Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қырық күн дұғасы қабыл болмайды": Имам жұлдыз жорамалға сену қаншалықты дұрыс екенін айтты

Қазіргі таңда жұлдыз жорамалға сенетіндер көп. Бірақ имамдар қағаз беттеріндегі кеңестерге сеніп, күнін жорамалмен жоспарлап, тірлігін болжаммен байланыстыратындардың дұға-тілегі қабыл болмайды дейді. Мамандар жұлдыз жорамал мен астрология қаншалықты рас екенін және оған сенуге бола ма, соны түсіндірді деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Astana TV арнасына сілтеме жасап.

2020 жылға арналған жұлдыз жорамал

Астрологтардың айтуынша. жалпылама жорамалдардан гөрі бір адамның туған күні мен жылына есептелген болжам тура келеді. Ол планеталардың қозғалысына байланысты жасалады екен. Ғалымдар жұлдыздар шатаспайды дейді.

“Адамның туған күніне қарай болжам картасы ұсынылады. Ол жерде он түрлі ғаламшар бар. Оның әрқайсысы белгілі бір зодиак белгісін көрсетеді. Сол арқылы астролог белгілі бір ақпараттарды көре алады. Ол қандай адам, не істеуі керек, қандай істе жолы болады, т.б. жорамалдар байқалады. Ол 100 % нақты деп сенімді түрде айта аламын”, – деді астролог Ақбота Қадырбекова.

Имамдардың айтуынша, бұл – күнә. Жұлдыздарға қарап, болашақты болжағандар сиқыр жасағандармен бірдей күнә арқалап, қырық күн бойы тілеген тілектері мен дұғалары қабыл болмайды дейді.

“Болашақты Алла тағаладан басқа ешкім білмейді. Жұлдыздардың құрылымы болашақты баяндамайды. Бір адамның болашағы, оның мінезі, өмірі жұлдыздарға қарап мәлім болады екен деп сонымен айналысуға болмайды”, – деп мәлімдеді наиб имам Әділхан Серікбай.

Жұлдыз жорамалға тәуелділік адамның психикасын бұзады. Өз бетімен шешім қабылдап, сәтсіздікке ұшыраған жағдайда қиындыққа төтеп бере алмай қалуы мүмкін.

“Психикаға кері әсерін тигізеді. Жұлдызнаманың барлығы жанама түрде жазылады. Сондықтан барлығына бірдей келе беретін сияқты. Адамдар ол ақпаратты жүрегіне жақын қабылдайды”, – дейді психолог Анаргүл Ибрайымбекова.

Тек жұлдыз жорамалға қарап шешім қабылдау өмірге кері әсерін тигізеді. Мамандардың айтуынша, адам не нәрсеге сенсе, алдынан сол шығады.

Қырмызы Скендирова
Бейсенбі, 16 Ақпан, 2023 10:55
Талқылау