Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Жыр кештері мен поэзия сағаттары: Ақмола облысында Абай күні атап өтілді

Биыл 10 тамызда Абай Құнанбайұлының 177 жылдығы атап өтілді. Еліміздің әр аймағында біртуар ақынның туған күніне орай түрлі шаралар ұйымдастырылып, поэзия кештері өткізілді. Ақмола облысында орталықтандырылған және аудандық кітапханаларда жыр кештері мен поэзия сағаттары ұйымдастырылды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Абай

2022 жылдың 10 тамыз күні М.Жұмабаев атындағы Ақмола облыстық әмбебап ғылыми кітапханасы белгілі ақын, ағартушы, философ, сазгер, аудармашы, саяси қайраткер Абай Құнанбайұлына арналған кітап көрмесін әзірлеп, "Абай әлемі" атты бейнеролик оқырмандар назарына ұсынылды.

Сонымен қатар қазақтың ұлы ақыны, Абай Құнанбаев күнініе орай облыстық мұражайларда "Абайдың әсем әндері", "Абай Құнанбаев –қазақтың ұлы ақыны", "Ұлылардың ұлысы – Абай" атты дәрістер, "Құлақтан кіріп бойды алар" атты кітап көрмесі, "Қазақ халқының Ұлы ұлы" атты әдеби кеш, әдебиет және өнер музейінде Ш.Уәлиханов атындағы КМУ-дің аға оқытушысы, ф.ғ.к., әдебиеттанушы Сәбит Жәмбек және Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, PhD, жазушы, ақын Ерболат Баятұлымен "Абай әлеміне саяхат" атты сұхбат өтті.

Ұлы даланың ұлы перзенті, қазақ әдебиетінің кемеңгері Абай Құнанбаевтың туған күніне орай Абай атындағы аудандық кітапханасында, Абай әдеби орталығында "Абайды оқы, таңырқа..." атты поэзия сағаты өтті. Іс-шара Абай шығармаларын оқу түрінде өтті. Оқырмандар ұлы классиктің өлеңдерін мәнерлеп оқыды.

Новорыбин модельдік ауылдық кітапханасында "Ақын туралы суретімен және сөзімен" панорама-онлайн өткізілді. Келушілер үшін кітап көрмесі дайындалды, онда ақынның шығармалары жазылған әдебиеттер, сондай-ақ атақты суретшілердің жұмыстарындағы Абайдың портреттері бар кітаптар ұсынылды.

Қына ауылдық модельдік кітапханасының кітапханашысы Ю.В.Таженова 6-сынып оқушыларына "Есінде бар ма жас күнім..." әдеби сағат өткізді. Кітапханашы жазушының өмірбаянын айтып, оның шығармаларына шолу жасады, сондай-ақ балалар Ұлы Абайдың өлеңдерін оқыды.

Азат ауылдық кітапханасында "Ұлы Абай-қазақтардың руханияты мен мәдениетінің символы" атты кітап көрме ұйымдастырылды. Көрмеде оқырмандарға оның еңбектері мен шығармалары ұсынылды. "Абайдың ақындық шығармалары" библиографиялық шолу жасалды.

Аршалы орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Қойгелді ауылдық кітапханасында қазақ халқының ұлы ақыны, қара сөздің хас шебері, философ, қазақ әдебиетінің іргетасын  қалаған  алғашқы классигі Абай Құнанбаевқа арналған "Ұлы халықтың Ұлы Абайы" атты кітап көрмесі ұйымдастырылды.

2022 жылдың 10 тамызында Новосельское ауылдық кітапханасында қазақ әдебиетінің ұлы классигі, ақын, ағартушы, сазгер, ойшыл, қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың туған күніне арналған "Мың дана парақ" атты әңгіме ұйымдастырылды. Бұл күні кітапханада ақынның "Жыл мезгілдері", "Махаббат лирикасы" циклінен өлеңдері, сондай-ақ "Сөз кітабынан" оқылған шумақтар шырқалды. 
Сол күні Шуйский ауылдық кітапханасында қазақ әдебиетінің ұлы классигі, ақын, ағартушы, ойшыл, қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың туған күніне арналған "Есімін ұмытпаймыз" атты мәнерлеп оқу сайысы ұйымдастырылды. Бұл күні кітапханада ақынның "Жыл мезгілдері", "Махаббат лирикасы" циклінен өлеңдері, сондай-ақ "Сөз кітабынан" атты кітабынан шумақтар шырқалды.

Ал 18 тамызда Садовый ауылдық кітапханасында Қазақ әдебиетінің ұлы классигі, ақын, ағартушы, ойшылы, қоғам қайраткері Абай Құнанбаевтың 177 жылдығына арналған "Философ және ойшыл" атты әдеби сағат өткізілді.  

Бурабай кентінің үлгілі кітапханасында Абай күніне орай "Ұлы халықтың - ұлы Абайы" атты поэтикалық оқу марафоны өтті. Бұл марафонның мақсаты – Абайдың әдеби мұрасын кеңінен насихаттап, оқырмандардың қызығушылықтарын арттыру.

10 тамызда Бауман ауылдық кітапханасында Абай күніне арналған "Дала ұлы" ақпараттық сағаты өткізілді. Ал орталық модельді кітапхана және модельді балалар кітапханасы бірлесе отырып, Абай күніне орай қалалық 9-сынып оқушылары арасында "Абайды оқы,таңырқа" атты танымдық сағатын ұйымдастырды. Іс-шара барысында Абайдың өмірі, еңбектері, аудармалары мен қара сөздері туралы сөз қозғалды. Жас оқырмандар өздерінің ойларымен бөлісті.

Ауылдық кітапханаларда қазақ даласының аңыз адамы – Абайдың шығармалары бойынша әдеби сағаттар ұйымдастырылды. Іс-шарада бала Абайдан дана Абайға дейінгі өмірлік кезеңдерінің айтулы жарқын сәттері мен биік белестері туралы ақпараттар берілді. Кітап көрмесіне қоса оған жасалған шолудан соң, оқырмандар алған әсерлерімен бөлісті. 

Қорғалжын орталықтандырылған кітапхана жүйесінде Үшсарт ауылының кітапханашысы "Абай жолы" роман эпопеясының 80 жылдығына орай "Қазақтың данасы да, дарасы да – Абай" атты кітап көрмесін ұйымдастырды. Бұл көрмеге Абай жолы романының қазақша және орысша жазылған кітаптары койылып, оқырмандармен таныстырылды.

Facebook әлеуметтік желілерінде орталық аудандық кітапхана "Қара сөздері" атты бейнеролик жариялады, онда Абайдың Қара сөздерінің бірі оқылды. Қара сөздер қазіргі әлемде өте танымал, өйткені олар өзектілігін жоғалтпады. Абай шығармаларын насихаттау мақсатында ролик жарияланды. 

Талқылау