"Жобаның құны 92 миллиард теңге": Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылын қайта жөндеуден бас тартылды
Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев бұрын бекітілген жоспар бойынша құны 92 миллиард теңге болатын Нұр-Сұлтандағы Қабанбай батыр даңғылын кеңейту жұмыстарының болмайтынын айтты. Жолды кеңейту үшін жаңа жоба жасалуы керек екенін жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Әзірге жоспарланған нұсқада бойынша жобаны іске асыруға болмайды. Себебі ол кептеліс мәселесін концептуалды түрде шешпейді. Бұл учаскеде машиналар еркін өтуі мүмкін, бірақ даңғылдан әрі қарай бәрібір кептеліс қайта өршуі мүмкін. Біз бұл мәселені басқаша шешер едік", - деді министр.
Министр бұл жобаның тым қымбат екенін мойындады.
"Өйткені қаржылық жағынан ол біз үшін тиімді емес. Сондықтан балама жоспарларды қарау керек. Кез-келген жағдайда бұл мәселені шешу керек. Қабанбай батыр Мәңгілік пен Тұран сынды алуан түрлі ұсыныстар келіп түсуде. Сарапшылардың ұсыныстарды зерделеуіне қарай кез келген жағдайда біз өз жоспарларымызды жария етеміз. Өйткені бізге бұл жолдарды кеңейту бәрібір де қажет",-деп атап өтті Қайырбек Өскенбаев.
Қабанбай батырды реконструкциялау жұмыстары 2019 жылдан басталған болатын. Жол даңғылын сегіз жолақты етіп жасау жоспарланған. 2020 жылы пандемия кезінде Нұр-сұлтан әкімдігі жобаның құны 92 млрд теңгеге бағаланып отырғанын мәлімдеді. Бұл қазақстандықтардың наразылығын тудырды.