Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Қуып келе жатқан көлік төңкеріліп кетті”: Қазақстандық патрульдік полиция қызметкері жұмысының қызығы мен қиындығы жайлы айтты

Қазақстанда патрульдік полиция қызметкерлері қалай жұмыс істейді?  Stan.kz журналисі Алматыдағы күндізгі патрульдеуге қатысып, Қарасай Аудандық полиция бөлімінің Патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы, полиция аға лейтенанты Алмаз Рахимбаевпен тілдесті. Азаматтар жиі бұзатын ережелер, патрульдік полиция қызметкері мен көлік жүргізушілерінің міндеті, көлік іздестіру жұмыстары қалай жүргізілетіні жайлы сұрақтарға жауап алды.

Қарасай АПБ Патрульдік полиция ротасының қызмет инспекторы Алмаз Рахимбаев

Қарасай ауданының патрульдік полиция ротасында қазіргі уақытта 50 қызмет инспекторы жұмыс атқарады. Инспекторлар 2 взводқа түнгі және күндізгі ауысымға бөлінген. Әдетте, күндізгі ауысымның жұмыс тәртібі таңғы сағат 08:00-ден кешкі сағат 20:00 дейін жалғасады.

Патрульдік полицияның міндеті мен қызметі

Патрульдік полцияның ең басты міндеті – өзіне бекітілген ауданның жол қозғалысы қауіпсідігін сақтау, қоғамдық тәртіпті қадағалау, қылмыстар мен әкімшілік құққбұзушылықтардың алдын алу мен болдырмау.

Алмаз Рахимбаевтың сөзінше, түнгі ауысымның жұмысы анағұрлым қиындау. Әсіресе, жұма, сенбі, жексенбі күндері құқық бұзушылықтар мен жанжалдар көбейе түседі. 

“Сағат 07:30 да инспектор келіп, бекітілген табельдік қару, портативтік видеожетон (инспектордың сөйлеген сөзі мен қандай да бір құқық бұзушылықты жазып алатын құрал) және радио байланыс құралдарын алып, 07:45-те таңғы таралымға сапқа тұрады. Содан кейін рота командирі мен взвод командирлерінен нұсқау алып, бекітілген аумақтарына патрульдеу қызметіне түседі.

Кешкі сағат 19:45-те басқармаға келіп, күндіз істеген жұмыстарын баяндап, взвод командиріне өткізеді. Қанша жол-көлік оқиға болды, неше хаттама толтырылғанын айтады. Екінші ауысым кешкі 20:00-ден 08:00-ге дейін жұмыс істейді. Жұма, сенбі, жексенбі күндері түнгі ауысым уақыты қиындау уақыт болып саналады. Түнгі 12-ден кейін отырыстар, жанұялық жанжалдар көбейеді. Аудан бойынша кезекші бөлімге келіп түседі”, – дейді ол. 

Полиция инспекторы көлікті тоқтатқаннан кейінгі әрекеттер

Патрульдік полиция өзін таныстырып, қызметтік куәлігін көрсетеді. Не себепті тоқтатқаны туралы толық мағлұмат береді, дейді патрульдік полиция қызметкері.

“Қандай бап бұзғанына дейін мәлімет ұсынады. Көлік жүргізушісі өз кезегінде инспектор сұраған құжаттарды береді. Қазіргі уақытта азамат жүргізуші куәлігін алып жүруге міндетті емес, жеке куәлігін ұсынуына болады. Электрондық планшет арқылы азаматтың қандай құжаттары бар-жоғы екені көрінеді. Құқық бұзушылықты дәлелдеп әкімшілік хаттама толтырады”, – дейді Алмаз Рахимбаев.

Азаматтар жиі бұзатын жол ережелері

Бүгінде аудандағы, қаладағы жол-көлік мәселесіндегіг өзекті мәселе – камералардың тапшылығы.

“Ауданымызда  226 камера қойылды. Осындай құрылғыларды көбірек қойылған дұрыс. Себебі көлік жүргізушілерінің жылдамдығын жедел анықтауға мүмкіндік береді”, – дейді маман. 

