"Жынымды келтірмеңізші": Серік Жұманғарин ресейлік депутаттардың сөзіне қатысты пікір білдірді
Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин Ресей депутаттарының Қазақстанға қатысты сөздерін "бос сандырақ" деп атаған сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеубердіні қолдайтынын жеткізді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Жұманғарин өзінің Facebook парақшасында жазды. Ол министрдің сөзіне толығымен қосылатынын айтты.
"ҚР сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді біздің территориямыздың, шекарамыздың тұтастығына ауызша қол сұғушылық жасаған орыс депутаттары мен саясаттанушыларына дипломатиялық тұрғыдан тарих сабағын берді", - деп жазды Жұманғарин.
Ол сыртқы істер министрінің сөзінен үзінді жариялады.
"Жоғары білімім бар, өз отанымыздың тарихын білетін адам ретінде, мен бұл сөзге орыс тілінде "бос сандырақ" деп жауап берер едім. Сыртқы істер министрі ретінде мен бұл, әрине, Ресей Федерациясының ресми ұстанымына сәйкес келмейтінін айтқым келеді", - деген еді Мұхат Тілеуберді.
Осылайша Жұманғарин өзінің позициясын да білдіріп, ойын жеткізген.
"Бұл қазақ тілінде "жынымды келтірмеңізші" деген мағына береді", - деді Жұманғарин.
Еске салайық, Ресей мемлекеттік думасының білім және ғылым комитетінің төрағасы және "Үлкен ойын" бағдарламасының жүргізушісі Вячеслав Никонов Бірінші арнаның эфирінде «Қазақстан мүлдем болған жоқ, солтүстік Қазақстан біздің жеріміз" деп айтқан болатын.
Никоновтың мәлімдемесіне қатысты сыртқы істер министрлігі мен Ресей Федерациясының уақытша сенімді өкілі Александр Комаров арасында кездесу өтті.
Кейіннен сыртқы істер министрі Мұхтар Тілеуберді жанжалды мәлімдемеге түсініктеме беріп, оны "бос сандырақ" деп атады.