Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстандық әйел ұлын жапониялық мектепте оқытқаны үшін Жапон үкіметінен жәрдемақы алады

Ұлы жапониялық мектепке қабылданған қазақстандық үкіметтен жәрдемақы аладыФото: Instagram.com/vierrarosa

Қазақстандық Мадина Мияке қазір Жапонияда тұрады. Ол 8-сыныпқа дейін Қазақстанда оқыған ұлын Жапонияға алып кетіп, жергілікті мемлекеттік мектепке берді. Мадинаның айтуынша, мектеп әлі жапон тілін меңгеріп үлгермеген баланы қабылдарда тіл білу керек деп міндеттемеген. Кейіпкеріміз Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында Жапонияның білім жүйесі мен шетелдіктерге берілетін жеңілдіктер жайлы айтып берді. 

Мадина Миякенің Жапонияда тұрып жатқанына 10 жылдан асқан. Косметика саласында жұмыс істеп жатқан отандасымыз ұлы Асанәлінінің Жапонияда мектепке қабылдануы және жергілікті білім жүйесі туралы айты. Мұнда балалар мектепке 7 жастан бастап барады.

“Жапонияда мемлекеттік, жекеменшік және халықаралық мектептер бар. Мемлекеттік мектептер тегін, жекеменшік ақылы, ал халықаралық мектептер тіпті қымбат. Халықаралық мектептерде сабақтар ағылшын тілінде және жартылай жапон тілінде өтеді. Халықтың басым көпшілігі балаларын мемлекеттік мектепке береді, дәулетті отбасының балалары мұғалімдердің деңгейі жоғары болғандықтан жекеменшік мектепке барады. Жергілікті мектепке қабылдау үшін шетелдіктерге ешқандай талап қойылмайды. Мектепке жапон тілін білмесе де 16 жасқа дейінгі балалар қабылданады. Өйткені 16 жастан бастап мұндағы мектептерде оқушылар жоғары сыныпқа ауысады. Яғни, 10-12 сыныпта оқушылар жиі тест пен емтихан тапсырады”, – дейді Мадина.

Ұлы жапониялық мектепке қабылданған қазақстандық үкіметтен жәрдемақы аладыФото: Instagram.com/vierrarosa

Айтуынша, ұлы Асанәлі Қазақстаннан Жапонияға 8 сыныпты тәмамдап келген. Қазір Жапонияда 8-сыныптың төртінші тоқсанында оқып жатыр.

“Жапонияда оқу жылы сәуір айынан басталады. Асанәлі мектепке қарашада қабылданды, сөйтіп 8-сыныптың соңғы тоқсанын оқып жатыр. Ол Қазақстанда 8-сыныпты аяқтаған. Бірақ мұндағы 8-сынып, біздің 7-сыныппен бірдей. Өйткені мұнда 12 жыл оқиды. Асанәлі жапон тілін түсінбесе де оқу бағдарламасын жақсы түсінеді. 9-сыныпқа дейін оқушылар ешқандай емтихан тапсырмайды. Ал 10-сыныпта балалар жоғары сыныпқа көшіп, басқа ғимаратқа ауысады. Сол кезден бастап сабақ қиындап, қатаң емтихандар басталады. Оқушыларға бас алмай оқуға тура келеді”, – дейді Асанәлінің анасы. 

Жергілікті мектептерде оқушылар тест тапсырып, соны нәтижесімен бағаланады. 

“10-сыныпта тапсыратын емтихандардан өтпей қалса, оқушы екі жылға қалып қояды. Сөйтіп екі сыныпты қайта оқиды. Жапон мектептерінің басты ерекшелігі – күнделікті спортпен айналысу. Оқушылырдың бәрі өзі қалайтын спорттық клубтарға қатысады. Яғни, дене шынықтыру сабағынан бөлек, футбол, теннис және волейбол клубтары бар. Осылайша, оқушылар дүйсенбіден сенбіге дейін сабақтан кейін спорттық клубқа барады. Сенбі күні сабақ жоқ, бірақ балалар клубты қалдырмайды. Сондай-ақ балалар мектепте көп ойнайды. Оқушыларды оқуға мәжбүрлемейді, қыстамайды. Олар бұл оқушылардың өз таңдауы. Яғни, өз болашағына қатысты шешімді осылайша өзі қабылдайды”, – дейді кейіпкеріміз таңғалып.

Оның сөзінше, Жапония үкіметі шетелдіктерге жеңілдік жасап, ақшалай жәрдемақы береді. Тіпті Асанәлінің сабақ үлгерімінің жақсаруы үшін мемлекеттік тілді үйрететін мұғалім бөледі. 

