Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Күніне 2000 теңге табамыз": "Алтын орда" базарында темір жинап, есек арба жетектеген аналар жан сырын ақтарды

Алматының іргесіндегі “Алтын орда” базарында есекті жалға алып, темір өткізетіндердің қатары көбейген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Видеодан скрин

QazaqAIRAN арнасы көнкөрісін қоқыстан іздеп жүрген жандардың оқиғасын бөлісті. Өңешіне ота жасалып, бір өлімнен қалса да, нан табу үшін арланбай есекарба сүйреп жүрген 54 жастағы Света ханым оқиғасын айтып берді. 

“Қоқыстарды аралап, темір жинаймыз

“Күніне есекті 2000 мың теңгеге жалға аламыз. Ол теңгені тапсақ та, таппасақ та төлейміз. Қасымдағы көрші әпкем. Екеуміз бірге темір жинаймыз. Бұл кісі маған көмектеседі. Кейде ауыр темірлерді көтере алмай қиналамыз. Сол кезде бір-бірімізге көмектесеміз. Жалғыз өзім үлкен жолға шыға алмаймын. Есекарбаны айдай алмай қаламын. Қаскелең мен Кемертоғанға көрші әпкеммен шығамын. Үлкен көшелерде жол бермей, боқтап кететіндер де бар. Кейде адамдар сыртымыздан күліп, фотоға түсіріп алып жатады. Ыңғайсыз болса да, темірімізді жинап жүре береміз. Ұялып отырсақ, ешкім бізге нан тауып бермейді. Қоқыстарды аралап, темір жинаймыз. Кейде мыс тауып аламыз. Оның келісі – 3000 мың теңге. Бірақ күн сайын мыс қолға түсе бермейді. Өзіміз күніне 2000-5000 теңге табамыз. Ең бірінші бөтелке жинадық. Есекті жалға беретін адам “Темір жинаңдар, бөтелкеден пайда жоқ” деді. Ол кезде есекарбаға мінуді білмейміз. Қалқаман мен Іргеліге дейін жаяу аралайтынбыз. Кейін үйреніп кеттік”, – деді Света апа. 

Одан кейін өзінің туып-өскен жері мен отбасы туралы да айтып өтті. Марқұм жолдасы кісі қолынан қаза тапқан көрінеді. 

“Күйеуімді пышақтап кетті”

“Өзім Өзбекстанда туғанмын. Күйеуім де сол жақтан еді. Қазақстанға көшіп келгенде мұндай күйге түсемін деп ойламадық. Марқұм жолдасым қатты ішетін. Бір күні ішіп отырғанда адамдарымен ерегесіп қалған. Содан пышақтап кетті. Өзім дәрігерлікті оқығанмын. Акушер болып перзентханада жұмыс істедім. Екі балам бар. 9-сынып оқитын балам ғана қолымда тұрады. Бір ұлы мен қызым Өзбекстанда тұрады. Кенже ұлыммен Өзбекстанға да барып тұрдық. Бірақ ұлыма ол жақ ұнамады. Мүлдем тұра алмады.Содан қайтып келдім. Балаларым да шақырады. Ұлым көнбегесін осы жақта қалдық”, – дейді кейіпкер. 

Сондай-ақ тұрмыс тауқыметін тартқан ананың баспанасы да көпшлікті бей-жай қалдырмады. 

“Қуықтай бөлмеге 30 мың теңге төлеймін”

”Тұрып жатқан жерімнің қанша шаршы метр екенін білмеймін. Қуықтай бөлмеге 30 мың теңге төлейміз. Коммуналдық шығынға 8000 мыңдай кетеді. Кейде 5000 мың теңге шығады. Есектің өзіміз тамағын тауып берсек, 1000 теңгеге жалдаймыз. Балам 13 жасынан бастап, “Барлық” базарында жұмыс істейді. Оны да аяймын. Өзімнің денсаулығым да жоқ. Ауырған кезде дәрігеріме хабарласамын. Дәрілерімді ішемін. Кейде екі айлап ауруханаға жатып шығамын. Өткенде қан құсып, қатты қорқып қалдым. Екі литрдей қан құйды. Диагнозы жазылған. Оны мен түсінбеймін. Дәрігерлер көршілеріме тапсырып қойыпты. “Уақыты келді, денсаулығы жарамайды” деп. Күн сайын Аллаға сыйынып отырамын. Бар уайымым – балам. Үйлендіріп, екі бөлмелі үй алып бергім келеді. Мен кетіп қалсам, қараусыз қала ма деген ой мазалайды”, – деп жылады арба сүйреген ана. 

Талқылау