"Жүкті екенін білгенде, өлтірмес едім": Атырауда NCOC компаниясының менеджерін өлтірген ер адам өмір бойына сотталды
Фото: azh.kz/Linkedin/Бибігүл Шпанова
Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты NCOC мұнай компаниясының менеджері 46 жастағы Бибігүл Шпанованы өлтіру ісі бойынша үкімді жариялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қылмыстың мән-жайы
Тергеу дерегінше, 38 жастағы Атырау тұрғыны Арман Жетпісов бұрын сотталған, тұрақты жұмысы болмаған. Ол біраз уақыт өзін жөндеу шебері ретінде таныстырған. Ер адам әйел 2022 жылы пәтер сатып алған "Француз кварталы" тұрғын үй кешенінде ұсақ-түйек жұмыстар атқарған.
Ол әйелдің сеніміне кіріп, жәбірленушінің автотұрақ сатып алмақ ниеті барын білген. Құрылыс компаниясынан жеңілдік әперетінін айтып, одан 400 мың теңге алдын ала төлем алған. Алайда ақшаны алған соң, уәдесін орындамаған. Кейін әйел бірнеше рет қарызын қайтаруды талап еткен. Бір жылдан соң Шпанова қайта хабарласып, мәселе шешілмесе шағым түсіретінін ескерткен. Сондай-ақ өзінің жүкті екенін айтып, күте алмайтынын жеткізген.
Осыдан кейін Жетпісов мас күйінде әйелдің үйіне барып, бірнеше рет пышақ сұғып, зорлық-зомбылық көрсеткен. Ақша, алтын әшекей, телефон, кілт және автокөлігін ұрлап алып кеткен. Кейін жол апатына түсіп, Маңғыстау облысында ұсталды. Оның жанынан Шпановаға тиесілі заттар табылды. Келтірілген материалдық шығын 13 миллион теңгеден асқан.
"Төрт баланың анасы": Түркістан облысында ер адам әйелін балғамен ұрып өлтірген
Сот процесі
Айыпталушының әрекеттері алаяқтық, зорлау, ұрлық, автокөлікті заңсыз айдап әкету және айрықша қатыгездікпен жүкті әйелді өлтіру деп сараланды. Қылмыстың сипатына байланысты сот отырысы жабық режимде өтті. Үкімді белгілі судья Зарема Хамидуллина жариялады.
"Сот барысында айыпталушы: "Егер оның жүкті екенін білгенде, өлтірмес едім", деді. Бірақ жүкті екенін білдің бе, жоқ па оған қарамастан, адамның өмірін қиюға құқың жоқ. Ер адам ана болуға дайындалып жүрген әйелдің өмірін қиды. Сондықтан бұл қылмыс екі адамның өлімімен тең", — деді судья.
Зарема Хамидуллинаның айтуынша, Жетпісов сотта марқұмның туыстарынан кешірім сұрағанымен, жасаған ісіне шынайы өкініш білдірмеген. Оның кінәсі бейнебақылау камераларының жазбалары және басқа да дәлелдермен толық дәлелденді. Өзі де кісі өлтіргенін мойындады.
Үкім
Арман Жетпісов өмір бойынаш бас бостандығынан айырылды. Ол жазасын ерекше тәртіптегі түзету мекемесінде өтейтін болды. Сонымен қатар Жетпісов жәбірленуші тарапқа материалдық және моральдық шығынды өтеуге міндеттелді. Үкім заңды күшіне енген жоқ.
Марқұмның туыстары сот залында көз жасын тыя алмады. Судья өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын жариялаған сәтте олар қол шапалақтап, әділдік орнағанын айтты.
Айта кетейік, бұған дейін Атыраудағы элиталық тұрғын үй кешенінде әйелдің құнды заттарын ұрлап, өлтіріп кеткені туралы жазған едік. Кейін әйелді өлтірген күдіктінің изоляторға қамалғаны айтылды.

"Ауаға ең күшті улы заттар тарады": Экологтар Алматыдағы қоқыс полигонының өртіне байланысты дабыл қақты