“Шетел азаматының анасы ретінде маған ай сайын 100 доллар, яғни 51 600 теңге береді. Сондай-ақ ұлыма тегін репетитор береді. Ол сабақтан кейін Асанәлімен аптасына үш рет жапон тілін үйретеді. Негізінен мұнда да репетитерлық сабақтар көп болады. Сабақтан кейін оқушылар орталыққа барып, барлық пәндер бойынша дайындалады. Маған ұнағаны жергілікті мектептерде негізгі пән ретінде үй шараушылығы мен көгалдандыру деген пәндерді оқытады. Терезелерінің алдында “дайкон” деп аталатын жапондық шалғам өсіреді. Қыздар да, ұлдар да алма кесіп үйренеді”, – дейді Мадина. 

Отандасымыз жапониялық мектептегі оқушылардың формаларына тоқталды. Мұнда оқушылардың тіпті аяқ киімдері мен шұлықтарына дейін бірдей. 

“Мектеп формасы бәрінде біркелкі. Тіпті шұлық, спорттық аяқ киім мен ауыстырып киетін аяқ киімдеріне дейін бірдей. Жапон оқушылары мектепте ауыстырып киетін аяқ киімді “увабаки” деп атайды. Оларды мектепте жеке шкафтарында қалдырады. Тағы бір артықшылығы мектеп формасы бәріне бірдей және ата-аналар көп шығындалмайды. Бұл ереже әр отбасының әлеуметтік жағдайының айырмашылығы көрінбес үшін енгізілген”, – дейді Мадина.

Сондай-ақ мектепте 2,5 доллар, яғни шамамен 1200 теңге тұратын түскі ас береді. Оған әдетте, күріш, ет қосылған негізгі тамақ және көкөніс немесе бұршақ қосылған жеңіл салаттар, тіскебасарлар кіреді. Мектепте берілетін тамақтар үйлестірілген, көкөністер, ет пен күріш береді. Тамақтарға көбіне шошқа еті қосылған. Сондықтан шошқа еті қосылған тамақтар беретін күні Асанәліге анасы үйден бенто дайындайды. Бірақ, бір қызығы үйден тек нан пен қоспалар, тіпті тұз қосылмаған күріш әкелуге болады. 

Асанәлінің сабаққа барып жүргеніне бірнеше апта болған. Ұлының айтуынша, сыныбында барлығы онымен ашық-жарқын сөйлесіп, тіл табысуға тырысып жүр. Сондай-ақ ол мектептегілер Асанәлінің сымбатты екенін, бойының ұзындығына бола мақтайтынын айтып, таңғалған. 

“Мектепте мұғалімдер оқуда, адамгершілікте оқушыларға еркіндік береді. Оларға адамгершілік қасиеттерге, қоғамда өздерін қалай ұстау керек екенін үйретеді. Мұндағы балалар мектепте бір-бірін күшпен емес, шынай ризашылықпен сыйлауды үйренеді. Жапондық мұғалімдер Асанәліні бірінші күні мектепке апарғанда мұғалімдер кабинетте оны орындарынан тұрып, қошеметпен қарсы алды. Біздің сыныпқа қашан кіретінімізді күтіп тұрған. Кірген бетте иіліп, қол соғып күтіп алды. Олардың сыйластығы көңілімді босатып жіберді”, – дейді кейіпкер.

Мадина Мияке – Астана қаласының тумасы. Қазақстанда жоғары білім алып, осыдан 10 жыл бұрын Жапонияға жапон тілі курстарына оқу үшін келген. Бұған дейін берген сұхбатында Еуразия университетінде ағылшын тілінің аудармашысы мамандығын тәмамдап, ағылшын инженерлік компаниясында жұмыс істеген. Ол жерде 4 жыл еңбек еткен. Алайда өзіне сенімсіз болып, қабілетін толық аша алмадым деген ой мазалаған соң бәрін тастап, Жапонияға кетуге шешім қабылдаған. 6 жыл жапон компаниясында жұмыс істеген. 2018 жылдан бері жапон азаматына тұрмыста. Бұған дейін ұлы Асанәлі Қазақстанда оқыған, биыл күзде Жапонияға көшіп, жергілікті мектепке қабылданды.

Мадина қазір – косметолог. Ол Токиода косметология және эстетика коллджін бітірген. Сондай-ақ күйеуі Тошидің кәсібіне көмектеседі. 

STAN.KZ
Жұма, 05 Желтоқсан, 2025 17:20