Жыныстық қатынасқа шақырған: Алматыда 19 жастағы жігіт қызды соққыға жықты деп айыпталды
Алматыда 19 жастағы жігіт өзімен жасты қызды қорлап, соққыға жыққан. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Әлеуметтік желіде зорлық-зомбылық құрбаны болды деген қыздың видео хабарламасы пайда болды. Қыздың айтуынша, оқиға 27 қыркүйекке қараған түні қаладағы бильярд клубтарының бірінде болған.
"Мен жұмыста болдым. Бейтаныс ер адам мені жыныстық қатынасқа шақырып, ренжіте бастады. Мен бас тартқаннан кейін ол мені балағаттап, қолымнан ұстай бастады. Ол жұмыс күнінің соңына дейін мені күткен. Таксиге отырғызбай, өзімен бірге баруға мәжбүрледі. Келісім бермегенім үшін тағы ұрды. Мен есеңгіреген күйде полиция шақырдым. Полиция болмаса тіпті қиын болар еді. Мен өмірім үшін қорқамын. Оның шетел азаматы екенін білдім", – деді ол.
Видеода 19 жастағы жігіттің мас күйінде қыздың кеудесінен ұстап, жәбірлегені айтылған.
"Қазіргі уақытта қаланың Түрксіб ауданында тергеу жүріп жатыр. Осы іске жетекшілік ететін қызметкерлер күдіктіге қолдау көрсетіп, көмектесіп жатыр. Ол БАӘ азаматы болғандықтан, жазадан құтылып кетуі мүмкін", – делінген ақпаратта.
Полиция департаменті күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Алайда олар жас жігіттің қай елдің азаматы екені туралы ақпарат бермеді.
"Аталмыш факті Түрксіб аудандық ішкі істер бөліміне ҚК-нің 293-бабының 1-бөлігі "Бұзақылық" бойынша тіркеліп, тергеу амалдары жүргізілуде. 2004 жылы туған A. есімді азамат күдіктелуде.
Бойжеткеннің алған жарақатының ауырлығын анықтау мақсатында сот-медициналық сараптама тағайындалды. Жедел-іздестіру шараларының қорытындысы бойынша процессуалдық шешім қабылданады", - деп хабарлады Алматы полиция департаментінің баспасөз қызметі.