Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда жұмыртқа 40 пайызға қымбаттауы мүмкін

Жұмыртқаның бағасы 40 пайызға дейін көтерілуі мүмкін, себебі мемлекет жұмыртқа өндірісін субсидиялауды тоқтатты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі "Қазақстан" ұлттық арнасына сілтеме жасап.

жұмыртқа

Осы уақытқа дейін фабрикаларға әр жұмыртқа үшін 2-3 теңге төленетін. Енді ол демеу қаржы болмаса, шығыны көп өндірісті сақтап қалу қиын дейді өнім өндірушілері. 

Елімізде 30-дан астам құс фабрикасы бар, соның бірі Ақмола облысы Ақмол ауылындағы өндіріс орны. Кәсіпорынның жылына 60 миллион жұмыртқа шығаруға қауқары бар, бірақ зауыт қазір толыққанды жұмыс істеп тұрған жоқ. Тауық бар, жұмыртқа жоқ. 

Тауық жұмыртқалауы үшін, бірінші жем керек, ал жем қымбат. Отын, электроэнергиясы мен судың бағасы да өсіп жатыр. 

"Жұмыртқа өндірісі 70 пайыз тауық жеміне байланысты, одан бөлек түрлі витаминдер мен тыңайтқыштарды біз өзге елден сатып аламыз. Осындай өндірістік шығындарды есептегенде, өнім өзіндік құнын ақтамады. Мемлекеттен төленетін субсидия тоқтаған соң, біз амалсыз жұмыртқа өндіруді тоқтаттық. Қазір тек ет бағытында жұмыс істеудеміз", - дейді құс фабрикасының цех директоры Ольга Миронова.

Жұмыртқа өндірушілерге 10 жыл субсидия төленді. Шығын соның есебінен реттелетін. Нәтижесінде отандық кәсіпорындар ішкі нарықтың қажеттілігін артығымен қамтамасыз етті. Жылына 5 миллиардқа жуық жұмыртқа шығарылды. Енді әрі қарай фабрикалар өз күнін өзі көруі керек дейді министрлік. Бірақ жұмыртқа өндірушілер мұнымен келіспейді, субсидиясыз кіріс көбеймейді, ал бұл бағаның өсуіне алып келеді. Қазір сауда орындарында 10 жұмыртқаның орташа бағасы 360 теңге. Бірақ, өндірушілер өнім құнын алдағы уақытта екі есеге дейін өсіруді жоспарлап отыр. 

"Алғашқы сәтте 10-15 пайызға өсуі мүмкін, одан кейін 30-40 пайыз. Егер субсидия төленбесе, фабрикалар өздігінен дами алмайды. Кәсіпорындардың үштен бір бөлігі банкрот болады. 2000-нан астам адам жұмыссыз қалады", - дейді қазақстандық жұмыртқа өндірушілер қауымдастығының төрағасы Максим Божко.

Ауыл шаруашылығы министрлігі жұмыртқа өндірісін, өзін өзі қамтамасыз ете алатын сала қатарына енгізген, сондықтан фабрикаларды қолдау ережесі өзгерді. 

"Оны дұрыстап түсіне керек. Жаңағы тауықтарды сатып алғанда, субсидиясын төлейміз. Инфоструктураны кеңітемін десе, жаңа құрылғы сатып аламын десе, оған да субсидияны қалдырдық. Субсидияны азық-түлік жағынан қарастырып жатырмыз", - дейді ҚР ауыл шаруашылығының бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров.

Енді министрлік пен өнім өндірушілері ортақ мәмлеге келуі тиіс, олай етпесе салмақ халықтың қалтасына түседі. 

Талқылау