Жорабаева мектепке әнші емес, ана ретінде барғысы келетінін айтты
Алтынай Жорабаева мектептегі қызықтары туралы айтып берді. Ол аса көзге түскенді ұнатпайтын оқушы болған екен. Тіпті, көп жыл бойы бойындағы талантын жасырып келген-ді.
Бұл туралы «Таңшолпан» бағдарламасында айтылды.
– Соңғы қоңырауда балаларыңыздың мектебіне барып ән салған шығарсыз?
– Баяғыда қыздарым мен мектептеріне барып өнер көрсеткенде, қуанып қалатын. Қазір бұдан да шаршаған сияқты. Mega орталығы немесе Бурабайға өнер көрсетуге шақырса, үлкен қыздарымның түрі бұзылып кетеді. «Сіз бармай-ақ қойыңызшы. Қазір бәрі сізбен селфи түсіреміз деп жүгіретін болады» деп айтады. Сөйтіп бір шетте қолдарын айқастырып қарап тұрады. Соңғы қоңырауға барған кезде, 1 сыныпта оқитын қызымды жоғалтып алдым. Шыны керек, іштей ренжідім. «Мен де ата-анамын. Бала-шағымның қасында жүрейінші» деп айттым. Қызыммен суретке түсуге мүмкіндік болмай кетті.
– Мектеп қабырғасында қандай оқушы болдыңыз?
– Мектепте өте ұяң, орны білінбейтін оқушы болғанмын. Қыстағы үзіліс кезінде далаға шығуға қорқатынмын. Балалар лақтырған қар тиіп кетіп жүрер деп сескенетінмін. Яғни аса белсенді болмадым. Отбасылық өмірде ашылып, өзгерген сияқтымын. Бәлкім өмір өзі осылай өзгертетін шығар?! Үйде де, мектепте де жұлқынып шығып, ешнәрсеге ат салысқан емеспін.
– Мектепте мүлдем ән айтпағансыз ба?
– Иә, ән айтпадым. Тек қозы мен бұзауларға жеке ән кешін өткізетінмін. Қырда жүрген малға Роза Рымбаеваның репертуарындағы барлық әндерді айтып беремін. Бүкіл шерімді тарқатып үйге келемін.
– Ең жақсы көретін сабағыңыз қандай?
– Қазақ тілінен де, орыс тілінен де диктант жазғанды жақсы көретінмін. Одан кейін тарих пәніне ерекше қызығатынмын. Мектеп күнінде мұғалім болғым келетін. Әрбір мұғалімді ерекше пір тұтатынмын. Ал физика, алгебра, геометрия секілді сабақтарды онша ұнатынқырамайтынмын.
– Танымалдылықтың сыры неде деп ойлайсыз?
– Қазақ-түрік университетінде өнер факультеті бар екен. Тарих мамандығында бір орынға көп үміткер болады. Әкем оқуға түспей қалса, қиналып қалады деп қатты қорыққан екен. Осылайша, мені Өнер факультетіне алып барды. Комиссияның алдында ән айтып берген едім, олар ерекше ұнатты. Оқуға бірден қабылдады. Қазақ-түрік университеті өнер адамдарын өте қатты көтермелейді. Содан жарыстарға қатыса бастадым. Облыстық, республикалық байқаулар бар. Осы салаға қалай тез кіріп кеткенімді өзім де түсінбей қалдым.
Жіберіп алмаңыз:
Мақпал Жүнісова қызының соңғы қоңырауында ән айтып, жұртты билетіп жіберді (видео)
Әйгілі “Титаник” әнінің авторы Димашқа ерекше құттықтау жолдады (видео)
Баян Мақсатқызы: Өзінде түгі жоқ адам өзгенікін тартып алуға құштар болады (фото)