпай-ақ қояын, бірақ жерді сатып алдық”, – деді Алматы тұрғыны.
Ал аты-жөнін жасыруды сұраған Орал қаласының тұрғыны анасын жерлеу үшін 165 мың теңге санап беріпті.
“Жер сатылмайды деген өтірік әңгіме. Кеше ғана анам қайтыс болды. Бізге жерді қазып берді, сосын жердің құнын 165 мың теңгеге бағалады. Өзіміз жерледік. Сатып алғанымыз рас, бірақ бұл туралы толығырақ айта алмаймын. Анамның ана өмірде жаны тыныш болу үшін, шулатқым келмейді”, – дейді.
Фото: Паша Шамин
Әлеуметтік желіде салттық қызмет көрсететін орталықтарға хабарласып қызметінің құнын сұрадық. Бір қызығы нақты баға жоқ. Қалауыңа қарай баға көтеріле береді екен.
“Біз кеше 140 мың теңгеге жерледік, оның алдында 75 мың теңгеге жерлегенбіз. 600 мыңнан 1 миллионға дейінгі теңгелік қызметті алғандар бар. Бізде нақты баға жоқ. Өзіңіздің қалауыңызға қарай есептеп береміз”, – дейді салттық қызмет көрсету маманы.
ҚМДБ “Қамқор-Шарапат” салттық қызмет көрсету орталығының жауапты маманы Талғат Сапанов адам қайтыс болғанда артық шығындалмай шариғат бойынша шығарып салу керек дейді.
“Мына төрт шартты орындағанда біз мәйіттің алдындағы парыздан құтыламыз. Ол: жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу, және жерлеу. Қазір бальзам жағу деген шыққан. Адам жан тапсырғаннан кеін денесінің бәрі қату керек. Ал аталған затты жаққаннан кейін адам денесі екі-үш күн жатса да қатпайды. Тек алыс жол болмаса оны қолданудың қажеті жоқ. Мұның бәрі ақша жасау үшін ойлап табылған дүние”, – дейді.
Талғат Сапанов мұндай жерлер мемлекеттен тегін беріледі, бірақ өлімнен кәсіп жасап отырғандар бар дейді.
“Алматыда менің білуімше жиырма жеті зират бар. Бұл зираттардың көпшілігі әкімшілікке қарайды. ҚР жер кодексінің 109 бабының 3 тармағына сәйкес тегін беріледі. Ал бірақ оны қазу, көму қызметінің ақысы төлену керек. Алматы қаласынан басқа барлық жерде, мысалы Тұздыбастау, Райымбек аудандарында жер мешіттерге берілген. Яғни имамдар шешеді. Бір адам қайтыс болса имамға келеді, ол жерді көрсетеді тек қазған еңбегінің ақысын алады. Оның құны 60-70 мың теңге. Ал Алматы қаласында жердің иесі – әкімшілік. Оған имамдар араласа алмайды. Себебі әкімшілік оны бір комбинатқа берген сол басқарады. Олар жерді қандай бағада айтып жатыр. Біз оны нақты айта алмаймыз”, – дейді имам.
Талғат Сапановтың айтуынша, жер сатылмайды бірақ өлімді кәсіпке айналдырғандар жерлеу рәсімі, табыт, тас бәрін қымбатқа жасайтын көрінеді. Оның айтуынша, Кеңсай қорымындағы зираттар шариғатқа сай салынбаған. Үлкен мазар, қымбат тас, тіпті мүсін салуға болмайды дейді.
“Надандықтың уақытында адамдар қабірін көрсетіп мақтанатын еді. Біз сол қараңғылыққа қайта бара жатқан секілдіміз. Кеңсай зиратының әкімшілігі адамдарға қымбат мазар салуды өздері ұсынады. Олардың басты мақсаты ақша табу. Өздері қайғырып келіп отырған адамдарды, күнә жасауға жетелейді”, – дейді имам.
Фото: Паша Шамин
Кеңсай қорымы – Алматыдағы танымал орындардың бірі. Мұнда елге белгілі тұлғардың біразы жерленген. Кеңсай-1 зираты толы, Кеңсай 2-нің де жыл санап ауқымы кеңейіп келеді. Зират әкімшілігі тұрғындардың сөзі шындыққа жанаспайды деп отыр. Тек қызметін төлесе, белгіленген жерді тегін беріледі екен. Ал “Зират және зират мәдениеті” заңында бірізділікпен бекіту тәртібін еңгізген. Ондағы тәртіп бойынша құлпытастың биіктігі бір метрден, қоршауының іргетасы 50 см ден аспау керектігін айтады. Бірақ Кеңсайдағы зират талаптарға мүлде сай келмейді.
Салттық қызмет көрсету деген не?
Республика бойынша салттық қызмет көрсететін 800 ден аса орталық бар. Өте белсенді жұмыс істейді. Әлеуметтік желі арқылы да қызметін ұсынады. Мәйітханалардың маңында дөңгіршектерін құрып, жарнамаларын іліп дайын тұрады. Ақшасын төлесеңіз жерлеуге қажеттінің бәрін ұсынады. Бірақ олардың қызметін реттейтін заң жоқ. Тіпті салттық қызмет көрсету қызметкерлері қаралы үйге полициядан бұрын келеді. Қайғыдан қан жұтып отырған отбасыға өзінің қызметін тықпалайды. Қызметтерінің бағасы оңай емес. Олардан лецензия мен нақты ортақ баға талап ететін нақты заң нормалары жоқ. Ойына келген бағаны айтады.
“Бір кісінің туысқаны қайтыс болған кезде неге екенін білмеймін, мұсылмандар үйіне христиандық салттық қызмет көрсету орталығының адамдары жетіп келеді. Бір кісінің әкесі қатты ауырып, ауруханадан шығырыпты. Сөйтіп бізге хабарласып ажалы қашан келетіні белгісіз, бір-екі аптаның ішінде жан тапсыруы мүмкін сіздер бізге көмек берсеңіздер деді. Енді орталық мешіт сол дүниемен айналысатын болғандықтан бізге хабарлас дедік. Сөйтіп түңгі сағат екіде қайтыс болды. Сөйтіп барсам, артынша христиандық салттық қызмет көрсетуден Светлана деген келіншек жетіп келіпті. Қайдан келдіңіз десем айтпайды. Өлген адам туралы ақпаратты қайдан алады. Полиция немесе жедел-жәрдем айтама білмеймін. Мұсылмадарды соңғы сапарға шығарып салу мұсылмандардың ісі. Осындай ақша табушылар көбейген”, – Талғат Сапанов.
Айта кетсек, бұған дейін Қазақстанда зираттағы орындарды сатқандарға айыппұл салынатыны туралы айтылған.

"Қазақтың ашкөздігі - ашаршылықтан": Психолог ашаршылықтың қазақтарға қалай әсер еткенін айтты
