Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жылу беру толықтай тоқтап қалған жоқ": Смайылов ЖЭО мен жылу желілеріндегі апаттар туралы айтты

Технологиялық ақауларға байланысты инциденттер болып жатыр. Осылай деген үкімет басшысы Әлихан Смайылов елдегі жылу жүйелеріндегі мәселелерге тоқталды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: primeminister.kz

Премьер-министр ауа-райының қолайсыздығынан коммуналдық жүйелерге түсетін жүктеме арта түскенін айтты. 

“Мұндай кезде жылу және энергия объектілерінде штаттан тыс жағдайлар орын алатыны мәлім. Технологиялық ақауларға байланысты инциденттер болып жатыр. Бірақ, жылу беру толықтай тоқтап қалған жоқ. Бұзылған учаскелерді нормативтік мерзімде қалпына келтіру бойынша шұғыл шаралар қабылданды”, – деді премьер-министр.

Смайылов әкімдіктер тіршілікті қамтамасыз ететін барлық жүйелердің жұмысын ерекше бақылауда ұстау қажеттігін айтты.

“Авариялар болған жағдайда барынша шұғыл әрекет етіп, тиісті шаралар қабылдау керек. Халыққа нақты жағдай туралы, жөндеу жұмыстары мен жоспарлы жұмыстар туралы дер кезінде, объективті әрі түсінікті ақпарат беру – маңызды мәселе. Әйтпесе, өтірік ақпарат пен фейк тарап кетеді”, – дейді Смайылов.

Үкімет басшысы энергетика, өнеркәсіп министрліктері, өңір әкімдіктері мен энергия объектілерінің иелеріне тапсырма жүктеді.

"Қазақстан темір жолы" және "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниялары бірінші кезекте жылу станциялары мен қазандықтарға отынның уақтылы жеткізілуін қамтамасыз етуі қажет. Өңір әкімдіктері жылу объектілерінің иелерімен бірге тұрақты жұмыс істейтін жөндеу бригадаларының болуын, шұғыл жөндеу жұмыстары қажет болған жағдайда қосалқы бөлшектердің әзір тұруын қамтамасыз етуі керек. Қысқы жылыту маусымының тұрақты өтуі әрбір өңір әкімінің жеке бақылауында болуы тиіс", - деді ол.
 

Талқылау