Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жүргізуші куәлігі жоқ: Павлодар облысында мас жүргізуші полиция көліктерімен жарыс ұйымдастырды

Мас ауыл тұрғыны ВАЗ-2107 автокөлігімен Павлодар облысының тас жолында полицейлерден қашуға тырысып, жүйіткей жөнелген. Алайда, ойы іске аспады, полицейлер оны ұстады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

10 қыркүйек күні сағат 18.00 шамасында облыстық департаменттің патрульдік полиция ротасының экипажы, аға лейтенанттар Жандаулет Рамазанов пен Әлішер Латыпов Омбы трассасын патрульдеп, Достық ауылының маңында үлкен жылдамдықпен келе жатқан ВАЗ-2107 автокөлігін байқаған. Жүргізуші полицияның тоқтау талаптарына бағынбай, жылдамдықты қосып, Павлодар қаласына қарай жүруді жалғастырған.

"Жылдамдықты төмендете алмайтын еді, өйткені үлкен жылдамдықпен келе жатқан автокөліктен ауыр зардаптарды күтуге болады. Қуғынға екінші автопатруль де қосылды, оның құрамында аға лейтенант Дастан Рамазанов пен Тимур Сыздықов бар. Көлік Мичурино ауылының маңында ұсталды", - деді аймақ ПД бастығы Нұрлан Мәсімов.

Белгілі болғандай, 30 жастағы ауыл тұрғыны алкоголь ішкен соң әкесінің көлігімен серуендеуге бел буған. Бұл ретте ол автокөлікті басқару құқығы жоқ екенін және ешқашан болмағанын ұмытып кетіпті.

Құқық бұзушыға қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы (жүргізушінің көлік құралын  мас күйде басқаруы) және 612-бабы (оны басқару құқығы жоқ адамның көлік құралын басқаруы) бойынша әкімшілік іс қозғалды. 

 Бірінші бап бойынша кінәлі азамат 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынады және жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады, екіншісі бойынша - 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл - 55 560 теңге төлейді.

Автокөлік айыппұл тұрағына қамалды. Материалдар шешім қабылдау үшін сотқа жіберілді.

Жыл басынан бері облыс аумағында мас жүргізушілер жасаған 14 ЖКО тіркеліп, нәтижесінде екі адам қаза тауып, 19 адам жарақат алды. Тағы 734 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені үшін ұсталды.

STAN.KZ
Жұма, 11 Қыркүйек, 2020 11:56
Талқылау