Жолға бөлінген ақшаға несие төлеген: Прокуратура Қайрат Сатыбалдыға қарасты компаниядағы заңсыздықтар туралы айтты
Бас прокуратура Қайрат Сатыбалдыға қарасты компания жол салуға бөлінген ақшаны басқа мақсатқа жұмсағаны туралы айтты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
26 сәуірде Бас прокурор Берік Асыловтың төрағалығымен автомобиль жолдары саласындағы тексерулердің қорытындысына арналған кеңейтілген алқа отырысы өтті.
Берік Асылов бюджеттен қыруар қаржы бөлінгенімен, жолдардың сапасы азаматтардың наразылығын тудырып отырғанын айтты. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша прокурорлар жұмысты жоспарлаудан бастап қабылдауға дейін жолдардың жағдайын жан-жақты тексерді.
"Тексеру нәтижелері бойынша көптеген заңбұзушылықтар анықталды, оның ішінде тапсырыс берушілер орындалмаған жұмыстар үшін ақы төлеу фактілері, сметалық құнын асыра бағалау, жобалардан ауытқу, құрылыс нормаларын сақтамау және т.б. Бүгінгі таңда тексеру материалдары бойынша қылмыстық істер қозғалып, кінәлілер жауапқа тартылып, келтірілген залалды өтеу шаралары жүргізілуде. Мысалы, құқық қорғау органдары Қалбатау-Майқапшағай және Қарағанды-Балқаш тас жолдарын салу кезінде жұмысты орындамау және ұрлық фактілерін анықтап жатыр”, – делінген хабарламада.
Бас прокуратураның мәліметінше, ұзындығы 800 шақырымнан асатын жол учаскелері сыртқы қарыздар есебінен шетелдік қатысуы бар консорциумдар арқылы салынып жатыр, осы жоба аясында жұмысты бірлесіп орындаушы ретінде "ҚазГерСтрой БК" ЖШС (Қ.Сатыбалдыұлы құрылымдарымен байланысты) тартылған.
"Тек "Қалбатау-Майқапшағай" жобасы бойынша "ҚазГерСтрой" БК" ЖШС 21,4 млрд теңге аванстық төлемнің қомақты бөлігін тас жолға қатысы жоқ басқа мақсаттарға, соның ішінде несиені төлеуге жұмсаған. Бұл үшін мердігер қаржыны алудың күдікті схемаларын қолданған", - делінген Бас прокуратура таратқан хабарламада.