Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүрген жерінде бізді жамандамаса екен": Гүлзира Айдарбекова келіндері туралы айтты

Танымал продюсер Гүлзира Айдарбекова келіндерімен қарым-қатынасы туралы айтты. Жақында үшінші мәрте ене атанған продюсер кенже келінің де ел білмейтін құпиясын ашты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Мамский әңгіме" подкастына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оның айтуынша, келіндері бола тұра, бүкіл тірлікке өзі жүгіреді екен.

“Келін – өміріміздің жалғасы. Кейде ұйықтай тұрсын өзім жасап тастай қояйын, күйеуімен қыдырып келсін деп келіндерімнің қас-қабағына қарауға тырысамын. Кейде ашуланғанда Нұртас ұрысады. “Келін алсаң да әлі күнге дейін өзің жүресің” деп. Келіндеріңе үйретсеңші, соларды жұмса деп айтады. Соның өзінде де есімнен шығып кетеді, өзім шауып кетемін. Үйде көмекшілеріміз бар, олар кейде жоқ болады, сұранып кетеді немесе тұрмыс құрып кетеді. Сондай жағдайда өзіміз үй тірлігімен айналысуға тура келеді. Сол кезде де келіндерімді жұмсамаймын. Өздерінің біліп, түйсігімен ойлап істегендерін жақсы көремін. Күні кеше ғана Заңғардың тойын жалғыз өзім ұйымдастырдым десем болады. Мейрамханамен де өзім сөйлестім. Қыз жаққа апаратын жөн-жоралғы, салт-дәстүр, сый-сияпат дүниелердің бәрін жалғыз өзім жүріп алдым. Өзімнің келіндерім немесе туысқандардың келіндері келіп, хабарласып жатса, қуанып қалушы едім. Ондай болмады. Нұрекең соны да көріп, келіндеріңе үйрет, айт деп ренжиді. Ұлдарымның үйіне барғанда құр қол бармай, тоңазытқыштарын толтырып кетемін. Немерелеріме сағынышымды басып, жыртықтарын жамап кетемін. Сол жақсылығымызды біліп, көрінген жерде бізді жамандап жүрмесе екен деп тілеймін”, – дейді продюсер. 

Айтуынша, келінмен түсінісіп, бір шаңырақтың астында өмір сүру үшін уақыт керек екен.

"Ата-ана деген "қайтсем баламды бақытты етемін?" деп ойлайды ғой. Кейде маған "енесі күн бермей жатқан шығар" деп жазады. Сол кезде таңғаламын. Олар біздің отбасымен бірге өмір сүріп жатқан жоқ қой. Келіндермен қарым-қатынаста кейде соқыр, кейде керең боласың. Өзіңнің туған қызың болмағаннан кейін түсінулері қиын. Бірақ соны түсіндіргіміз келеді. Оны түсінетін келін болса, әрине. Бір жіберіп, бір тартып отырасың. Шыдайтын келін болса шыдайды, шыдамайтыны болса  өмірімнен жібере салайыншы дейсің. Өздерінің білетін кезі жетті. Айтқаныңа көнетін келін болса ақылыңды айтасың, айтқаныңа көнбесе бәрін тоқтатып, білгенімен жүрсін дейсің. Келінмен ұрсып, енелер абырой таппайды", – деді ол.

Сондай-ақ продюсер бұрынғы келіні Жібекке жиі тиісетін оқырмандарына ренжіді. 

“Жібектің кетіп қалғанын менен көрді. Енесі күн бермепті деген әңгіме де айтылды. Ол ішіп-жегеніне дейін ел талқысына түсетін танымал отбасыға келін болуды қабылдамады. Бір фото салса, астына неше түрлі негатив пікір жазады екен. “Мұрның жаман, түсің суық, тісің қисық” деген түрлі пікірді оқиды. Үй тірлігіне де онша араласпайтын, мектеп бітіре салып шетелде оқыған қыз болған. Үлкен әулетке сіңіп кете алмады, оның үстіне баламмен де ара-қатынасы онша болмағасын екіге кетті. Енді мен мына келінімнен де қорқамын. Бұл да парақшасына бір фото салса, “ақшасына қызықтың”, “қу адам екенің көрініп тұр” деген пікірлер жазады екен”, – дейді Гүлзира Үсенқызы. 

Талқылау