Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Түркістан облысында жүргізуші 6 жасар баланы қағып өлтіріп, оқиға орнынан қашып кеткен

Түркістан облысында жүргізуші жолға шығып кеткен алты жасар баланы қағып, оқиға болған жерден қашып кетті. Бала алған жарақаттарынан ауруханада есін жимастан қайтыс болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі полиция департаментіне сілтеме жасап. 

Апат туралы ақпарат ауруханадан Кентау полиция бөлімінің кезекші бөліміне түсті. Жол апатынан жарақат алған кішкентай бала медициналық мекемеге жеткізілді.

Полиция қызметкерлері күдіктіні Кентау қаласының іргелес ауылдарының бірінде қолға түсірді. 

Тергеу барысында анықталғандай, көшелердің бірінде жүргізуші рөлге ие бола алмай, жолға шығып кеткен алты жасар баланы қағып кеткен. Ер адам жараланған баланы ауыл дүкенінің жанына тастап, жол-көлік оқиғасы болған жерден қашып кеткен. Дүкен иесі баланы байқап қалып, жедел жәрдем шақырады.

Іс "Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану ережелерін бұзуы" бабы бойынша тергелуде. Бұл үшін қылмыскер бес жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Баланы қаққан адам қамауға алынды. Кентау полицейлері оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Талқылау