Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жұлдызай Дүйсенбиева: Күйеулері гүл сыйламаса, әйелдерінің өзі кінәлі

Жұлдызай Дүйсенбиева әр әйелдің бойында өзіне тән қасиеті бар екенін айтты. Үй ханымы болсын, жұмыс басты адам болсын әр әйел уақытын тиімді пайдаланса, ақша да табады, жолдасының да көңілін табады деген пікірде. 

Бұл туралы "Ниет" бағдарламасында айтылды. 

Үйде отырған әйелдердің кей сәтте күйзеліске түсіп, өзін өзгемен салыстырып, артта қалғандай күй кешетіні бар. Мұндайда бірі психологке жүгінеді, бірі құрбысына сырын айтады, бірі іштен тынады. Оның бәрі жүйкеге, денсаулығына әсер етеді. Бұл ретте актриса Жұлдызай Дүйсенбиева мынадай кеңесін айтты. 

"Үй ханымдары ғана емес, кез келген әйелдің күйзеліске түсетін кезі болады. Сахнада жүрген әйелдер де, жұмыста жүрген әйелдердің де өмірі керемет деп ойлауға болмайды. Менің де отбасымда ұрыс болады. Менің де күйзеліске түсетін кезім болады. Оның бәрінен өзіңді алып шығу керек. Менің пікірімше, әр әйел өзін табу керек. Инстаграмда ана әйел былай істеп жатыр. Мен де сөйтейін. Мен де вайн түсірейін немесе мен де әдемі болып боянып жүрейін деп ойлайды. Біреудің істегенін емес, өзіңнің жан қалауыңды істе. Ерекше бірнәрсе ойлап тап. Үйде отырып та ақша табуға болады. Үйде отырып та өзіңе қарауға болады. Неге әйел күйеуі үшін не сырт көз үшін өзін күтуі керек. Неге ел не ойлайды деп емес, неге өзіне ұнағандықтан күтінбейді", - деді ол. 


Актриса Жұлдызай Дүйсенбиева: Жалғыз қызымды Алладан сұрап алдым


Жұлдызай ханымның айтуынша, күйеулері әйеліне көңіл бөлмесе, гүл сыйламаса, сыйлық бермесе, әйелдердің өзі кінәлі. 

"Ер азаматтар гүл сыйламай ма, онда әйелдер кінәлі. Әйелдің өзі гүл алғыза алмайды. Оны айту керек. Астарлап жеткізе білу керек. Бәленшенің күйеуі әйеліне гүл беріпті, бізде ол да жоқ демей, сыпайылап жеткізу керек. Ер адам гүл солып қалады, оның не керегі бар деп ойлауы мүмкін. Оны түсіндіре білу керек. Мәселен менің күйеуім маған гүл сыйламайтын. Ондайды түсінбейтін. Мен де үй шаруасына мән бермейтінмін. Жұмысыма көп уақыт бөлетінмін. Дайын тағам алдыра салатынмын. Карантин уақытында қамыр жайып, қолдан тамақ жасап, пысық болып кеттім. Небір тәттілер пісіретін болдым. Ол жұмыс өзіме ұнай бастады. Бұл кезде күйеуім де өзгере бастады. Маған көңіл бөле бастады. Сыйлық беретін болды. Жалпы күйеудің көңіл бөлуі де әйелге байланысты екен", - деді Дүйсенбиева. 

Актриса қазір үй ханымы. Өнерден біржола кеткенін хабарлаған еді. Қазір әлеуметтік желіде белсенді. Вайн түсірумен айналысып жүр. Бұл өзімнің қалауым дейді. 

"Мен келін атанған соң, жар атанған соң үйде отырғанды қаладым. Гастрольдік сапармен жүргім келмеді. Үйде отырып та ақша табуға болады. Таңғы 6-да тұрып, үй шаруасын реттеймін. Одан соң вайнға кірісемін. Қасымда қызым бірге жүреді. Үйде кірді қолмен жуамын, еденді қолмен жуамын. Ол мен үшін фитнес. Фитнеске арнайы барып жүрмеймін. Жұмысшы жалдамаймын. Әр күні әр түрлі іспен айналысамын. Осылайша үй ісінен жалықпай жүруге болады", - деді Жұлдызай ханым. 

Талқылау