Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық ер адам көз тамшысын қолданғаны үшін қамауға алынып, 7 жылға көлік жүргізу куәлігінен айырылды

ақтөбелік ер адам көзіне тамшы тамызамын деп ұсталдыФото: depositphotos.com

Ақтөбеде жүргізушіге көзге арналған тамшыларды нашақорлық зат деп қабылдағаны үшін 15 тәулік қамау жазасы тағайындалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға жөнінде адвокат Әсемгүл Көшенова желідегі парақшасында бөлісті.

"Қорғауымдағы азамат дәріханалық көз тамшыларын тамызған. Препарат Қазақстанда тыйым салынбаған, еркін сатылымда. Нарколог дәрігер оның зәрінен осы препараттың қалдықтарын тауып, "есірткілік масаңдық" деп жазып береді! Көз тамшыларын..! 15 тәулік, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырды", – деп жазды Әсемгүл Күшенова Threads желісінде.

ақтөбелік ер адам көзіне арналған тамшыны тамызып, қамалдыФото: Әсемгүл Көшенованың желідегі парақшасынан

Бірінші инстанция сотының шешімі бойынша ер адам қылмыстық жауапқа тартылып, жүргізуші куәлігінен айырылған. 

Адвокаттың айтуынша, бұл препараттан басқа, зәрінен каннабиоидтар немесе өзге де есірткі заттары табылмаған. Қазір жүргізуші апелляцияда есірткі қолданбағанын дәлелдеуге тырысып жатыр.

Алайда Әсемгүл Күшенованың редакцияға берген жауабында сот аппелляциялық шешімнен бас тартқанын айтты. Сонымен қатар әлі іс қозғалып жатқандақтан қорғауындағы азамат пікір білдіруден бастартып жатқанын айтады.

"Мен фактілерге сенемін. Фактілер көзге арналған препараттың қалдық заттары зәрден табылғанын көрсетеді. Сот шешімі бойынша оған әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша жауапқа тартылды", – деді адвокат Әсемгүл Күшенова.

Ал Ақтөбе облысы полиция департаментінің өкілі Ерболат Сарқұлов азаматтар қандай жағдайда жауапқа тартылатынын атап өтті.

"Мұның бәрі сандырақ. Өйткені кез келген адам көзге арналған тамшы қолданғанда, оның құрамында есірткі бар екені анықталмайды. Ол азамат есірткілік масаңдық белгілері бойынша ұсталған. Экспертизаны тәуелсіз медициналық мамандар жүргізеді, біз оған араласпаймыз. Егер адам масаң күйде автокөлік басқарған жағдайда, ол 15 тәулікке қамалып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылады. Яғни мас күйінде немесе есірткі қолданған күйде ұсталған кез келген азамат сот шешіміне апелляция бере алмайды", – деді Ақтөбе облыстық полиция департаментінің өкілі Ерболат Сарқұлов.
Айым Атамбаева
Жұма, 05 Желтоқсан, 2025 16:27