Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жолаушылар тасымалын" тағы да шетелдік басқарады

"Жолаушылар тасымалы" АҚ-ны неміс маманы Питер Штурм басқарады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

"Қазақстан темір жолы" ҰК" АҚ директорлар кеңесінің шешімі және "Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры басқармасының келісімі бойынша "Жолаушылар тасымалы" АҚ жаңа бас директоры болып DB Engineering&Consulting Азия-Тынық мұхиты аймағының дирекциясын басқарған неміс маманы Питер Штурм (Peter Sturm) тағайындалды. 

Питер Штурм теміржол көлігі және халықаралық көлік саласында үлкен тәжірибеге ие және 25 жыл ішінде халықаралық компанияларда түрлі басшылық қызметтер атқарды. Алдыңғы лауазымдарда ол жылжымалы құрамды сатып алу және техникалық қызмет көрсету, ақпараттық технологияларды енгізу, теміржолдарды пайдалану саласындағы инновациялар мен өзгерістерді іске асыруға жауапты бөлімшелерді басқарды", - деді компанияда.

"Жолаушылар тасымалының" жаңа бас директоры компанияның бәсекеге қабілеттілігі мен клиентке бағдарлануын арттыру бойынша басталған барлық өзгерістер жалғасын табатынына сендірді.

"Онлайн режимдегі алғашқы аппараттық кеңесте жаңа басшы "Жолаушылар тасымалы" АҚ құрылымдық бөлімшелері мен ведомстволық бағынысты ұйымдары басшыларының назарын жолаушыларға сервистік қызмет көрсету сапасына, жолаушылар вагондарын жуу мен жинауға және төсек-орынның сапасына аударды.

Сапа менеджментінің жаңа жүйесін енгізу арқылы клиенттерге қызмет көрсету деңгейін арттыру қажет, компанияның бизнес-процестерін жақсарту үшін жүйелік қателіктерді үнемі анықтап, жұмыс істеу керек.  Жолаушылар пойыздарын төсек-орын жабдықтарымен және жұмсақ жиналмалы инвентарлармен жабдықтаудың сапасы, сонымен қатар жолаушылар пойыздарын тазалау және санитарлық-гигиеналық құралдармен жабдықтау бойынша енгізілетін жаңа стандарт мәселелері компания басшылығының тұрақты бақылауында болады", - деп атап өтті компанияда.

"Жолаушылар тасымалы" компаниясының бұрынғы басшысы Михаэль Кортюм денсаулығына байланысты қызметінен кетуге шешім қабылдаған еді. Ол бұл қызметте 2019 жылдың қыркүйегінен бастап жұмыс істеді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 13 Тамыз, 2020 12:49
Талқылау