"Жолға 3-4 сағат кетеді": Арбаға таңылған тұрғын Алматыдағы инватакси қызметіне шағымданды
Ерекше қажеттілігі бар алматылық тұрғынның инватакси қызметіне көңілі толмайды. Сөзінше, такси көлікке бірнеше адамды жинап, әр жерге тоқтап тұрады. Соның кесірінен ер адам барар жеріне кешігіп, жолда 3-4 сағаттап жүретінін айтады. Stan.kz тілшісі жағдайды зерттеп, қала бойынша қанша арнайы көлік бөлінгенін сұрап білді.
Фото: Ильдар Хаматовтың жеке архиві
Ильдар Хаматов – 1-топтағы мүгедек. Жұлыны үзілген, омыртқасы сынып, орнына 45 сантиметрлік титан салынған. Алматылық ер адам мүгедектер арбасына таңылған екен. Сол себепті оған инватакси қызметі қолжетімді, қоғамдық көлік арқылы оңалту орталықтарына, еміне барып тұра алады.
Алайда ер адам көлік жетіспеушілігі бар екенін айтады. Себебі инватакси бірнеше мекенжайға тоқтап, адамдарды жинап жүреді екен. Соның кесірінен еміне кешігеді, кейде ұзақ жүргеннен белі ауырып, өзін жайсыз сезінеді.
“Бір күні инватакси 20 минутқа кешігіп келді. Оңалту орталығынан шығып, үйге қайтуым керек еді. Желтоқсан-Қазыбек би қиылысынан Алатау ауданындағы Төле би көшесіне барамын. Көлікке 16:20-да отырдым. Жолда үш адамды алды. Біреуі Абай-Правда қиылысынан түсіп қалды, екіншісі Саин көшесінен түсті. Ешқандай кептеліс болмаса да, 18:20-ларда үйге жеттім. Белім құрысып қалды. Жароков, Жандосов көшелерін айналып қайтады. Құдды бір инватакси емес, инваавтобус дерсің”, – деді ерекше қажеттілігі бар ер адам.
Айтуынша, кейде жолға 3-4 сағат кетеді. Сол үшін ол арнайы көліктерді көбейтуді сұрайды.
Алматыдағы инватакси қызметіне кім жауапты?
Белгілі болғандай, Ильдар Хаматов мінетін инватакси қызметіне Inclusion.kz қоғамдық бірлестігі жауапты екен. Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы аталмыш бірлестікке тапсырыс берген.
Stan.kz тілшісі ерекше жандардың мәселесін анықтау үшін Алматы қаласы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына сауал жолдап, аталмыш жобаға қанша қаржы бөлінетінін, неше көлік барын сұрады.
Инватакси қызметі жергілікті бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады екен. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы қоғамдық бірлестіктер тендер алады.
Қазір Алматыда инватакси қызметін көрсететін 4 қоғамдық бірлестік бар: “Денсаулық зор байлық", "Амаль-Иман", "Inclusion.kz" және "Social Project Organization Group". Оларға жалпы 130 көлік бөлінген.
- “Денсаулық зор байлық" – көру қабілеті бұзылған ересектерге 30 көлік;
- "Амаль-Иман" – көру қабілеті бұзылған балаларға 22 көлік;
- "Inclusion.kz" – кресло-арбамен қозғалатын және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар ересектерге 30 көлік, балаларға 29 көлік;
- "Social Project Organization Group" – аутизм спектрі бұзылған 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар үшін 19 көлік.
Inclusion.kz мүгедек балаларды тасымалдағаны үшін 275 миллион 958 мың теңге, ал ересектерді тасымалдағанға 266 миллион теңгелік тендер алды.
“Жеткізушілерге "Инватакси" қызметтері үшін төлемді жергілікті атқарушы органдар сағатпен өлшенетін автомобиль көлігінің нақты жұмыс уақытын негізге ала отырып жүргізеді. Машина сағатының құны мамандандырылған көліктер үшін – 4500 теңгеге дейін, жеңіл автокөліктер үшін – 3700 теңгеге дейін”, – делінген хабарламада.
Мүгедектер ұйымға бір күн бұрын қоңырау шалып, нешеде және қайда баратынын хабарлауы тиіс.
Көлік және коммуникация министрінің қаулысы бойынша инватакси бір мезгілде бірнеше мүгедектігі бар адамдарды тасымалдай алады екен. Бірақ олардың бағыты сай келуі керек.
Инватаксиге кімдер қол жеткізе алады?
Алматы қаласы бойынша инватаксиді қолдану үшін дәрігерлік-консультациялық комисиядан өту керек. Комиссия мына адамдарға рұқсат береді:
- арбамен қозғалатын және тірек-қимыл аппараты бұзылған мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балалар;
- көру қабілеті бұзылған мүгедектігі бар адамдар мен мүгедектігі бар балалар;
- аутизм спектрі бұзылған (аутизм) мүгедектігі бар балалар.
Комиссия қорытынды берген соң ұйымға өтініш жазып, ЖСН құжатының көшірмесі, 026/у нысанындағы дәрігерлік-консультациялық комиссияның қорытындысы, мүгедектігі туралы анықтаманың көшірмесін ұсыну керек.