Айтуынша, көлік құралының жылдамдығын асырып айдауы қазіргі уақытта ең өзекті проблема. Көше қиылыстарындағы жол белгілерін сақтамай, елемей көлік апаты орын алады. Қарасай ауданында бір күнде 15-20 шақты жол көлік оқиғасы болады”, – дейді Алмаз Рахимбаев.

Патрульдік полиция қызметкері жүргізушілерді қандай жағдайда тоқтата алады

  • Біріншіден, көлік құралының жүргізушісі жол жүру ережесіндегі бабтарды бұзған жағдайда;
  • Екіншіден, ұрланған көлік құралдарын және жол көлік оқиғалары кезіндегі көлік құралдарын пайдаланумен байланысты өзге де қылмыстар болған жерден қашып кеткен көлікті іздестіру (рейд жүргізу) кезінде;
  • Үшіншіден, жол жүрісін реттеу үшін тоқтата алады.

Алмас Рахимбаевтың сөзінше, адамдармен қарым-қатынасқа түсу кейде қиындық туғызады. Алайда кез келген уақытта қызметкер өз-өзін ұстауы керек дейді ол.

“Әрине, әртүрлі адамдар болады. Кейде әдейі ашуыға тигісі келіп тұрады. Ондайда барынша өз-өзіңді ұстайсың. Заң талабына сәйкес жұмысыңды атқарасың”, – дейді маман.

Қазіргі уақытта желіде полиция қызметкерлері әрекетін видеоға жүктеп, таратуда әдетке айналды. Белгілі болғандай, ара-қашықтық сақтап полицияның жұмысын түсіруге болады. Алайда қызметкер азаматқа хаттама толтырып жатқан процесте келіп, сөзді бөліп, кедергі келтіруге, видеоға түсіруге тыйым салынады.

“Көлік жүргізушісі кез келген ҚР азаматы патрульдік полицияны видео, фотоға түсіруге құқылы”, – дейді патрульдік полиция қызметкері. 

Алмаз Рахимбаевпен бірге ауданды патрульдеу процесіне қатысып көрдік. Қызметкер тоқтатқан алғашқы көлік ҚР Жол-көлік ережесінің 59-бап 5-тармақтың 7.4 бөлімі “Көлік құралдарының техникалық ақауы” бойынша айыппұл арқалап кетті. 

Көлік құралдарын іздестіру жұмыстары қалай жүзеге асады

“Автокөліктің Мемлекеттік тіркеу номер белгілері анық болған жағдайда ҚР ІІМ іздестіру жүйесі арқылы көлік құралы кімге тиесілі және қандай мекен-жайда тіркелгені анықталады.

Ал, егер де МТНБ белгісіз болған жағдайда дәл осы жүйе арқылы көлік құралының маркасы жазылып, аудан бойынша тіркелген автокөліктер тізімі шығарылып, іздестіру шаралары жүргізіледі. Облыс немесе қала аумағында кезекші бөлім арқылы патрульдік полиция қызметкерлеріне бағдарлау беріледі”, – дейді патрульдік полиция қызметкері. 

“Көлікті қуып келе жатқанда автомобиль төңкеріліп кетті”: Патрульдік полиция қызметінің қызығы мен шыжығы

“Алмалы бақ аумағында патрульдеуде жүрген кезімізде Абай ауылында кісі өліміне қатысы бар деген күдікпен Алматы-Бішкек тас жолымен батыс бағытқа қарай көлік кетіп бара жатыр деген хабарлама түсті. 

