Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жобаға қосылғаныма қуанамын": Өскемендік автоеріктілер мұқтаж жандарды қалаған жерлеріне ақысыз көлікпен жеткізіп жүр

Ерікті болу еріккенің ісі емес, ердің ісі. Тіршіліктің қазаны қайнаған шақта уақыт тауып, көмекке мұқтаж жандарға көмектесу кез келген жанның қолынан келе бермейтіні белгілі. Біздің қоғам бұндай жанашыр жандарға құрметпен қарайды. Жуықта еріктіліктің ерекше түрі – автоеріктілермен сұхбат құрған едік. "Өскемен – Асар" жобасы қаладағы мүмкіндігі шектеулі жандарға жанашырлық танытып жүргендеріне төрт жыл болыпты.

"Өскемен-Асар" автоеріктілер жобасы 2018 жылдан бері іске асып келеді. Алғашында бұндай еріктілердің бар екендігін естігенімізде қатты таң қалғанымыз рас. Себебі мүмкіндігі шектеулі жандардың көңілін тауып, діттеген жеріне жеткізу оңай емес. Екіншіден, саны бар, сапасы аз қоғамдық жобалардың көбейіп кеткендігі тағы бар. 
"Өскемен-Асар" автоеріктілер жобасының қолға алынуына қала әкімдігі тікелей мұрындық болыпты. Қазір жобаның операторы міндетін атқарып жүрген Татьяна Дементьеваның айтуынша, игі іске атсалысып, қолдау танытқандар күннен күнге көбейе берген. 

“Жоба жайлы ел-жұртқа естірту үшін бейнероликтер түсіріліп, әлеуметтік желілерге жарияланды. Содан кейін мүмкіндігі шектеулі жандарға көмектескісі келетін көлігі бар азаматтар хабарласа бастады. Жүргізушілер қатары көбейген сайын біз туралы білетіндер саны артты”, – дейді ол. 

Оның айтуынша, жобаға алғашында еріктілер көп келгенімен, кейін қайта кетіп қалыпты.

“Бастапқыда еріктілер айтарлықтай көп жиналды. Бір-екі айдан кейін көбісі қайта кетіп қалды. Шынын айтсақ, қиыншылығына шыдай алмады. Себебі кейбір адамдарды көлікке көтеріп отырғызатын кездер болады. Кейбірінің мінезі ауыр. Біз тек жеткізу жұмысынан тыс, жүріп-тұруына да қолғабыс тигіземіз. Себебі көлігіміз арнайы мүгедек жандарға арналмағандықтан, біраз қиындықтар туындайды”, – дейді жоба мүшесі.

Татьяна Дементьева қазір ұйымда 30-ға жуық автоерікті бар екендігін айтты. Олар өз көліктерімен еш ақысыз тасымалдайды. Тек мүмкіндігі шектеулі жандарды ғана емес, қарт кісілерді, көпбалалы отбасыларды да керек жерлеріне жеткізіп тастайды. 

“Алғашында жоба жайлы естіп, өзім хабарласып, көмек сұрадым. Кейін жобаға қатысып жүрген әйелдер мені өз қатарларына шақырды. Сөйтіп, соңғы 2 жыл бойы оператор болып жүрмін. Осыдан 15 жыл бұрын инсульт алып, содан бері арбаға таңылдым. Хабарласқан азаматтар жайлы мессенджердегі топқа жазамын. Қолы бос жүргізуші сол жаққа қарай жол тартады. Жалпы айтқанда, менің міндетім – көмек сұрайтындар мен еріктілерді байланыстырып отыру”, – дейді Татьяна Дементьева.  

Расымен де мүмкіндігі шектеулі жандардың жүріп-тұру қозғалысы қиын. Тіпті медициналық мекемелерге апарған сайын такси шақырып отыру қалтаға біраз салмақ түсіретіні тағы бар. Ал осы еріктілердің арқасында олар ақшаларын үнемдеп, басқа керек-жарағына, дәрі-дәрмекке жұмсай алады. 

“Ай сайын шамамен 15-20 адамға көмек көрсетіледі. Кейде аз, кейде көбірек. Автоеріктілер демалыс уақытында да қолұшын созуға әзір. Қатарымызда әйелдер де көп. Жалпы кез келген адам қосыла алады. Ниет білдірушілерді жобаға шақырамыз”, - дейді жоба операторы. 

Еріктілер көмекке мұқтаж жандарды тек белгілі бір бағытта ғана тасымалдамайды. Қала ішінде кез келген жерге апарып тастайды. Бірақ іргедегі шағын аудандарға жеткізу жағы қиындау. Автоеріктілерді шақырғысы келген жандар олардың әлеуметтік желілердегі парақшасына жазып немесе телефон арқылы хабарласа алады.             

Еріктілердің бірі – Ольга Миллер. Жобаға атсалысып жүргеніне 3 жылдан асқан. Нәзік жанды болса да, бойындағы таудай төзім мен мейірімділіктің арқасында мұқтаж жандарға қол ұшын созып жүр. Тіпті ол бұл жұмысты өзінің адамдық парызы санайды. 

“Біреуге пайдаңды тигізу, алғысын алу – ерекше сезім. Осы жобаға қосылғаныма қуанамын. Бір мүмкіндігі шектеулі қызды жиі тасымалдаймын. Ол көліктен шығарда маған қарап күлімдейді. Міне, мұның өзі маған зор қуаныш. Кейбірі өзінің басынан өткен жағдайды айтып, сырласады. Тіпті жақын дос болып кеттік. Білгенімді, қолымнан келер көмегімді де аямаймын. Осы орайда қаламыздағы такси жүргізушілерін біздің қатарымызға қосылуға шақырамын!” – дейді ол үндеу тастап.

Еріктілердің жұмысына мұқтаж жандар да дән риза. Қала тұрғыны Ерлан есімді азамат осы жобаның игілігін көріп отыр.

“Аяғым жүруге келмегендіктен өз еркіммен қалаған жеріме жете алмаймын. Еріксіз еріктілердің көмегіне жүгінеміз. Кез келген уақытта жетіп келеді. Осындай мейірімді жандарға алғысым шексіз. Барамын деген жеріме жеткізіп тастайды. Басымызға түскен сынақты барынша жеңілдетуге тырысады дейді”, - дейді ол. 

Айта кетейік, қаламыздағы мүмкіндігі шектеулі жандар "Өскемен-Асар"  автоеріктілерін шақыру үшін +7-747-911-00-11 WhatsАpp нөміріне хабарласуына болады. Сонымен бірге, әркімнің ерікті болуға мүмкіндігі бар. Ол үшін тек бос уақытыңыз және көмектесуге ықыласыңыз болса жеткілікті.

Талқылау