Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүйелі әрі ұйымдасқан жұмыстың нәтижесі”: ҚФФ басшысы елімізде футбол нарығын дамытуға арналған жоспарларымен бөлісті

Қазақстан футбол федерациясының басшысы Әділет Барменқұлов Prosports.kz порталына берген сұхбатында елімізде футбол нарығының дамуы үшін қандай жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен қатар басшы Қазақстан құрамасының Данияға қарсы ойында жеңіске жету құпиясы мен бірқатар маңызды жаңалықтармен бөлісті.

Федерация басшысы бұл маусымда алдымен төрешілік жүйесін жетілдіру бойынша үлкен жұмыстар атқарылғанын алға тартты. Айтуынша, Премьер-лиганың үздік 23 төрешісі таңдалып, олармен жеке кәсіби жұмыстар жүргізілген. 

“Қазір олар өз жұмыстарын еш шағымсыз керемет атқаруда. Оның үстіне біз төрешілерге кәсіби мәртебе беруді қарастырып жатырмыз. Егер олар өз істерінде шеберлігін көрсетсе керемет келісім-шарттар күтетін болады. Осылай ынталандыру арқылы спорттағы мәдени этикетті төрешілермен қоса клубтар арасына да енгіземіз”,  – деді Барменқұлов.

Федерация басшысы маусымда бапкерлер мен ойыншылардан өз жұмысының сапасын арттыруға деген ұмтылыс байқағанын баса айтты. Сонымен қатар ол футболшылар әр мачта жеңіске деген қадамның өзінен басталатынын ұғынуы керек екенін алға тартты.

“Ойынның нәтижесіне жаттықтырушылар штабы да, әкімшілік блок та, спортшылар да жауап береді. Сондықтан жұмыс қорытындысына әрқашан талдау жасаймыз. Мысалы, Словениямен болған сәтсіз ойыннан кейін жаттықтырушылар штабы орасан зор жұмыс атқарды. Көпшілік Данияға қарсы ойында бізде сәттіліктің басым болғанын айтады. Алайда мен бұл пікірге келіспес едім. Еуропадағы ең мықты командалардың бірін тек жолы болғаннан жеңу мүмкін емес. Бұл үлкен жүйелі әрі ұйымдасқан жұмыстың нәтижесі”, – деді ол.

Әділет Барменқұлов өзінің ҚФФ-да қызметке келген бір жылдың ішінде спортты дамытуға барынша күш салғанын жасырмады. Сөзінше, қазірдің өзінде еліміздің барлық аймақтарында футбол алаңдарын жаңарту бағдарламасы қолға алынған.

“Кейін бұл алаңдар жабдықтармен қамтамасыз етіліп, ҚФФ ұйымдастыратын барлық жарыстарда қызмет етеді. Еліміздің әрбір қаласында толық көлемде жаңа футбол алаңдарын салу үшін қаржы бөлініп дайын тұр. Сонымен қатар "Ауылдағы футбол" бағдарламасын да іске қосуды жоспарлап отырмыз. Сонда футбол алаңдарымен тағы 50 ауыл қамтылады”, – деп қосты ол. 

Федерация басшысы “Гол” бағдарламасы арқылы жастар лигасы құрылғанын тілге тиек етті. Сол арқылы білім беру жобаларына да назар аударылып жатыр екен.

“Жоба наурызда AlmaU университетімен бірге басталды. Мақсатымыз 3 жыл ішінде 3000 футбол маманын дайындау. Сондай-ақ, ауылдардағы балаларды футболға үйрете алатындай C және D деңгейінде лицензиясы бар жаттықтырушыларды дайындау мүмкіндігін қарастырып, басқа университеттермен де жұмыс істеп жатырмыз”, – деді басшы. 

Барменқұлов осы тұста басты инвестор ретінде мемлекеттің рөлі өте маңызды екенін алға тартты. Себебі инфрақұрылымды дамыту мәселелеріне мемлекеттік қолдау қажет екен. Айтуынша, футбол бизнес индустриясын құруға нақты мақсаттар мен қадамдар да жасалған.

“Бүгін біз футбол клубтарын ынталандыру бағдарламасын әзірледік. УЕФА бізге бұл жағынан көмектесуге дайын. Біз кадрлардың құзыреттілігінде үлкен проблеманы көріп отырмыз. Көптеген клубтарда даму стратегиясы жоқ. Мемлекет жылына 1,2 миллиард теңге бөледі. Сондықтан үйірмелер өз жұмысын нәтижелі жүргізіп, мемлекеттен бөлінген әрбір теңге тиімді болғанын қалаймыз”,- – деді Барменқұлов.

Федерация басшысы Руандада өткен ФИФА конгрессіндегі әсерлерімен де бөлісе кетті. ФИФА президенті Джанни Инфантино жаңа мерзімге қайта сайланғанын, Африкадағы футболдың қалай дамып жатқанына қарап, үлкен тәжірибе алмасқанын айтты.

“Мұндай кездесулер біздің федерация үшін өте маңызды және пайдалы. ФИФА мен УЕФА тарапынан бізге деген көзқарас жоғары болды! Ерекше жағдай жасалып, ерекше көңіл бөлінуде. Тамаша қарым-қатынас орнаттық деп айта аламын”, – деді ол. 

Сөз соңында Әділет Барменқұлов елімізде медиа-нарықтың құрылысы маңызды тақырып екенін жеткізіп, федерация мұндай мәселені шешудің жолдарын қарастыратынын алға тартты.