Жүргізушілерге жаңа санаттар беріледі: Қазақстанда автосақтандыру бағасы өспек
Елімізде көлік жүргізушілері үшін автосақтандыру құны бірнеше есе өскелі отыр. Өйткені қаржы нарығын реттеу агенттігі есептеу ережелерін өзгертпек. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Pixabay.com
Енді жүргізушілер үшін жаңа санаттар енгізіліп, А және М2 класстары пайда болады. Жол ережесін жиі бұзатын жүргізушілер осы ең төменгі санатқа түсіріліп, полис құны 13-класқа қарағанда 7 есе қымбат шығады. Мәселен, көлікті мас күйінде басқарған не рөлді мас адамға ұсынған, салдарынан қайғылы оқиға болған, апат үлкен материалдық шығынға әкелген жағдайда жүргізушінің санаты осы М2 класына дейін төмендетіледі. Алғаш рет сақтандыру полисін алғалы отырған жүргізушілерге А санаты берілмек.
Санаттың төмендеуіне әкеп соғатын заң бұзушылықтар тізімі айтарлықтай ауқымды. Мысалы жылдамдықты асыру, қарсы жолаққа шығу, бағдаршамның қызыл түсіне өту, патрульдік полицияны елемеу, жолда апатты жағдайлар тудыру да сақтандыру құнының еселеп өсуіне сеп болады.
“Сонымен қатар әкімшілік және қылмыстық құқық бұзушылықтар да ескеріледі. Апат саны ғана емес, ауырлығы да ескерілді. Егер апаттан келтірілген залал 200 АЕК-тен аз болса, жүргізуші сыныбының төмендеуі 1 сыныпқа кем болады”, – деді сақтандыру нарығы және актуарлық есеп айырысу департаменті басқармасы бастығының орынбасары Әзиз Әбілқасым.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі өкілдерінің айтуынша, кемі 5 жыл 13-санатта болған жүргізушілерге қосымша жеңілдіктер ұсынылуы ықтимал. Сақтандыру компаниялары полистің құнын төмендетуі мүмкін. Бірақ белгілі бір шектен түсіруге болмайды.
Айта кетейік, жаңа санаттар 7 сәуір күшіне енеді.