Жомарт жанды Тәуекел: Актер мұқтаж отбасыға көмек көрсетті (фото, видео)
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тассын» дейді біздің халық. Осы нақылды өмірлік ұстаным еткен ақжаулықты ана Анаркүл апай Stan.kz тілшісіне хабарласып, актер Тәуекел Мүсілімге ризашылығын білдірді.
«Қазір мынау қу дүниенің тіршілігімен жүріп бір-бірімізге мейірім мен көмек көрсетуді ұмытып барамыз. Бәріміз қолдың кірі – ақшаның соңында жүрміз. Кейде теледидардағы әншілердің өміріне, киіміне қарап қызығатын едік. Бірақ, өзімізге бір жұлдыз келіп қолдау көрсетеді деп ойлаған да емеспін», – деп әңгімесін арыдан бастады Анаркүл апай.
Ақжаулығын басынан тастамайтын ана бүгінде кішкентай бір бөлмелі «времянканы» жалдап тұрады. Бір қызын ұзатқан Анаркүл апай қазір екінші қызымен және мектепте оқитын ұлымен, немересімен бірге тұрады.
«Қызым сұлулық салонында, мен ауруханада қызмет етемін. Бірақ, тапқан ақшамызды пәтерақыға, коммуналдық ақыны төлеуге, балалардың киімі мен тамағына жұмсаймыз. Шыны керек, мынадай пакет-пакет тамақты біз бұрын соңды алып көрген емеспіз. Балама рахмет», – деп қуанышын жасыра алмады бейтаныс оқырман.
Балам деп отырғаны қазақ киносының бүгінгі серісі, қыздардың арманы, белгілі актер Тәуекел Мүсілім.
Актер жігіт тек тамақ емес, қымбат соңғы маркалы ұялы телефонды да бұл отбасына сыйға тартты. Алдынан жүгіріп шыққан қос балапанның басынан сипап, қолдарына сый ретінде ақшасын да ұсынды. Алайда, мұндай жомарттық пен жақсылық жасаған Тәуекелді қуыс үйден құр қол шығаруға үй иесі де ұялса керек, Құран кітап пен тәспих сыйға берді.
«Үйімдегі ең қымбат, асыл дүние Құран кітап пен тәспих еді. Соны сыйладым. Үнемі жолда жүреді. Аман жүрсін, отбасына аман-есен оралсын, тіл-көзден сақ болсын деген ниетпен ұсындым» деп ағынан жарылды Анаркүл апай.
Ал, осы хабардан соң Тәуекелге біздің тілшілер де қоңырау соғып, мән-жайды білмек болды. Алайда, актер:
«Оң қолың бергенді, сол қолың көрмесін» деген жақсы сөз бар ғой. Мен жасаған жақсылықтарымды санап айтқым келмейді. Ең бастысы, жағдайы төмен бір отбасына қолымнан келгенше қуаныш сыйласам мен үшін бақыт. Айналамдағы мұқтаж жандарға көмектесу менің азаматтық парызым деп білемін. Сол себепті, қаншалықты жақсылық жасайсыз? Не түрткі болды? деген сұрақтарға жауап бергім келмейді. Мүмкіндігінше бұл ақпаратты да желіге шығармасақ екен», – деп өтініш
білдірді.
Бірақ, біз бұл өтінішті орындай алмадық. Өйткені, игі істен өзгелер де сабақ алса деген ниет пен ой болды.
Ескерту! Материалды көшіріп басу үшін, редакцияның хат түріндегі рұқсатын алу керек.
Құрметті оқырман! Бізбен бөлісетін қызықты жаңалығыңыз, оқиғаңыз болса Stan.kz сайтының WhatsApp номеріне жолдаңыз: +77021152981
Жіберіп алмаңыз:
Сиви Махмуди өзінің қандай атақ алғанын білмей ұятқа қалды
Талғат Жорабаев Төреғалимен болған даудың неден басталғанын айтып берді
Алматыда бар-бар: Ерке Есмаханның сүйіктісін тапқаны рас па? (фото)
Мақпал Жүнісова: Есікті аш, мен сені зорлаймын дегенге дейін барды