Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жол, су, автобус мәселесі": Ақтөбе қаласының әкімі Сазды, Бауырластар елді мекенінің тұрғындармен кездесті

30 қараша күні Ақтөбеде қала әкімі Азамат Бекеттің қатысуымен Сазды, Бауырластар елді мекендері тұрғындарымен кездесу өтті. Кездесу барысында жол жөндеу, қиыршық тас төсеу, ауыз су мәселесі, инженерлік желілер жүргізу, көшелерге атау беру жұмыстары, сонымен қатар қосымша автобус бөлу сұрақтары көтерілді.

Астана ауданының әкімі Алмас Жақсылықов осы елді мекендер аумағында атқарылған жұмыстар мен жоспарды баяндады.

Биыл "Халық қатысатын бюджет" бағдарламасы бойынша "Сазды-2" тұрғын алабында футбол алаңы, балалар ойын алаңы, спорт алаңын орнату , Сазды алабында Көкжелек көшесіндегі балалар ойын алаңын жөндеуден өткізу жұмыстары жасалды.

Осы бағдарлама аясында 2024 жылы Саздыда, Бауырластарда балалар ойын алаңдарын, спорт алаңдарын орнату, көгалдандыру, "Жастар аллеясын" жөндеу жоспары бар.

Бауырластар-3 алабында "Жайлы мектеп" жобасы бойынша 600 орындық мектептің құрылыс жұмыстары жүргізілуде.

Ал Саздыда "Жайлы мектеп" жобасы аясында 300 орындық мектеп құрылысы басталды. Бұл екі мектеп 2024 жылы пайдалануға беріледі.

Сонымен қатар, биыл Сазды мектебінің ғимаратына күрделі жөндеу жүргізілді және дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталды.

Бауырластар-5 тұрғын алабына 20 қосалқы трансформатор (ТП) орнатылып, оның 5-еуі штаттық режимде жұмыс істеп тұр, қалған 15 трансформатор жылдың соңына дейін қосылады.

Кездесу барысында тұрғындар жол мәселесін де көтерді. Бауырластар-1 алабының 27 көшесін, Бауырластар-2, Сазды-2 елді мекендерінің 39 көшесін 2024-2025 жылдары асфальттау үшін биыл жобалық-сметалық құжаттамалары әзірленді.

Сонымен қатар, келесі жылы Бауырластар-3, Бауырластар-4, Сазды тұрғын алаптарының мектепке баратын жолдарын, кіреберіс жолдарын асфальттау жоспарланып отыр.

Ал әзірше Сазды-2, Бауырластар-3, 4, 5 тұрғын алаптарының жалпы ұзындығы 18,7 км жолына қиыршық тас төселіп қойылды.

Тұрғындармен кездесуден кейін қала әкімі Азамат Бекет азаматтарды жеке қабылдау өткізді. Жеке қабылдауға жазылған 27 тұрғынға заң аясында мәселелерін шешу жолдары жауапты бөлімдер басшыларымен бірге қарастырылды.

Талқылау