Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Журналист Жәмила Маричева павлодарлық полицейлердің өзінің ізіне түскенін мәлімдеді

Журналист Жәмила Маричева қазақстандық полиция тарапынан оған деген жаңа қызығушылықтың пайда болғанын айтты. Оның айтуынша, бірнеше күннен бері құзырлы орган өкілдері пәтерінде кім тіркеуде тұрғанына тексеріс жасаған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Кaztag.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото Жәмила Маричеваның Facebook парақшасынан алынған

Журналист жүгіру кезінде өзін ұстап кеткенін, енді тіркеуде кіммен тұратынынын тексеріп жатқанын айтады.

"Мұны осында тіркеп қояйын, себебі павлодарлық полиция маған ерекше қызығушылық танытып отыр. Екінші күн қатарынан келіп, туыстарымды мазалап пәтерімде 18, 25, немесе 12 адам тіркеуде тұрғанын айтып жатыр. Ішке кіруге қатты құмар секілді", – деп жазды Маричева әлеуметтік желідегі парақшасында.

Ол шағым дайындап жатқанын да қосты.

"Сондай-ақ менің пәтерімде ешқандай бөтен адамды тіркемегенімді, бұл адамдардың кім екенін білмейтінімді де көпшілік алдында айтқым келеді. Егер бұл жалған тіркеулер болса, онда сұрақ көші-қон қызметіне: менің рұқсатымсыз пәтерімде қалайша 18, 25 немесе 12 адам тіркеліп кеткен? Шамасы, керісінше маған емес, олардың жұмыс сапасына сұрақ қоюым керек секілді", – деді журналист.



Еске салайық, 24 сәуірде Алматыда ProTenge жобасының негізін қалаушы әрі бас редакторы Жәмила Маричева полиция бөліміне жеткізілді. Оны полиция Азаттық радиосының қаңтардағы жазбасын қолдағаны үшін ұстап әкеткен. Кейін ол полиция ғимаратынан шыққанын хабарлады. 25 сәуірде Маричева журналист Асхат Ниязовпен бірге сот процесіне дайындалып жатқан еді. Осы күні кешке мәдениет және ақпарат министрі Айда Балаева Маричева мен Ниязовтың ісі жайлы жазба жариялады. Бірақ полицияның әрекеттеріне баға берген жоқ. 13 мамырда сот Маричеваны осы іс бойынша айыппұл төлеуге міндеттеді.

Талқылау