Жүк көлігінің тежегіші істен шыққан: Алматыда Әл-Фараби даңғылында жол апаты салдарынан бірнеше көлік соқтығысты
Алматыда Әл-Фараби даңғылының қиылысында жол апаты орын алып, өзге көліктердің қозғалысына кедергі жасады. Куәгерлердің айтуынша үлкен жүк көлігі жолдан шығып, бірнеше автокөліктер соқтығысқан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Polisia.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Видео кадрларында куәгерлер даңғыл бойында көліктерді кептеліп қалғанын көрсеткен.
“Әл-Фараби даңғылында камаздың тежегіші істен шығып, қарама-қарсы жолға шығып, жол жиегін бұзған. Бірнеше көлікті сырып өткен”, – дейді видео авторы.
Тағы бір куәгер фураның қарама қарсы жолға қалай шыққанын көргенін айтқан.
Апатқа байланысты Алматы қаласының полиция департаменті мәлімдеме берді. Деректерге сай жол апатын тудырған Mercedes жүк көлігінің жүргізушісі екен.
“21 тамыз күні сағат 15:05-де Mercedes автокөлігінің жүргізушісі Алматы қаласы Жамақаев көшесі бойымен солтүстік бағытта келе жатып, әл-Фараби даңғылының қиылысында бөлгіш қоршауға соғылып, тура жүріп кетіп, даңғылдың бойымен батысқа қарай келе жатқан үш көлікпен соқтығысқан”, – делінген полиция хабарламасында.
Апат салдарынан жүк көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы зардап шеккен.