Тас жолдың бойымен жолға шықтық. Әрине, мұндай сәттерде көлік жылдамдығын асыруға тура келеді. Барлық құрылғыны қосып, шырақты жақтық. Көлікті қуу барысы күрделі. Жылдамдықты асырған соң басқа көліктерге соқтығыспау үшін назардың бәрі көліктің рөлінде болады. Автомобильді қуып жетіп, Жамбыл ауданына кірген кезде көлік төңкеріліп кетті. Сонда ішінде жолаушы өліп қалмады ма екен деген қорқыныш болды. Біздің мақсатымыз күдіктіні аман-есен бөлімшеге жеткізу. Автомобиль жанына жақындай бергенде жүргізушінің тірі екені анықталды. Көлік рөлін басқара алмай жол апатына жол берген. Оны салоннан шығарып алдық. Осылайша оны бөлімшеге сәтті жеткіздік”, – деп есіне алды аға лейтенант.

Айтуынша, көлікті қуу кезінде қолдан кептелістер жасалады. Оның мақсаты – көлікті ұрлап, айдап бара жатқан адамды ұстау. Мұндай кезде патрульдік полиция қызметкерлерінің өміріне қауіп төнуі мүмкін.

“Осындай оқиғалардың бірінде жолды жауып тұрған инспекторды енді болмағанда қағып кете жаздаған. Мұндайда жол-патрульдік полицияның өміріне қаншалықты қауіп төнетінін байқауға болады”, – дейді ол. 

Тағы бір оқиға патрульдік полицияның мұзға батқан жануарды құтқарып қалуымен байланысты. 

“Осыдан біраз жыл бұрын бөтеннің мүлкін ұрлау бойынша бізге “Mazda” маркалы көлік, мемлекеттік нөмірі белгісіз деген бағыттама түсті. Басқарма басшысының нұсқауы бойынша, Шамалған ауылдық округін қоршауға алады. 

Ауылды қарап жүрген кезде бізді шет жаққа жіберді. Осы кезде жолдан 30-40 метр жерде жылқыны байқап қалдық. Бастапқыда мән бермей, өтіп кеттік. Округті айналып қайтып келе жатқан кезде әлгі жылқының тайғанап құлап жатқанын көрдік. Көлікті тоқтатып, мән-жайды анықтамақ болдық. Жылқының жанына барсақ, бетін қар басып қалған, асты мұз. Жылқы мұздың ортасына кіріп, шыға алмай қалған. Әріптесім екеуміз мұзға кірген жануарды жабылып шығармақ болдық. Жолдасым аяғы тайғанап, мұзға бетімен құлайды. Мен жануардың құйрығынан ұстап, әріптесім менің қолыман ұстап екеуміз бірлесіп тартып, әрең дегенде шығарып алдық”, – дейді оқиғасынан баяндаған қызметкер.

Патрульдік полиция қызметкерлері жүргізетін рейдтік жұмыстар

Маманның сөзінше, бүгінде қалада рейдтік жұмыстар жиі жүргізіледі. Солардың ішінде: "Қауіпсіз жол" жедел-профилактикалық шарасы,  "Автобус" жедел-профилактикалық іс-шарасы, "Мал тасымалдаушы" жедел-профилактикалық іс-шараларын атап өтуге болады.

"Қауіпсіз жол" – республика, облыс аумағын қамтитын шара. Оған қауіпсіздік белдігін тақпау, бағдаршамның қызыл түсіне өту кіреді. Патрульдік қызметкерлерге бағыттама береміз. Көліктер патрульдеу мақсатында тоқтатылады. Мәселен, қызметкер бағдаршамның қызыл түсіне көліктің өткенін анық көрсе, көлік құралын тоқтатып, әкімшілік хаттама жазады. 

Өзекті мәселенің біріне жаяу жүргіншілер де кіреді. Қазіргі уақытта жол көлік апатының көбеюйінің бір себебі – жаяу жүргіншілердің белгіленбеген жерден жолды кесіп өтуінен. Осы ретте бөліс “Жаяу жүргінші" жедел-профилактикалық іс – шарасын ұйымдастырады.
Тағы бір рейд қоғамдық көліктерді тексеруге бақытталған. Автобус, мал тасымалы шаралары кезінде патрульдік полиция кез келген көлік құралын тоқтатып, тексеруге құқығы бар. Бұл "Автобус" жедел-профилактикалық іс – шарасының аясында жүргізіледі”, – дейді Алмас Рахимбаев. 

Талқылау