Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Норма кеңес кезеңінен бері қолданыста": Жоғарғы сот Самат Әбіштің шартты түрде сотталуына қатысты пікір білдірді

Ақпанның соңында Ұлттық қауіпсіздік комитеті басшысының бұрынғы бірінші орынбасары әрі Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі Самат Әбіш қызметтік өкілеттігін асыра пайдаланғаны үшін сегіз жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды. Аталған шешім қазақстандықтар арасында қызу талқыға түсті. Жоғарғы сот үкімге қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: ҰҚК-нің ресми сайты/

Журналистер Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Назгүл Рахметуллинадан Самат Әбіштің неліктен шартты түрде сотталғанын сұрады.

Рахметуллинаның Қылмыстық кодексте қандай жағдайда шартты түрде жаза тағайындауға болмайтынын көрсететін 63-бап туралы айтты. Сөзінше, егер мұндай тыйымдар болмаса, судья әрбір нақты іс бойынша жеке шешім шығарады.

“Шартты жаза жиі қолданылады. Заңда мұндай бап бар және оны қолданбауға соттың құқығы жоқ. 63-бапта шартты түрде жаза қолданылмайтын қылмыстардың тізбесі көрсетілген. Бұл ерекше ауыр қылмыстар: 12 жылдан астам бас бостандығынан айыру жазасы, сыбайлас жемқорлық және т.б. Ешқандай тыйым болмаса, сот өзі шешеді. Іс бойынша адам бұрын сотталған ба, оған қандай мінездеме беріледі, жасаған қылмысының залалын өтеді ме деген секілді сұрақтардың бәрі ескеріледі”, – дейді Жоғарғы соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы.

Сондай-ақ ол қылмыскерді шартты түрде соттау туралы норма кеңестік кезеңнен бері қолданыста екенін атап өтті.



Еске салсақ, бұған дейін Самат Әбішке қатысты "Қаңтар оқиғасы" кезінде билігін және қызметтік өкілеттіктерін асыра пайдаланды деген айыппен сотқа дейінгі тергеу басталғаны туралы жазған едік. 2024 жылдың 15 қаңтарында Самат Әбішке қатысты қылмыстық іс бойынша тергеу аяқталып, іс сотқа жіберілді. 

Бұған дейін Самат Әбіштің 8 жылға шартты түрде сотталғаны туралы жазған едік.

Талқылау