Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Мақсат – су тасқынын алдын алу": Атырауда 220 миллион текше метрлік су қоймасы салынбақ

Былтыр Атырау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы мен "Қазгипроводхоз институты" ЖШС келісімге отырды. Оған сәйкес, Құлсары қаласынан 60 шақырым қашықта су қоймасын салу туралы технико-экономикалық негіздеме талқыланды. Мұндағы басты мақсат – өңірдегі су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және Жем өзеніндегі су тасқынын алдын алу. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Ақ Жайыққа сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: Ru.freepik.com

Жылыой ауданының әкімшілік орталығы – Құлсары қаласынан 60 шақырым қашықтықта су қоймасы салынбақ. Жиынға қатысушылар су қоймасының технико-экономикалық негіздемесінің үш нұсқасымен танысып, өз ұсыныстарын білдірді. Нәтижесінде сыйымдылығы 220 миллион текше метрлік су қоймасы таңдалды.

“Жылыой ауданында су қоймасын салу мәселесі Кеңес одағы кезінде де көтерілген. Қазір оның тиімділігі талқыланып жатыр. Болашақта бұл су қоймасы Құлсары қаласы мен оған іргелес аумақтарда мал шаруашылығы және егіншілікпен айналысатын шаруа қожалықтарының суару мәселесін шешуге тиіс. Алдағы уақытта нақты ұсыныстарға негізделген технико-экономикалық негіздеме бойынша жобалық-сметалық құжаттама әзірленеді”, – деді Табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Қалиева. 



Басқарма болашақта су қоймасы өңірдегі экологиялық және экономикалық тұрақтылықты, сондай-ақ ауданның су қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды инфрақұрылымдық нысанға айналады деп уәде беріп отыр.

Бұған дейін бірнеше облыста су деңгейі көтеріліп, су басу қаупі төнген еді. 

Талқылау