Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жүрегі тоқтап қалған": Ақтөбеде ит шабуылдады деген 7 жасар баланың өліміне қатысты мәліметтер пайда болды

Ақтөбеде жеті жасар балаға ит шабуылдап, жүрегі шыдамады. 1-сынып оқушысының денесін анасы үйінен бірнеше қадам жерде тауып алған. Отбасы ұлының иттен қорқып өлгенін айтады. Мектеп басшылығы мен дәрігерлер жағдай туралы толығырақ айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Ақтөбеде 1 сыныпта оқитын бала анасымен үйден шыққан. Анасы есікті құлыптап жатқанда, бала одан ертерек шығып кетті.

“Қоқыс контейнерінің жанында ит оның үстіне секірді. Қорқыныштан ұлымның жүрегі жарылып кетті. Әйелім мұның бәрін көріп тұрды. Қызым да көрді. Сосын  итті алып кетті”, – деді ер адам.

Сағат 8-де сынып жетекші сабаққа келмегендерді түгендеп, Әнуардың анасы қоңырау шалған. Бірақ Әнуардың анасы бесінші хабарласқанда, жауап беріп, ұлының енді жоқ екенін жылап айтты. Ұстаз бірден бала жатқан ауруханаға барып, келіншекпен кездескен.

“Анасы жылап жатыр. "Не болды?" деп сұрасақ, "Балам құлап қалды, мен көмектесе алмадым" деді. Жылап, ештеңе айта алмай тұр. "Ұлым енді жоқ. Болды, ол кетіп қалды" дей берді. Анасының халі де ауыр”, – деді Ақтөбе қаласындағы №16 мектептің директоры Эльвира Ғалымова.

Дәрігерлер өлімнің нақты себебін әлі атаған жоқ. Айтуларынша, жедел жәрдем келгенше, бала көз жұмған. Бірақ бірінші сынып оқушысы денсаулығына байланысты еш жерде тіркелмеген.

“Команда бес минутта жетті. Бірақ ол кезде клиникалық өлім тіркелді. Барлық реанимациялық шара 30 минут жүргізілді, бірақ еш нәтиже болмады. Өлім расталды”, – деді Ақтөбе облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әлия Шарбақова.

Полиция қайғылы оқиғаға ит себеп болуы мүмкін деп нақты айтқан жоқ. Олар алдымен бейнекамераның барлық жазбасын зерттеп, куәгерлерді сұрау керек дейді. Тәртіп сақшылары оқиға орнында ит болғанына да сенімді емес.

“Сағат 7:30 шамасында Маресьев көшесіндегі үйдің ауласынан кәмелетке толмаған баланың мәйіті табылды. Оқиға орнына жеткен жедел-тергеу тобы мәйітте зорлық-зомбылықпен өлім белгілері жоқ екенін анықтады. Сараптама тағайындалды”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық ІІД тергеу басқармасының бастығы Бауыржан Асауов.

Мерт болған баланың анасы күйеуімен ажырасқаны белгілі болды. Ақтөбеге былтыр Қандыағаштан көшіп келген.

Әйелдің екі баласы болған. Енді қызы ғана қалды.

Еске салсақ, Ақтөбеде 1-сынып оқушысын мектепке барар жолда ит талап өлтіргені туралы ақпарат тараған еді.

Талқылау