Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жылына 3-4 рет жұбайымен жақындасатын азаматтар: қазақстандық ерлер қандай құпияларын жасырады?

Бұрын соңды бедеуліктің басты себептерін әйелдерден іздесе, соңғы кездері мамандар ер азаматтардың репродуктивті денсаулық көрсеткіштерінің төмендегенін айтады. Дәрігерлердің айтуынша, ер азаматтар бедеулігінің пайызы біршама жоғарылап кеткен. Бірақ олар дер кезінде мамандарға қаралып, уақытында емделсе еш кедергісіз балалы болуға мүмкіндіктері көбейеді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісіне алматылық уролог-андролог Ерік Қартанбаев айтып берді.

Жылына 3-4 рет жұбайымен жақындасатын азаматтар: қазақстандық ерлер қандай құпияларын жасырады

Ерік Қартанбаев кезекті материалымызда ер адамдардың бедеулігінің басты себептерін атаса, бұл жолы сол себептермен күресу жолдарын айтады.

Қазақстанда медицина саласы жоғары деңгейде дамып келе жатыр. Отандық дәрігерлер көптеген заманауи инновациялық технологияларды қолдану арқылы түрлі ауруларды емдеп жатыр. Солардың бірі соққы толқынды ұру құрылғысы, ол ер азаматтарды белсіздіктен арылтып ғана қоймай, бедеулікті де емдейді. Бұл құрылғы соңғы 3-4 жылдың ішінде қазақстандық емханаларда белсенді қолданылуда.

Аталған құрылғыны белсенді қолданып жүрген уролог-андрологтардың бірі алматылық Ерік Қартанбаев болып табылады. Оның айтуынша, бүгінгі күнге дейін осы құрылғының күшімен 500-ге жуық науқас өз ауруларынан айыққан.

«Негізі бастапқыда соққы толқынды ұру құрылғысы Англияда спортшыларға арналып ойластырылған. Алайда кейінгі жылдары урологиялық ауруларды зерттеу барысында жыныстық мүше аураларын соққы толқынды терапиямен емдеуге болатындығы белгілі болған. Сол себепті де құрылғы соңғы он жыл ішінде урология саласында қарқынды қолданысқа ие болды. Осылайша бұл құрылғы Алматы қаласындағы Репродуктивті медицина институтында 2015 жылдан бері урология саласындағы аураларды емдеу мақсатында қолданылып келеді», – дейді Ерік Қартанбаев.

Соққы толқынды терапияның нақты қандай ауруларға көмектесетінін айтқан дәрігер жоғарыда айтылған 500 науқастың 90-93% ауруларынан толық айыққандығын жеткізді.

«Соққы толқынды терапияны қолданудың басты көрсеткіштері болып эректильді дисфункция (белсіздік), созылмалы простатит, қуық асты бездерінде тастардың пайда болуы, қуық асты безінің қатерсіз ісігі және Пейрони ауруы (жыныстық мүшенің қисаюы) болып табылады. Аталық бездерде жиналған сөлдер қатып, салдарынан белгілі дертке шалдығуға болады. Осы аурулардың соққы толқынды терапия арқылы емдеп, бедеуліктің алдын аламыз», – дейді дәрігер.

Сонымен қатар, дәрігер жаңа технологияларды пайдаланудың басты артықшылығын айтты.

«Ескі емдеу шаралары бойынша жыныстық мүшені ауыртатын процедуралармен емдейтінбіз. Мысалы простатиттердің түрлерін уқалау процедурасымен кетіретін. Ал аталған құрылғы арқылы соққы толқынды терапия процедурасы жеңіл болып табылады.

Бұл құрылғыны қолдану барысында жыныстық мүшенің жергілікті тіндеріне қан айналымын жақсарту, циркуляцияны қалпына келтіру, жаңадан қан тамырларын түзеу арқылы жақсы эффект беріледі. Адамның жеген дәрумендері көп мөлшерде және нақты жыныстық мүшенің жұмыс істеу қабілетіне әсер етуіне септігін тигізеді.

Қан тамырларының қабырғасында түйіншектер пайда болады. Олар тамырларды бітеп тастағандықтан, қан айналымы жүрмей қалады. Сол себепті тіндер өле бастайды. Сол кезде осы соққы толқынды терапия жасау арқылы қол жетпейтін терең тіндерді оятуға, жақсы қан айналыммен қамтамасыз етуге болады. Сонда тереңдерде жаңадан тамырлар пайда болады.

Осы себептерді дер кезінде анықтап, белігіл шара қолданбаса ер азаматтар эректильді дисфункция ауруына шалдығады. Бұл диагнозді еркектер психологиялық тұрғыда өте ауыр қабылдайды. Кейбіреулері ол аурудың отадан басқа емін таппай жатады. Сондықтан ер азаматтарға айтарым уақытылы дәрігерге көрініп тұру қажет», – дейді уролог.

Ал эректильді дисфункцияға шалдыққанын анықтау үшін кез келген азамат урология орталықтарында МИЭФ-5 тестін тапсырып көруіне болады. Ол тест арқылы жыныстық мүшенің эрекция кезіндегі қалпын бақылауға болады. Бес балдық тесттің көрсеткіші үш болса эректильді дисфункцияға жатқызуға болады екен.

Соққы толқынды терапия арқылы емделген науқастардың оқиғасын айтып берген Ерік Қартанбаев үміт үзбеуге шақырады.

«Балалары жоқ ерлі-зайыптылар келді, себебін анықтау кезінде бәрі дұрыс болып шықты. Талдаулар көрсеткіштері екеуінің де денсаулықтарының жақсы екенін көрсетті. Сонда екеуімен бірге ашық сөйлесуді ұйғардық. Аптасына неше рет жыныстық қатынасқа түсетіндерін сұрасақ, ері үндемейді, әйеліне қарасақ, 3-4 айда бір рет дейді. Бұдан бөлек те басқа отбасылары бар, 1-2 жылдың ішінде 3-4 ақ рет жыныстық қатынасқа түскендер бар. Неге десек, ол ер адамдардың жыныстық мүшелері жұмыс істемейді, демек эректильді дисфункция ауруына шалдыққан. Осындай азаматтарды емдеп, артынша әйелдері бала көтеріп жатқандар көп.

Тағы бір оқиғаны айтар болсам, үйленгеніне 4 жыл болған ер азамат келеді. Ұрығын тексерсек, ноль пайыз көрсетіп тұр. Зерттеу барысында барлығы жақсы көрсетіп тұр, бірақ анықтау барысында ұрық шығатын жолдары бекітілген. Сонымен трансректальді УЗД жасап, тікішек арқылы қуық асты безін тексерген кезде простатада үлкен екі тас ұрық шығатын жолды бітеп қалған екен. Сол тасты соққы толқынды терапия процедурасын жасау арқылы жібітіп, ұрық шығу жолын ашқан едік», – дейді Ерік Қартанбаев.

Ескерту! Материалды көшіріп басуға қатаң түрде тыйым салынады.

Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Талқылау