Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Тоқаев билігіне ықпал етуді көздеп отыр”: Сарапшылар Назарбаев пен Путиннің кездесуі туралы не ойлайды

Фото Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөзіненФото Нұрсұлтан Назарбаевтың баспасөзінен

29 мамыр күні экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев Мәскеуде Ресей президенті Владимир Путинмен кездесті. Бұл туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы мәлімдеді. Кездесуде қандай мәселе талқыланғаны туралы мәлімет жарияланбады. Осы кездесу жөнінде сарапшылар түрлі пікір білдіріп жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

“Тоқаев билігіне ықпал етуді көздеп отыр”

Қазақстандық экономист Нұрлан Жұмағұловтың пікірінше, Путин Назарбаев арқылы "Росатомды" тықпалап, Тоқаев билігіне ықпал етуді көздеп отыр.

"Мәскеу қазір Ақордаға қысым көрсетіп жатыр. Алдағы 1-2 аптада Қазақстан АЭС салатын компанияны таңдап, түпкілікті шешім қабылдауы керек. Жобаның басты үміткері о бастан "Росатом" еді. Бірақ оның қаржылай жағдайы мүшкіл. Қалт-құлт етіп отыр. Ал Тоқаев бұл жобаға БЖЗҚ-ның немесе Ұлттық қордың бір тиынын да жұмсамайтынын бірнеше рет кесіп айтқан еді. Ресей бұған дейін еліміздегі үш көмір станциясын салуға қаржы құюы тиіс болған, арада екі жыл өтсе де, әлі нәтиже жоқ. Осы жоба үшін арнайы үкіметаралық келісім де әзірленген. Сол уағда бойынша, Ресей Қазақстанға жеңілдікпен несие ұсынуы, ал Қазақстан бұл несиеге Ресейден қажет жабдық мен қондырғылар сатып алуы керек еді. Бұл жоба да қаржы тапшылығына байланысты тоқтап тұр", – дейді Нұрлан Жұмағұлов.

Сонымен қатар сарапшы Екібастұздағы ГРЭС-3 станциясын кеңейту жобасына да Ресей қатысуға тиіс болғанын айтты. Бірақ ресейлік компаниялар Қазақстан ашық тендер жариялаған кезде нақты ұсыныс бере алмаған. Сондықтан сарапшы Қазақстан билігі АЭС салуды қытайлықтарға беруі мүмкін деп топшылады.

"Қазақстанның қазіргі позициясы Кремльге ұнамай отыр. Әйтпесе, бейсенбі күні Путиннің түн ішінде Тоқаевқа телефон соғып, сенбі күні таңертең Ресей министрінің Қазақстан президентімен кездесуі қалайша кездейсоқ болсын?! Тоқаев министрді мүлде қабылдамауы керек еді. Біріншіден, президенттің деңгейі емес, екіншіден, бұл демалыс күні еді. "Росатомның" ұсынысы арзан болар, бірақ санкцияларға байланысты оның келешегі күмәнді. Қазақстан санкция қаупінен сақтанып, бұл жобаны Қытайға беруі ықтимал", – деді Жұмағұлов Ertenmedia.kz сайтына.

“Бұл біздің тәуелсіздігімізді мойындағысы келмейтінін білдіре ме?”

Бұл кездесуге мәжіліс депутаты Ермұрат Бәпи де пікір білдірді. Ол мұны жақсы белгі емес деп бағалады.

"Байқадыңыз ба, ТМД елдерінің барлығы дерлік және көп шет мемлекеттер бірін-бірі Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ақорданың сайтын ашыңыз, онда Путиннен ешқандай құттықтау жоқ. Бұл нені білдіреді? Мысалы, мен қатты қорқамын. Бұл оның біздің тәуелсіздігімізді мойындағысы келмейтінін білдіре ме? Есіңізде болса, өткен аптада Ресейдің Қауіпсіздік Кеңесі төрағасының орынбасары Медведев тағы да Ресей Қауіпсіздік Кеңесінің құрамына қосуы мүмкін. Бұл оның хабары болды. Сосын бір аптадан кейін бізде Қазақстан үшін тамаша дата, Тәуелсіздік күні, Путиннен ешқандай құттықтау жоқ. Бұл жерде әртүрлі қорытынды жасауға болады”, – деді ол мәжіліс кулуарында.

Сонымен бірге Ермұрат Бәпи бұл кездесу екінші Қаңтардың жаршысы бола алады дегенге сенбейді.

“Путин Құдай болғанда да, оны ұйымдастыруға күші жетпейді. Қаңтар оқиғасы халықтық наразылық, халықтың еркін білдіруі болды, бірақ бұл жерде Путин бүкіл қоғамның мұндай қарсылығын қайта жаңғырта алмайды, ол сиқыршы емес. Менің ойымша, бұл жерде басқа да сұрақтар бар. Саясаттанушылар бұл кездесуді талқылауды саяси технология ретінде қоғамды тағы бір дүрліктіру, "ескі Қазақстанның қандай жақсы болғанын" еске салу үшін пайдаланып жатыр”, – деді депутат.

