Жылжымайтын мүлік, авто, зергерлік бұйымдар: Сотта Сатыбалдыұлының мүлкіне салынған тыйымды алып тастау сұралды
Астанада Қайрат Сатыбалдыға қатысты негізгі сот процесі жалғасып жатыр. Бүгінгі сот отырысында прокурор мемлекет меншігіне өтетін активтерді бағалау процестерін жүзеге асыруға уақыт сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
видеодан скрин
Прокурор Қайрат Сатыбалды мемлекет меншігіне қайтарамын деген мүлікті бағалауға қосымша уақыт сұрады.
"Сотталушының Қазақстандағы және шетелдердегі активтерін мемлекет меншігіне беру мәселесі қарастырылған. Олар жылжымайтын мүліктер, қымбат көліктер, зергерлік бұйымдар, қолма-қол ақша және коммерциялық жылжымайтын мүліктер", – деді Астана қаласы прокуратурасының басқарма басшысы Елдар Нұрмаханов.
Ол бұл ретте бірқатар шараларды жүзеге асыру керек екенін атап өтті.
"Атап айтқанда шетелдік мүлікті мемлекет меншігіне беру үшін аталған елдердің заңнамасына сәйкес бірқатар құқықтық және ұйымдастырушылық рәсімдерді жүргізу қажет. Сонымен қатар уәкілетті орган аталған активтердің нақты құнын тексеруге міндетті. Ол бірқатар бағалаулар мен сараптамаларды талап етеді. Заңсыз алынған мүлікті қайтару туралы заңға сәйкес, жауапкердің мүлікке иелік ету кезеңінде алған артық кірісін анықтау үшін аудит қажет. Тек осыдан кейін ғана жоғарыда аталған процедураларды орындай отырып, активтерді мемлекетке беруге болады", – деді ол.
Қайрат Сатыбалдыұлының адвокаты Ашурбек Ашурбеков сотталушының мүлкінен тыйым салуды алып тастауды сұрады.
"Бұл механизмді жүзеге асыру барысында мемлекетке қайтаратын мүлікке тыйым салу түріндегі айып тағылғандықтан белгілі бір қиындықтар туындайтынын айтқым келеді. Осыған байланысты мүлікті беруді тезірек және сапалы аяқтау үшін аталған активтерді арестен шығару мәселесі шешілуге тиіс" – деді Қайрат Сатыбалды адвокаты Ашурбек Ашурбеков.
Сот қосымша уақыт берді.
Қайрат Сатыбалдыұлы адвокатымен келісті. Осыған байланысты сот процесі кейінге қалдырылды. Айта кету керек, Қайрат Сатыбалдыұлының өзі сот залында болмаған. Ол процеске онлайн қосылды.
"Процеске қатысушылар мен прокурор шетелдік активтерді қайтару бойынша белгілі бір рәсімдерді орындау және процестік келісімдер жасау үшін белгілі бір уақыт қажет екенін хабарлады. Процеске қатысушылар қосымша уақыт сұрап өтініш білдірді. Сондықтан сот қылмыстық іс жүргізу кодексінің 628-бабының 1-бөлігіне сәйкес іс жүргізу келісімдерін жасасу туралы мәселені шешу үшін тараптарға ақылға қонымды мерзім беруге міндетті. Сондықтан сот отырысы процессуалдық келісім берілгеннен кейін жалғасады", – деді судья Бағлан Ыдырысов.
Сонымен қатар, сотталушының жалпы сомасы 50 млрд теңгеден асатын қосымша мүліктік активтерін мемлекет пайдасына қайтару туралы мәселе қаралып жатыр.
Айта кетсек, Қайрат Сатыбалдыұлына ҚР ҚК 218-бабы 3-бөлігінің 3-тармағы бойынша "Қылмыстық жолмен алынған ақшаны заңдастыру" бойынша айыбы тағылған.
Айыптау қорытындысы бойынша тұңғыш президенттің жиені заңдастырып алған ақша есебінен жылжымалы және жылжымайтын мүлік сатып алған:
- Қазақстанда жалпы сомасы 34 млрд 853 млн 900 мың теңгеге;
- Ресейде 840 572 948 рубльге, ҚР Ұлттық Банкінің бағамы бойынша 4 млрд 202 млн 864 740 теңге;
- Біріккен Араб Әмірліктерінде 162 млн 150 мың дирхамға, яғни 20 млрд 413 млн 63 мың теңгеге;
- Францияда 8 млн 300 мың еуро немесе 4 млрд150 млн теңгеге;
- Түркияда 65 млн 237 мың лира немесе 4 млрд 25 млн 375 451 теңгеге.
Сатып алынған мүліктің жалпы сомасы — 67 млрд 655 млн 203 758 теңге.
"2018 жылдың 1 қаңтары мен 2022 жылдың 10 ақпаны аралығында Қайрат Сатыбалды “Көлік сервис орталығы" активтерін ұрлау, кедендік және бюджетке төленетін өзге де төлемдерден жалтару және “Қазақтелеком" АҚ мүліктік залал келтіру кезінде алынған ақшаны заңды айналымға енгізді ("жылыстатты"). Жалпы сомасы 82 млрд 446 млн 658 мың 785 теңге қаражат жария етілді", – деп нақтылады мемлекеттік айыптаушы.
Еске салайық, 2022 жылдың қыркүйегінде Астана соты бөтеннің сеніп тапсырылған мүлкін аса ірі көлемде ұрлауды ұйымдастырғаны үшін кәсіпкерді мүлкін тәркілеумен алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Сатыбалды "Қазақтелеком" ұлттық байланыс операторына миллиардтаған доллар зиян келтіргені және Көлікке қызмет көрсету орталығынан ақша ұрлағаны үшін кінәлі деп танылды.
Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың немере інісі 2022 жылдан бері құны 732,8 млрд теңге болатын заңсыз активтерді мемлекетке қайтарған.