Жүк көлігі қызды қағып өлтірді: Автобус жүргізушісі де жауапқа тартылды
Алматыда қайғылы жол апатынан кейін автобустың жүргізушісі жауапқа тартылды. Себебі жаяу жүргіншілер жолынан өтпек болған қызды автобус жүргізушісі өткізпей қойған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скриншот
"Автобус өтіп кеткеннен кейін, қыз артына қадам жасаған. Осы кезде жүк көлігінің жүргізушісі оны байқамай қалды. Жүк көлігінің биік екенін бәріңіз білесіздер. Ол шынымен де жүк көлігінің көрінбейтін (өлі) аймағында болды. Жүргізуші оны байқамағандықтан осындай апат болды", – деді ішкі істер министрлігінің әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Қайсар Сұлтанбаев.
Қайсар Сұлтанбаевтың айтуынша, оқиға қала орталығында емес, жүк көліктеріне өтуге рұқсат берілген шеткі аймақта болған. Қазір қылмыстық іс қозғалды.
"Қылмыстық іс аясында әркімнің әрекеті бағаланып, заң бойынша жауапқа тартылады. Алдын ала автобустың жүргізушісі жаяу жүргіншілер өтпе жолында жаяу жүргіншіні өткізбеу бойынша жауапқа тартылды", – деді Сұлтанбаев.
Ол сондай-ақ қайтыс болған қыздың ата-аналары жауапқа тартылуы мүмкін бе деген сұраққа жауап берді.
"Бұл жағдайда бала жаяу жүргіншілер жолымен жүріп өткен және жол қозғалысы ережелерін бұзбаған. Анасы қызын қарсы алып, жолдың қарама-қарсы жағында тұрған. (...) Егер қылмыстық іс аясында ата-аналардың жауапкершілігі қарастырылса, олар да жауапқа тартылуы мүмкін", – деді Сұлтанбаев.
Айта кетейік, заңға сәйкес егер жүргізуші жаяу жүргіншіні өткізбесе, оған 10 АЕК, яғни 39 320 теңге айыппұл салынады (Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 600-бабы).
Алматы полиция департаменті бұл істің тергелу барысында әр қатысушының жауапкершілігі тексерілетінін қосып өтті.
"Экспертизалар тағайындалады, тіпті бірнешеу. Бұл – кешенді шаралар", – деп түсіндірді Алматы полиция департаменті.
Еске салайық, бұған дейін Алматыда жүк көлігі жеті жасар қызды қағып өлтіргені айтылды. Алматы полиция департаменті жол апатына себепші жүргізушіні ұстады. Қылмыстық-процестік кодекстің 128-бабына сәйкес, жүк көлігінің жүргізушісі уақытша ұстау изоляторына қамалды