“Бұл кездесуде мемлекеттік функциялар болған жоқ”

Ал депутат Айдос Сарым қорқатын ештеңе жоқ деп есептейді.

"Ол экс-президент және ешқандай мемлекеттік функцияларды немесе тапсырмаларды орындамайды. Бұл - оның жеке сапары. Ол Путинмен ұзақ жыл жұмыс істегендіктен, оны қабылдаған сияқты. Бұл белгі емес деп ойлаймын. Өздеріңіз көрдіңіздер, (Қазақстанға – ред.) сапарынан кейін Путин Ресейде Қазақстан туралы кез келген адам Ресейдің жауы екенін айтты. Бұл іс жүзінде дәйексөз, яғни мұндай мәлімдемелерден кейін ерекше ештеңе жасалмайды. Екеуі ұзақ жолды бірге басынан өткергендіктен, оған деген құрмет бар, бәлкім, ол осыны пайдаланатын шығар. Қандай мәселе талқыланды дегенде бұл хаттамадан тыс кездесу болды, мемлекеттік функциялар болған жоқ. Біз Путинге ешкіммен кездесуге тыйым сала алмаймыз, бұл –  оның құқығы", – деп пікір білдірді Айдос Сарым.

“Мұнда ешқандай да конспирология жоқ”

Ал ресейлік саясаттанушы Александр Асафов Назарбаев пен Путинге талқылайтын нәрсе үнемі табылады дейді. Оның пікірінше, республиканың қазіргі саяси басшылығымен түсініспеушілікке жол бермеу үшін де қос саясаткер кездесуде не айтылғанын жарияламай отыр.

"Путин мен Назарбаев үнемі кездесіп тұрады, сондықтан мұнда ешқандай да конспирология жоқ. Ал кездесудің егжей-тегжейі Қазақстанның қазіргі саяси элитасымен түсінбеушіліктер болмауы үшін әрі түрліше талқыланып кетпесін деген оймен ашылмай жатыр деп болжауға болады. Путин мен Назарбаевтың қарым-қатынасы бұрыннан сенімге құралған. Сондықтан олардың әрдайым талқылайтын тақырыптары болады", – деді ресейлік саясаттанушы Александр Асафов Ura.news сайтына.

“Орталық Азияның шахмат тақтасына маңызды бір фигураны тастағанымен бірдей болды”

Ал журналист Ертай Нүсіпжанов осы оқиғаға "Екі кәрі түлкінің Путиннің күнделікті тұратын жерінде жеке кездесуі саясаттағы ең ірі шахмат ойынының басталғанын білдіреді" деп пікір жазды. Журналист жазған Қытай сарапшыларының саяси шолуы бұл кездесуді қарапайым болғанымен, астыртын деп бағалады.

Қытайлық сарапшылардың пікірінше, Тоқаевтың бірқатар операциясы Ресейдің стратегиялық ауласында от тұтатқанмен тең болды.

"Бұл драманы "Тақтар ойынының" Орталық Азиялық нұсқасы деуге болады. Назарбаевтың державалық империя кестесі Тоқаевтің "темір жұдырығында" күйреді. Ал Мәскеу Тоқаев Назарбаев ықпалын жойғаны ғана емес, Қазақстанның дипломатиялық бағытын да біртіндеп өзгертіп жатқаны қатты алаңдатып отыр. Біріншіден, Ресей мен Украина арасындағы соғыс кезінде ол Украинаның шығысындағы төрт бірдей өңірдің Ресейге кіруіне ашық қарсылық көрсетті. Оған қоса Ресей энергия көздерін пайдаланып, Еуропаға қауіп төндіруге дайындалып жатқанда Тоқаев Еуропаға энергия жеткізуші болуға бейілді екенін танытты. Мұнымен қоймай Тоқаев Еуроодақ отырысында Путиннің алдында Ресей-Беларусь альянсын да сынға алды. Ол тіпті нақты экономикалық шекараны сызып көрсетіп, Ресей басшылығындағы ТМД-ның Трансұлттық валюталық келісімінен де шығып кетті", – делінген хабарламада.

Тоқаевтің бұл әрекеттері Мәскеуге нақты белгілер берді дейді сарапшылар.

"Қазақстан бұдан былай Ресейдің "інішегі" болғысы келмейді. Путиннің дәл осы кезде Назарбаевты шақыра қалуы өткен күндерді еске алу емес. Бұл – Ресейдің Орталық Азия бойынша алдағы әрекеттеріне шолу мұқият ойластырылған саяси сигнал. Путиннің Назарбаевпен кездесуі Орталық Азияның шахмат тақтасына маңызды бір фигураны тастағанымен бірдей болды. Бұл сигнал Тоқаев үшін ғана емес, бүкіл Орталық Азияға беріліп отыр. Ресей бәрін реттеуге кіріспек", – деп жазылған Қытай сарапшыларының саяси шолуында.

Еске салсақ, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев 2024 жылдың желтоқсанында да Путинмен кездескен еді.

Еңлік Сақтан
Жұма, 30 Мамыр, 2025 19:24
Талқылау